Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Биыл Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, қоғам қайраткері, Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Бүркітбай Мәсіпұлы Батырхановтың туғанына 100 жыл толды. Бейбіт заманда жайлы өмір сүріп жатқанымыз Бүркітбай ата сияқты көптеген майдангерлеріміздің арқасы. Сұрапыл соғыс жылдары қаншама жерлестеріміз қан майданға аттанып, жан аянбай, біздің бақытты болшашағымыз үшін зұлым жаумен күресті. Сол батыр ағаларымыздың ерліктері бізге үлгі-өнеге, ол кісілердің ерен істерін бүгінгі ұрпақ, біз ешқашан ұмытпаймыз.
Енді Бүркітбай Мәсіпұлының өмірбаянына қысқаша тоқтала кетсем, ол кісі 1924 жылғы 1 желтоқсанда Көкшетау уезі, Айыртау ауданындағы Ботай ауылында дүниеге келген. Арғы атасы Қалқаш батыр, өз әкесі Мәсіп ат бапкері, әйдік саятшы, сөзге ұста, ақыл-парасаты мол, ақылман ақсақал болған екен.
Бүркітбай Мәсіпұлы 1941 жылы Көкшетау педучилищесін бітіріп, Бірлестік толық емес мектебінде мұғалім болып қызмет атқарады. 1942 жылдың тамызында Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Түрікмен ССР-і Чарджоу қаласына ауыстырылған Орел әскери-техникалық училищесінің курсанты болды. Училищені бітіргеннен кейін аға сержант атағын алып, барлық курсанттармен бірге, елімізді неміс-фашист басқыншыларынан азат ету үшін майданға аттанды. 1943 жылдың жазында Кеңес әскерлерінің жазғы шабуылымен сәйкес келген Орел-Курск түбіндегі шайқасқа қатысып, осы бағытта 250 атқыштар дивизиясы 916 атқыштар полкінің құрамында бөлімше командирі ретінде басынан сан қилы жағдайларды өткізді. 27 шілдеде Орел қаласының түбінде жараланды. Эвакогоспитальда емделгеннен кейін тағы да Одесса әскери техникалық училищесіне оқуға жіберілді. 1944 жылы училищені бітіріп, лейтенант атағымен 4-ші Украина майданы, 10-шы гвардиялық механикаландырылған дивизияның 38-ші гвардиялық механикаландырылған полкінің құрамында тағы да ұрысқа кірді. Миномет взводының командирі болып, осы бөлім құрамында Батыс Украина, Польша, Чехославакияны зұлым жаудан азат етті. Жеңіс күнін Чехословакияның Пардубица қаласында қарсы алды. Бұл қала Прага қаласына жақын орналасқан.
Майдандағы ерлігі үшін 1-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Әскер қатарынан 1946 жылы елге оралды. Әскери атағы – отставкадағы подполковник.
Осыдан кейін ол кісінің бейбіт өмірдегі еңбек жолы әрі жалғасты. 1946 жылы Айыртау аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, екінші хатшысы болып істеді. 1949 жылғы наурызда Көкшетау облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөліміне нұсқаушы болып тағайындалды. Одан әрі Алматы партия мектебін үздік бітіріп, Көкшетау облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары болды. 1953-1957 жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Қызылту аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып істеді.
КПСС Орталығы Комитетінің жоғарғы партия мектебін бітіргеннен кейін обкомда айрықша бөлімнің меңгерушісі болып бекітілді. Осы бөлімді 20 жыл басқарып, зейнетке шықты.
Бүркітбай Мәсіпұлының ел игілігі үшін лауазымды қызметтерде болған жылдары мәдениет саласына қосқан жеке үлесі үшін «Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» атағы бар. Бірнеше шақырылым бойынша халық депутаттары облыстық Кеңесіне депутат болып сайланды. Көкшетау облысы партия конференцияларына делегат болып қатысып, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалімен, екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Советінің құрмет грамотасымен марапатталды. Зейнетке шыққаннан кейін облыстық атқару комитетінің мобилизациялық жұмыс жөніндегі аға референті болып істеп, әскери комиссариаттар мен облыстық азаматтық қорғаныс мәселелеріне ат салысты.
Бүркітбай Мәсіпұлы көрнекті мемлекет және партия қайраткерлері, қазақтың жайсаң, нар тұлғалы ойшыл азаматтарымен бірге еңбек еткен. Солардың ішінде Бәйкен Әшімұлы Әшімов, Еркін Нұржанұлы Әуелбеков, Мақтай Рамазанұлы Сағдиев, Оразбек Сұлтанұлы Қуанышев секілді үлкен тұлғалар бар. Солармен бірге көрікті Көкшетау облысы мен қаласын көркейтіп, экономикасын дамытып, мәдениетін көтеру ісіне сүбелі үлес қосқан.
Бүркітбай Мәсіпұлы аяулы жары Күлнәрай Тақанқызымен төрт бала тәрбиелеп өсірді. Ол балалары кейін өзі сияқты ел білетін іргелі азаматтарға айналды. Атамыз төрт баласынан немере, шөбере сүйіп, бір кезде өзі қорғаған бейбіт өмірдің қызығын көріп кетті.
Ақмола облысының мемлекеттік архивінде Бүркітбай атамыздың жеке қоры бар (АОМА. Қ.1589). Оған құжаттарды кезінде өзі тапсырды. Тізім бойынша сол құжаттардың ішінде Бүркітбай Мәсіпұлының өмірбаяны, еңбек кітапшасы, партия билеті, өз атына алған құттықтау хаттар, берген сұхбаттары, қызметтік және қоғамдық жұмысы жайлы құжаттар, ордендері мен медальдарының куәліктері, құрмет грамоталары бар. Бүркітбай Мәсіпұлының жеке және топталып түскен фотосуреттері де ардагер ағамыздың өзіндей әсер етеді.
Ақмола облысының мемлекеттік архивінде 2024 жылғы 27 қарашада қоғам қайраткері, одақтық дәрежедегі дербес зейнеткер, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Батырханов Бүркітбай Мәсіпұлының 100 жылдығына арналған «Ғибратты ғұмыр» атты фотоқұжаттар көрмесі өтті. Аталмыш іс-шараға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының курсанттары және БАҚ өкілдері шақырылды.
Бұл жиынның мақсаты архив құжаттары арқылы туған халқының үмітін ақтаған Көкшенің текті азаматының өмір, еңбек және майдан жолдарын таныстыра отырып, өскелең ұрпақтың туған жерге деген патриоттық сезімін қалыптастыру болып табылады. Өйткені, Бүркітбай Мәсіпұлындай ел ардағынан үйренер өнеге аз емес. Сол өнеге, асыл ағаларымыздың азаматтық абзал қасиеттері тәуелсіз еліміздің ертеңгі үміті мен тірегі саналатын жас ұрпаққа да молынан дарысын делік.
Әсем ӘЛДИБЕКОВА,
Ақмола облысының мемлекеттік архивінің
ақпараттық-ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі.