Қытымыр қыс мінездеріне дайын болуымыз керек

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасарының міндетін атқарушы Дулат Қайыртаев журналистермен брифинг өткізді.

Баспасөз мәслихаты қыс айларындағы ауа райына байланысты қолайсыздықтардың алдын алуға бағытталған және бұған дейін атқарылған жұмыстар барысына арналды. Спикер сондай-ақ, ведомствоның қысқы кезеңді  ойдағыдай өткізу жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Қыс уақытындағы төтенше жағдайларды ауыздықтау үшін департаментте құрылған жедел штаб қараша айынан бастап іске кіріскен. Қыс түскелі өңірде Қазгидромет мекемелері ауа райының қолайсыз болжамы туралы 38 ескерту хабарламаларын жолдаған. Осыған орай, қауіптің алдын алу үшін  82 участок бойынша жолдарды сегіз рет жауып-ашуға тура келген.

Қазіргі уақытта Аршалы, Бұланды және Жақсы аудандары төңірегіндегі республикалық маңызы бар трасса бойында алғашқы медициналық көмек көрсету үшін уақытша жылыну пункттері ашылған. Апаттық-құтқару жұмыстары үшін 82 арнайы техника бөлінген.

Жедел-құтқару шаралары нәтижесінде осы уақытқа дейін 80 шетел азаматы қауіпсіз аймаққа жеткізілді, оның  екеуі бала. Жол-көлік қозғалыстары кезінде апаттарды болдырмау мақсатында тәулік бойы төтенше жағдайлар департаменті және жол полициясы бірлесіп, рейдтер ұйымдастырылуда. Осындай шаралар кезінде үш жүк көлігі мен үш мыңға жуық жеңіл автокөлік  құтқару қызметінің жол бастауымен діттеген жеріне жеткізілді, – деді Дулат Қайыртаев брифинг барысында.

Брифинг соңында ведомство өкілі тұрғындардан жол қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырды. Жол қоғалысы туралы барлық ақпарат «Қазавтожол» сайтына орналастырылатынын және бірыңғай 1403 нөмірі  немесе112 шұғыл қызметі арқылы жол қозғалысын бағамдауға болатынын ескертті. Сонымен қатар, аймақ тұрғындарына «Darmen» мобильдік қосымшасын жүктеп алып, жолға шығар алдында пайдалануға кеңес берді.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар