Биыл Көкшетау жоғары медициналық колледжіне 75 жыл толды. Колледж тарихы неден басталды? Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1949 жылғы 14 қаңтардағы №8 өкіміне сәйкес Көкшетау облыстық еңбекшілдер депутаттары Кеңесінің атқару комитеті «Көкшетау қаласында медбикелер мектебін ашу туралы» шешім қабылдады.
Онда облыстық денсаулық сақтау басқармасының меңгерушісі екі жылдық медбикелер мектебін 1949 жылдың 1 сәуіріне дейін ашуға, оның басшылық және оқытушы құрамын жасақтап, курсанттарды қабылдауға, мектептің өзін қажетті оқу құралдарымен және жабдықтармен қамтамасыз етуге міндеттелді. Ал, Көкшетау қалалық атқару комитетінің төрағасы 1 наурыздан кешіктірмей, облыстық денсаулық сақтау басқармасына курсанттарға арналған оқу бөлмелері мен жатақханалар бөлетін болды. Міне, біздің тарихымыз осы деректерден басталады. Басында К.Маркс көшесіндегі №72 ОРС асханасының бұрынғы ғимаратына №6 мектептің ауыстырылуына байланысты, Кузнечная көшесіндегі №57 коммуналдық үй медбикелер мектебіне жалға берілді.
Мектеп ғимаратында бес бөлме болды, олардың екеуі сабақ өткізуге арналған, қалғандарында оқытушылар мен қызмет көрсетушілер тұратын болды. Медбикелер мектебінде мыңнан астам кітап қоры бар шағын кітапхана жабдықталды. 1949-1950 оқу жылында мектепке 60 білім алушы түсті. Оқытушылар құрамы тек 10 адамнан тұрды, олар негізінен, сырттай жұмыс істейтін дәрігерлер еді. Практикалық сабақтар мектепке бекітілген емдеу-профилактикалық мекемелерде, атап айтқанда, облыстық аурухананың хирургиялық, терапевтік бөлімшелерінде, балалар емханасында өткізілді.
Мектептің бірінші директоры Лидия Борисовна Абдрашитова болды. 1951 жылы маусымда медбикелер мектебінің алғашқы түлектері де оқу бітіріп, қолдарына құжаттарын алды. Олардың қатарында Лидия Алексеева, Нағима Құсайынова, Мария Речута, Мәриям Мәкібаева және тағы басқалары бар болатын.
Енді келесі мұрағаттық көшірмеге назар аударайық. «КСРО Денсаулық сақтау министрлігі Сізді КСРО Министрлер Кеңесінің 1954 жылғы 15 мамырдағы № 919 қаулысы мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысынан хабардар етеді. Осы қаулылар негізінде сіздің медициналық мектебіңіз медициналық училище болып қайта құрылды. Ескі мөрлер мен өзге мөрлерді ауыстыруды ұсынамыз» деп жазылған бұл хат училищенің бірінші директоры Ю.П.Зябревке жолданды. Осы кезеңде оқу орнында Беломоина, Нуянзина, Ходжаева, Краснова, Новгородцева, Сухотин, Достова және тағы басқа оқытушылар еңбек етті.
1960-1973 жылдар аралығында училищеге Мария Пантелеевна Шүлембаева жетекшілік етті. Бүгінгі таңда Көкшетауда Мария Пантелеевнаның балалары мен немерелері тұрады. 1974 жылы қараша айында оқу орны 25 жылдық мерейтойын жаңа директор Галина Донатовна Полинаның басшылығымен қарсы алады.
1982 жылы 13 қазанда училищеде әлемнің Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай комитетінің ең жоғары наградасы – Ф.Найтингейл медалімен марапатталған медбикелеріне арналған «Мейірбандылық пен ержүректілік» халықтық мұражайы ашылды. Біздің мақтанышымыз осы медальмен марапатталған үш түлегіміз. Олар – Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсеткен М.П.Смирнова-Кухарская, Л.Х.Семибратова-Клокова және Т.В.Спиглазова.
