Тәуелсіз еліміздің валютасы – теңгенің айналымға қосылып, қолданыла бастағанына, міне, 31 жыл толғалы тұр. Сонау ел тарихындағы жауапты тұста – төл теңгемізді айналымға енгізу ісінің қиын-қыстау кезеңінде осы істің басы-қасында болған Ұлттық Банктің Көкшетау облыстық басқармасының бастығы Асылхан Зейноллаұлы Оспанов туралы сөз қозғамақпыз.
Асылхан Зейноллаұлы банк филиалының басшысы қызметін мінсіз атқарған уақытында әріптестерінің арасында да, көкшеліктер арасында да бедел мен құрметке ие болды. Өз ісінің білгірі, бар өмірін қаржы жұмысына арнаған, өз мекемесінің жұмысын үлгілі ұйымдастыруға ұмтылған, өз өлкесінің дамуы, өркендеуі үшін бар күш-жігерін жұмсаған басшы, Көкшетау қаласын дамыту ісіне де үлкен үлесін қосқан мінсіз, абыройлы азамат. Асылхан Оспанов 1950 жылы 1 қаңтарда Омбы облысының Шарбақкөл ауданындағы Шақат ауылында дүниеге келген. 1956-1960 жылдары Шақат ауылдық бастауыш мектебінде, 1960-1965 жылдары Көкшетау облысы Еңбекшілер ауданындағы Ақсу ауылдық Кеңесінің Жаңауыл ауылындағы Аманкелді сегіз жылдық мектебінде оқыды. 1965-1967 жылдары 10-жылдық мектепті Степняк қаласында бітіреді. 1981 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдайды.
–Ұлттық Банктің Көкшетау облыстық басқармасын 1992 жылдың сәуір айынан бастап, 1997 жылдың шілдесіне дейін басқару бақытына ие болғанымды мен өз өмірімнің ең бір ұмытылмас кезеңі деп санаймын. Өйткені, туған елімнің тәуелсіздігінің таңы атып, сол тәуелсіздікке байланысты туындаған істерді атқарудың бел ортасында жүрдім. Қазақ елінің төл теңгесін енгізу сияқты тарихи ұлы бір істі Көкшетау сияқты қасиетті жерде жүзеге асыруға басшылық жасап, атсалысқанымды өзім ғана емес, менің ұрпақтарым да мақтаныш етіп жүрсе деймін, – дейді өз сөзінде Асылхан Зейноллаұлы.
Қазақстандағы банк жүйесін реформалау кезеңінде Асылхан Зейноллаұлының басшылығымен Көкшетау облысы және Көкшетау қаласының банк жүйесі одан әрі дами түсті. Ол болашағынан үміт күттіретін мамандарды қолдап, жергілікті кәсіби қызметкерлерді жұмысқа тартуға үлкен көңіл бөлді. Көптеген екінші деңгейлі банк филиалдары мен мамандары өздерінің табысты кәсіби жолдарын Асылхан Зейноллаұлының қолдауы нәтижесінде бастады.
Қазақстан Республикасының қалыптасуының айқындаушы кезеңдерінің бірі мемлекетке экономикалық тұтастық әкелген және өздігінен ақша-кредиттік саясатты жүзеге асыруға мүмкіндік берген Ұлттық валюта – Теңгенің енгізілуі болды. Асылхан Зейноллаұлының басшылығымен 1993 жылдың 15-17 қараша аралығында Ұлттық Банктің Көкшетау облыстық басқармасында 1961-1992 жылдар үлгісіндегі банкноттар ауыстырылып, айналымға ұлттық валютаның шығарылуы қамтамасыз етілді.
Бүгінгі күнде де Асылхан Зейноллұлы өзінің өмірлік ұстанымына адал. Жылдар бойы келешек ұрпақтарға арнап біздің өлкедегі банк жүйесінің құрылуы мен дамуы тарихы мұражайын ұйымдастыруды жоспарлаған еді. Оның бастамасы бойынша 2004 жылы Ұлттық валюта – Теңгенің енгізілген күніне орайластырылып, салтанатты жағдайда банк жүйесінің қалыптасуы мен дамуына арналған сол қалалық мұражай ашылды.
–Жасыратыны жоқ, біздің банк саласының ұлттық кадрларды осы тәуелсіздіктің арқасында еркін бір тыныс алды. Өйткені, бұған дейін банк және жалпы, қаржы саласында ұлттық кадрлар тым аз болатын. Бұл салада қызмет істеп жүргендердің өздеріне көп сенім көрсетіле бермейтін. Қаншама білімді, іскер, қаншама ұқыпты әрі жауапты болғанымен, талай рет дұрыс қызметке, небір тиісті басшылыққа қолдары жетпей жүрді. Сол әділетсіздіктерді көріп те, соның зардабын тартып та жүрдік. Жетпісінші жылдары Көкшетау облысының Ленинград аудандық қаржы бөлімінде инспектор болып жүргенімде, басшымыздың қызметке келуге ниет білдірген талай бір жап-жас қазақ қыздарына: – Әуелі дәрігерден екіқабат еместігің жөнінде анықтама әкел, – деп жерге қаратқанын да естіп, шыр-пырым шығып, араша түсетінмін. Онан кейін, сексеніншы жылдары облыстық кеңсе бастығының орынбасары болып жүргенімде, ұлты басқа бастығымның, қызметтік көлігіне отырғызбақ түгілі, қолымды тигізгісі келмеген өктемдігіне де төтеп беруге тура келген кезеңдер де аз болмаған. Сондай бір әділетсіздіктерді көре жүріп, қолым бір лауазымға жете қалса, ең әуелі өз ұлтымның кадрларын көбейтер едім, соларды тәрбиелер едім деп ойлайтынмын. Кейін өз ұлтыма деген жанашыр көңілімнің осы бір ниетін жүзеге асырудың да сәті түскен еді. 1992 жылдың 24 сәуірінен Ұлттық Банктің Көкшетау облыстық басқармасына бастық болып тағайындалған күннен бастап, облыстың банк жүйелеріндегі ұлттық кадрлардың өсуіне, тұрақтап жұмыс істеулеріне жағдай жасауға тырыстым. Білімі мен тәжірибесі жеткілікті деген қазақ азаматтарын басшылық қызметке тарттым. Басқа да жауапты істерге тартылғандары аз болмады. Шүкір, солардың бәрі де егемен еліміздің банк және қаржы жүйелерінде абыройлы қызмет жасады. Бүгінгі күні бізден кейінгі қаулап өсіп келе жатқан талапты да талантты ұлдарымыз бен қыздарымызды көріп қуанасың. Олар компьютерді жетік меңгерген, әлемдік банк жүйелерінің іс-әрекеттеріне де ден қоя біледі. Бір сөзбен айтқанда, нарықтық экономика жағдайындағы банк ісін жүргізіп, басқарып қана қоймай, оны өркениетті елдердің деңгейінде жүргізе алатын сауатты да білімді жастарымыздың қазіргі таңда бар екеніне қатты қуанамын. Тәуелсіз еліміздің ендігі тірегі – сол жастар аман болғай деп тілеймін, – дейді Асылхан аға өз өмірінің кейбір сәттерін еске алып.
Өзінің қиын да маңызды жұмысына берілген бұл адамның туған қаласына сіңірген еңбегі зор. Көптеген әріптестері – қазіргі басшылар мен ақ шашты банк жүйесінің ардагерлері, қала тұрғындары оны ақ пейілді, жаны таза, адал жан ретінде бағалайды. Бұл кісіден ақыл-кеңес сұрап, жастар да, кәрілер де, достары мен таныстары да, сонымен қатар, қол астында жұмыс істеген қызметкерлері де келеді. Ол шен-шекпеніне қарамай, келген адамдардың барлығына дәлелді және ұтымды жол сілтеп жібереді.
Мерекелік іс-шараларға, балалар мен қарт адамдарға деген қамқор көңілі, материалдық көмегі мен моральдық қолдауы үшін облыс және қала әкімінен, балалар үйлерінен, қарттар үйі мен Қызыл жарты ай және қызыл крест қоғамдарынан, банк жүйесінің зейнеткерлерінен, зағиптар мен саңыраулар қоғамынан ондаған алғыс хаты бар.
Мемлекетке сіңірген еңбегі және кәсіби қызметінде жеткен үлкен жетістіктері үшін оның аты біздің мемлекетіміздің құрмет кітаптарына енгізілген. Асылхан Зейноллаұлы 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеген, 8 немересі бар қамқор әке, үлгілі отбасы иесі екенін де айта өткен дұрыс.
Бұл кісі әрқашанда өз қаласының патриоты болып қала бермек. «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарына қоса, мемлекетке сіңірген еңбегі және белсенді қоғамдық қызметі мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақтан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен және тағы басқа медальдармен марапатталған.
–Ел тәуелсіздігінің айшықты бір белгісіндей болып саналатын Ұлттық валюта – Теңгеміздің айналымға енген 31-ші жылы құтты болсын! Қаржы саласының барлық қызметкерлерін Қазақстан Республикасының Теңге күнімен және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ұлттық валюта ретінде теңге мемлекетіміздің тарихында маңызды рөл атқарады. Тәуелсіздік туы астындағы 33 жыл ішінде мемлекетіміз дамудың талай белесін артқа тастап, қиындықтарды жеңіп, жылдан-жылға ілгерілеп келеді. Дәл осындай өзгерістер мен күрделі сынақтарды теңге де басынан өткерді. Осындай өткелең кезеңде қаржыгерлер еліміздің қаржы-қаражат саясатын іске асыруда ел игілігі үшін тер төгіп, аянбай қызмет етіп келеді. Сол себепті бұл күн мен үшін аса маңызды, айрықша қадірлі күн. Осындай айтулы мереке күні барша қаржы жүйесі қызметкерлеріне отбасында амандық, дендеріне саулық, еңбектеріне табыс, істеріне сәттілік тілеймін, – деп түйіндеді өз сөзін Асылхан Зейноллаұлы.
Иә, бұл – төл теңгеміздің игілігі үшін көп жұмыс атқарған абзал ел ағасының жүрекжарды адал сөзі!
Салтанат ҚАЛҚАМАНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.