Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов прокуратура қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеп, прокурорлардың заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясына сәйкес, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің 1991 жылғы 6 желтоқсандағы Қаулысымен еліміздің тәуелсіз прокуратура органдары құрылған болатын. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2004 жылғы 25 ақпандағы бұйрығымен 6 желтоқсан жыл сайын Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылған күні ретінде атап өтіледі.
Биыл Прокуратура күніне арналған салтанатты шара облыс орталығы Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайында өтті. Іс-шараға прокуратура органдарының қызметкерлері мен ардагерлері, мемлекеттік органдар басшылары мен қоғамдық жұртшылық өкілдері қатысты.
– Еліміздің прокуратура органдары заңның орындалуына, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауға, мемлекет мүддесін мүлтіксіз сақтауға прокурорлық ықпал етіп, қадағалауды тиісті деңгейде жүзеге асырып жатыр. Прокуратура органдары әрқашан құқықтық тәртіп жүйесінің маңызды буыны болып қала бермекші. Қоғамымыздағы әділдік пен заңдылық сіздердің принципшілдіктеріңізге, жауапкершіліктеріңізге және кәсібиліктеріңізге байланысты. Баршаңызды осы айтулы күнмен құттықтай отырып, халық, мемлекет игілігі мен заңдылық жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін, – деп атап өтті өз құттықтау сөзінде Марат Ахметжанов.
Салтанатты шара барысында құқықтық жүйені дамытуға және заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін прокуратураның үздік қызметкерлері марапатталды. Оларға «С.К.Нұрмағамбетовке 100 жыл» медалі, «Прокуратураның құрметті қызметкері» және «Прокуратура үздігі» төсбелгілері, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының Құрмет грамоталары мен Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.
Салтанатты шара Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы әртістерінің концерттік бағдарламасына ұласты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.