Осы кезеңде оқу орны қабырғасында Ғ.Г.Токмакова, З.В.Пономарева, И.С.Тимченко, Т.Бертысқанов, Р.А.Сайлыбаева, Д.Х.Баязитова, С.Е.Дембицкая, Л.А. Матвиенко және тағы басқа білікті оқытушылар еңбек етті.
Осы арада, тағы да мұрағаттық үзінді көшірмеге жүгінейік. Онда «Арнаулы орта білім беру құрылымын реформалауға, оқу орындарының кадрлар даярлаудың көп деңгейлі жүйесіне көшуіне байланысты және медицина қызметкерлерін даярлау сапасын арттыру мақсатында Көкшетау медициналық училищесі 1994 жылғы 1 шілдеден бастап Көкшетау медициналық колледжі болып қайта құрылсын» деп атап көрсетілген.
Колледждің осы бір қалыптасу ісіне медицина ғылымдарының докторы, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, 1995 жылдан 2016 жылға дейін колледж директоры Светлана Қабденқызы Мұратбекова жаңа сапалы деңгейге үлкен үлес қосты. Көкшетау медициналық колледжі кейін Ақмола облысы әкімдігінің қаулысынан Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы жанындағы Көкшетау жоғары медициналық колледжі болып қайта құрылды.
Кез-келген оқу орны өз түлектерімен танымал болып жатады. Бізде де өткен 75 жылда денсаулық сақтау саласы үшін барлығы 24000-нан астам маман даярланды. Түлектеріміздің негізгі бөлігін өзіміздің Ақмола, көршілес Солтүстік Қазақстан және республикамыздың басқа да облыстарында еңбек ететін орта буын медицина қызметкерлері құрайды. Олардың барлығын атап өту мүмкін емес, дегенмен, жергілікті медициналық мекемелердің аға медбикелері А.А.Вазирова, А.К.Ибраева, К.А.Ахметова және тағы басқаларын біздің мақтанышымыз десек, артық емес.
Қазіргі уақытта колледжде бұрынғы түлектерден И.К.Ярошинская, А.Р.Куспанова, Т. Н.Заремба, Г.С.Воронова оқытушы болып еңбек етеді. Сол сияқты, біз өзіміздің оқу орнын бітірген Қарағанды медицина академиясының проректоры А.Прохоровты, біздің өңірдің белгілі дәрігерлері, ағайынды Антон және Семен Духаниндер, В.Тонких, Б.Ибраева, Т.Бекенов, ерлі-зайыпты Высоцкийлер, В. Гришмановская және басқаларын да мақтан тұтамыз.
Колледж өзінің берік дәстүрлерімен және тың жетістіктерімен де өңірімізге кеңінен танымал. Жыл сайын салтанатты түрде студенттер қатарына қабылдау мерекесі өтеді, пәндік үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Қайырымдылық акциялары, түрлі конкурстар, олимпиадалар мен көрмелер күнбе-күн бір-бірімен ұштасып жатады.
Осы күні оқу орнының 75 жылдығына орай, «Колледжге – 75 жыл» атты көрме де өзіне келушілерді көптеп тартуда. Онда алғашқы түлектеріміз бен оқытушыларымыздың фотосуреттері, колледж ұжымы дайындаған оқулықтар мен оқу құралдары, әдістемелік ғылыми конференциялардың құжаттары, пәндік олимпиадалардағы және кәсіби конкурстардағы жеңістеріміз үшін марапатталған студенттердің кубоктары мен грамоталары қойылған. Колледж білім беру саласындағы жетістіктері үшін «Алтын үкі» марапатына да ие болды. Біздің елімізге белгілі байырғы орта арнаулы оқу орнымыз – Көкшетау жоғары медициналық колледжінің 75 жылдық бай тарихы қысқаша баяндағанда, міне, осындай.
Разия САПИЕВА,
Көкшетау жоғары медициналық колледжінің
«Мейірбандылық және ержүректілік» музейінің меңгерушісі.