Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ескерткіш тақта елдіктің көрінісіне айналды - АРҚА АЖАРЫ

Ескерткіш тақта елдіктің көрінісіне айналды

Таяуда Ерейментау ауданында жаңадан ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде боз кілемнің төресі атанған, ауданымыздың мақтанышы, самбо күресінен КСРО-ның спорт шебері Рүстем Нұрмұхамбетұлы Ыбыраевтың құрметіне арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты болып өтті.

Ашылу салтанатына орай, өңіріміздің жас өрендерінің қатысуымен спорттың дзюдо, футзал және жүзу түрлері бойынша облыстық турнир ұйымдастырылды. Спорт жарысына Ерейментау, Аршалы, Целиноград, Қорғалжын аудандары мен Қосшы, Степногорск, Көкшетау және Астана қалаларынан келген жас спортшылар қатысып, өзара бақ сынасты. Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрлан Мұқатов, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, Рүстем Ыбыраевтың шәкірттері мен туған-туыс, жаншырлары қатысты.

Өз басым Рүстем Нұрмұхамедұлына ескерткіш тақта орнатылғаны туралы хабарды естіген сәтте, қуанып қалдым. Себебі, кезінде Ерейментау орта мектебінде Рүстемге ұстаз болып, тәлім-тәрбие берген мен үшін бұл үлкен мерей еді. Ол өзінің қысқа өмірінде Ереймен елінің намысын жықпай, жауырыны жерге тимей кеткен атақты балуан болатын. Жастайынан өжет, алғыр,  намысты бала еді. Жастық шағында КСРО-ның құрама командасында  болуының өзі үлкен еселі еңбегінің жемісі екендігі анық. Ол кезде КСРО спорт шебері атану оңай-оспақ шаруа еместігін де көпшілік жақсы біледі.

Рүстем бала кезден күрес өнеріне жақын болды, оның әдіс-тәсілдерін бойына сіңіріп, жаттығу сабақтарында уақытпен санаспай,  жалықпай еңбектене білді. Бұл Нұрмұхамедке ерте қайтыс болып кеткен әкесінен дарыған мінез болатын. Сол кезде 6-шы сыныпта ғана оқитын ол інісі Батталмен анасына пана болып, үй шаруасын айнадай қылып, сабақтарын ақсатпай, өздеріне бұйырған өмірдің қиындықтарын қайсарлықпен, жауапкершілікпен жеңе білді. Нәтижесінде бүкіл елдің сүйіспеншілігіне бөленіп, «Біздің Рүстем» деген ардақты атты арқалап, күрес өнерінде КСРО-ға танымал балуан болды. Бүгінде Рүстем Ыбыраевтың спортқа қосқан үлестерін шәкірттері мақтанышпен айтады. Өйткені, оның самбо күресіне сіңірген еңбегі ауқымды. Ең алдымен боз кілемдегі спорттық мансабын тоқтатқан соң, Ақмола облысында самбо федерациясын ұйымдастырды. Онан соң облыстық құрама қомандаға аға бапкер болды. Сонымен қатар, өзі шәкірттерді баптап, бұл жаттығуларға қос ұлын Дінмұхамед пен  Мұхамедрахимді де қосты. Осы таңда Рүстем тәрбиелеген жастар әлемнің бірнеше дүркін чемпиондары, Азия және Қазақстанның бірнеше мәрте жеңімпаздары болды. Солардың ішінде Т.Имашев, М.Таханов, Ә. Тоққожынов, Р.Құрманғалиев өздері де бапкерінен үлгі алып, жаттықтырушы болып қызмет етуде. Тіпті, өмірін қиған жол апаты кезінде ажалдан тартынбай, өзінің емес, өзге жандардың өмірін сақтап қалу жолында батырлық танытуы оның адал жүректі, адал тілекті қайсарлығының белгісі емес пе? Біздің Рүстем осындай жүрегі кең, батыр адам еді!..

Сондықтан да,  бұл іс-шараға жан-жақтан ағылған халық көп болды. Ақмола облысының әр ауданынан келген жас жеткіншек балуандар командалары сап түзеп тұрғанда, музыка әуенімен спорт ғимаратының қабырғасында ақ жамылғымен көмкерілген тақтаны  аудан әкімі Нұрлан Мұқатов пен Рүстемнің ағасы, Ерейментау ауданының құрметті азаматы Талғатбек Жанайдарұлы  ашты. Бұл ел күткен әділетті шараның іске асуы көпшілікті толғандырды деп ойлаймын. Өз сөзінде Талғатбек  ағамыз:

– Көңілімде өшпес із қалдырған ең аяулы жан Рүстем інім еді. Ол үлкенге де, кішіге де иіліп, үлкен жүрегінен орын беріп тұратын асыл мінезімен халықтың сыйлы азаматы болды. Ал, күрес өнерінде өзінің қайсарлығымен, намысқойлығымен, алдына жан салмай КСРО құрама командасының белді мүшесі бола білді. Бертіндері Ақмола облысында, Ереймен жерінде күрес өнерін дамытуға мол үлес қосты. Сондықтан, осындай ауқымды іс-шараны өткізіп отырған аудан әкіміне, мәслихат хатшысына, аудандық спорт комитетіне, сонымен қатар, Ақмола облыстық әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Ардақ Болатұлына айтар алғысым шексіз, – деп ағынан жарылды.

Іс-шара үлкен деңгейде өтті, халық өз асылын бір сәт еске алып, жан-жақтан жиналған арнайы қонақтармен бірге, спортшы балалардың да өз өнерлерін таразыға салып, татами үстінде күресіп жатқан ойынын тамашалады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері және бапкерлері арнайы сыйлықтармен марапатталды. Осылайша өзін ұмытпай, құрметпен еске алып жатқан жерлестерінің білгендігімен белгілі балуан аруағы бір аунап түсті.

Манап ӘДРЕШЕВ,
Ерейментау ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз.

 Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар