Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі еңбеккерлердің қашан да болсын, жалпыхалықтық құрметте екендіктері жұртшылыққа жақсы белгілі. Аталған саланың өкілдерін әрдайым жерге деген сүйіспеншілік, өз мамандығына шексіз берілгендік, міндетіне адалдығы ерекшелендіріп отыратыны да ақиқат. Сондықтан да, оларды еліміздің асыраушысы деп атап келді, әлі де атауда, себебі, олардың еңбек нәтижесін әр тұрғын күн сайын пайдалануда.
Осындай еңбеккерлердің бірі – Зеренді өңіріндегі Серафимовка елді мекенінің тумасы, «Жайсаң» шаруа қожалығының басшысы Ербатыр Бекқожин. Ербатырдың өмірбаяны көптеген қатарластары сынды әдеттегідей, орта мектептен соң Шағалалы ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, агроном мамандығын алудан басталды. Көптеген жылдар бойы Мәлік Ғабдуллин атындағы кеңшардың Серафимовка бөлімшесінің трактор-егіс бригадасында агроном-есепші болып қызмет атқарды.
–1998 жылы нарықтық қатынастар пайда болып, елімізде көптеген өзгерістер орын алып, кеңшарлар жабылып, жаңа шаруашылық жүргізуші құрылымдар пайда бола бастағанда өз ісімді, нақтырақ айтқанда, шаруа қожалығын ашуға шешім қабылдадым. Басында қиындықтардың аса көп болғанын жасыра алмаймын. Жеке шаруашылық жүргізу тәжірибесінің жоқтығы былай тұрсын, қажетті қаражат та, материалдық жағдай да жоқ болатын. Осы кезеңде біздің отбасымызда 50 гектар жыртылатын және 25 гектар жайылымдық жер, техникалардан ескі «Енисей» маркалы комбайн, МТЗ-80 тракторы ғана болды. Кейіннен кеңшардан еңбекақы есебінен ДТ-75 тракторын алдық.
Көптеген қиындықтармен аталған алқаптарға бидай, арпа дақылдарын сеуіп, уақытылы жинап, көңіл көншітерлік өнім алдық. Әрі қарай барлық агротехникалық шаралардың қатаң орындалуының арқасында гектар өнімділігі 12 центнерден төмендеген жоқ. 30 центнерден алған рекордтық жылдар да болды. Осылайша күндер, айлар жылдар өтіп жатты. Біртіндеп қарыздардан құтылдық, шаруашылығымыздың материалдық-техникалық әлеуетін нығайттық. Үнемделген қаражатымызға иесіз, ескі нысандарды сатып алып, машина-трактор шеберханасына, астық қоймасына жабдықтадық. Қазір үш «Вектор» комбайнымыз, «Морис» егін себу кешенді «Бюлер» тракторымыз, төрт егін себу агрегатымен жабдықталған К-700 тракторымыз, төрт МТЗ-82 тракторымыз, тиегішті екі ЮТО Қытай тракторы, «CLASS-340 POLLAND» мал азығын дайындайтын агрегатымыз бар, ал, арнайы атжалға түсіру агрегаты облыс көлемінде ешкімде жоқ деп сеніммен айта аламын. Маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарын атқару барысында өз қызметтерін ауылымызда жүзеге асыратын «Бекқожа» шаруа қожалығы және «Дүйсенби қажы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Бүгінде жыртылатын, жайылымдар мен шабындықтарды қоса алғанда 2400 гектар жеріміз бар. Биылғы орақ науқанын ойдағыдай аяқтадық. Алынған өнімдерімізді өткізіп, шаруашылығымызда жер үлестері бар 30-дан аса тұрғындарға дивидент төледік. Олар үлестерін өз қалауларынша мал азығы түрінде немесе ақшалай алды. Әрқайсысының үйіне қажеттіліктеріне қарай тегін сабан тасып бердік.
Егістік алқаптарындағы науқандарға Көкшетау қаласынан, Зеренді және Қанай би ауылдарынан маусымдық негізде жұмысшылар тартамыз. Биылғы жылдың егін орып, жинап алу науқанына қатысқан 3 комбайншы 18 жұмыс күні ішінде 900 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін, ал, 3 тракторшы 700 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін еңбекақы алды.
Уақыт өте, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары туралы мемлекеттік саясаттың талаптарын ескеріп, мал шаруашылығымен де айналыса бастадық. Бұрын мал ұсталған ескі жайларды сатып алып, етті бағыттағы Герефорд тұқымды ірі мүйізді қара малдарды әкелдік. Олардың орташа жылдық саны 70 бас. Төлдерін сатамыз. 100 бас жылқы, ішкі қажеттілігімізге қой түлігін өсіреміз. Барлық талаптарға сәйкес келетін мал сою цехын салдық. Барлық жоспарлы ветеринарлық және алдын алу шаралары уақытылы жүргізіледі. Берік мал азығы базасын қалыптастырдық. Көпжылдық шөптер өсірудеміз. Біздің алқаптарымызда С.Сәдуақасов атындағы Көкшетау агротехникалық институтының ғалымдары жаңа препараттарды сынақтан өткізу, қолдану арқылы шабындық жерлердің сапасын жақсарту бойынша тәжірибелер жүргізуде.
Малдарға күтім жасайтын алты жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, ай сайын уақытында 150 мың теңге еңбекақы алады. Барлық жұмыс үдерістері автоматтандырылған. Олардан бөлек қоймаларда екі адам жыл бойғы жұмыспен қамтылған.
Шаруашылығымызда жұмысшылар үшін асхана салдық, тұрақты жұмысқа аспазшы алдық. Негізгі қызметімізден тыс округімізде, аудан көлемінде өтетін мерекелік, басқа да шараларға демеушілік қолдау көрсетеміз, Зеренді ауылындағы орталық мешітке, Көкшетау қаласындағы медресеге де қол ұшын береміз. Жергілікті атқарушы органмен өзара меморандум жасасып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберіндегі міндеттемелерімізді берік ұстанамыз. Серафимовка-М.Ғабдуллин ауылдарын байланыстыратын автокөлік жолының қысқы кезеңде қалыпты жағдайда ұсталуы да біздің мойнымызда, – дейді бізге берген шағын сұхбатында Ербатыр Есентайұлы.
Әңгімеміздің соңына қарай кейіпкеріміздің ел игілігі жолындағы ерен еңбегі үшін мемлекеттік наградалармен, атап айтқанда, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, бірнеше медальдармен және басқа да көптеген әр деңгейдегі Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен аталып өтілгенінен хабардар болдық.
Ербатыр Есентайұлының аграрлық сектордың тәжірибелі маманы ғана емес, жан жары Маржангүл Советқызымен бүгінде қоғам мүддесі үшін еңбек етіп жүрген ұлы мен қызын өсіріп, жеткізген үлгілі отбасының қадірменді отағасы екенін де атап өткіміз келеді.
Шағын мақаланың соңында ауыл шаруашылығы майталманына мазмұнды ойымен бөліскені үшін алғыс сезімімді білдіріп, алдағы еңбек жолына толымды табыстар тілейміз!
Қайрат ҚАЗИЯКПАРОВ.
Зеренді ауданы.