Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ҚОЖАС КӨТЕРІЛІСІНІҢ КӨСЕМІ - АРҚА АЖАРЫ

ҚОЖАС КӨТЕРІЛІСІНІҢ КӨСЕМІ

Халық тарих толқынында

Халықтың тарихы сол халықтың басты төлқұжаты десек, тәуелсіздік жолындағы үздіксіз күрес ұлт өмірбаянындағы маңызды белес екендігі белгілі. Бұл орайда, тарих тағдыршешті оқиғалардан тұратыны да мәлім. Ал, сол оқиғаларды халықтық мүддені биік қоятын тарихи тұлғалар, кемеңгер көшбасшылар жасайтыны да талас тудырмайды. Ғасырлар көшінде туын әсте төмендетпеген қасиетті қазақ ұлтының маңдай жарқыратар саңлақтары тарихи тұрғыдағы мақтаныштарымыз, көсеге көгертер көсемдеріміз. «Қалың орман қазағым» демекші, абырой жетегінде ауысып жататын қай кезеңнің ұрпағы болмасын, біз оларға қарыздармыз. Аттарын асқақтата білу – ең үлкен парызымыз. Өйткені, біз тәуелсіз Қазақстан азаматтарымыз! Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік – біздің басты байлығымыз!» дегенді сондықтан айтып отыр. Бұл орайда патшалық Ресей империясының шекпен үлестіріп, шекеден шерткен қысастығына қарсы тұрған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһармандары Тәуелсіздігіміздің үміт жалауын алаулатқан асылдарымыз десек болады. Солардың қатарында өлкеміздегі Қожас қозғалысының ұйымдастырушы ұйтқысы, тікелей басшысы Доштай Малқарбайұлы екендігі жадымыздан ешқашан өшпеуі тиіс. Халық хан атандырған, қайтпас күрескердің кім екенін біліп жүруіміз керек.

Доштай Малқарбайұлы 1846 жылы қазіргі Ақмола облысы Біржан сал ауданына қарасты Одырай деген жерде дүниеге келген. Доштай қажының мекендеген қоныстары қазіргі Уәлиханов ауылынан 18  шақырым жердегі Байлюсты кеніші. Ерте кезде  Доштай қажының  атымен Бай Доштай аталыпты. Бертін кеңес үкіметі орнаған соң, Байлюсты деп орысша бұрмаланған.

Сонау он алтыншы жылғы патшаға әскер алып, қазақты қара жұмысқа жегуге патша жарлығы шыққанда осы өңірде ең алғашқылардың бірі болып қасқайып қарсы тұрған да тарихи тұлға Доштай Малқарбайұлы еді. Оның бар ғұмыры елдің қамы, қазақтың мақсат-мүддесі жолында өтті. Қасиетті туған жері үшін кешегі аласапыран болған он алтыншы жылдары Еңбекшілдер өңірінде азаттық күресін ұйымдастырған кесек тұлға. Қазақтан әскерге емес, қара жұмысқа адам алған патша саясатына қарсы көтерілістер еліміздің түкпір-түкпірінде бой көрсетті. Атақты Амангелді Имановтың  қарымды қарулы көтерілісіндей болмаса да, өңірлік ауқымда Алаштың қарсылық қайратын көрсетіп, момын елдің рухын қайраған Доштай қажы да сол күндері басын бәйгеге тікті. Тарихтың талай шаң басқан беттері мұрағат сөрелерінде жатыр. Азаттық алғасын ғана сол елеусіз қалған бұлыңғыр күндер жайлы еске алып, кейінгі ұрпағымызды елдік пен ерлікке толы оқиғалармен қанықтырған болудамыз. Доштай қажының да арман болған өрелі істері тарих бетіне шығуы тиіс.

Доштай Малқарбайұлы елге арнап сөйлеген сөзінде патшаның қазақты әскерге емес, қара жұмысқа алып, құлдық қамытын тереңдеп салғанын жақсылыққа жорымады. Жүрегінде қайсарлық пен батырлықтың қаны қайнаған ел ардақтысы барша жұртты қарсылық көтеріліске шығуға үндеді. Өзінің жан тебірентер жалынды сөздерімен жұртшылық жігерін қайраған ол қаймана қазақтың рухын оятты. Жүз жыл бодан болғанша, бір күн еркіндікте болудың қандай қастерлі екенін санаға сіңірді. Ақыры, рухы биік қазақ патшаның жарлығына бағынбай, қарсы тұратындықтарын білдірді.

Көне көз қарттардың естеліктеріне қарағанда, ол Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Амангелді Имановпен де байланысып, діттеген ойларына жетуге септеседі.  Қазақ жеріндегі осындай халық көтерілістерін басу үшін патша әскер шығарады. Көкше жерінде жазалаушы әскер Доштай қажы бастаған көтерілісшілерді басу үшін Ақсу кеніші жанындағы Көдебас ауылының Қожас тауына келеді. Бұл бұрыңғы Уәлиханов ауданына қарасты «Южный» кеңшарына жақын жерде орналасқан.

Міне, бұл – тарихта «Қожас көтерілісі» деп аталады. Мұздай қаруланған жазалаушы әскермен қарсыласу оңайға соқпаған. Соған қарамастан, қолына айыр, шоқпар, азын-аулақ қылыш ұстаған жергілікті тұрғындар Доштай батырдың басшылығымен  аяусыз арпалысқа түсті. «Қазақстан тарихы» кітабында: «1916 жылғы Ақмола көтерілісі қазақ халқының  патшаның  1-інші дүниежүзілік соғыс жылдары Орта Азия халықтары және  қазақтардан қара жұмысқа адам алу жөніндегі жарлығына қарсы ұлт-азаттық қозғалысының бір бөлігі болып табылады. Сол жылдың  тамыз айында халық көтерілістері бүкіл облыс аумағын қамтыды.Әскери жасақтар құрылды. Оған Қызылжар, Көкшетау, Атбасар, Қарағанды, Жезқазған және тағы басқа қалалардағы жұмысшы қазақтар да қосылды. Қыркүйек-қазан айларында көтерілісшілер саны 40 мыңға жетті. Қазан айының аяғында жазалаушы отрядтармен қиян-кескі ұрыстар болды. Көтірілісшілер шағын топтармен патшаның жазалаушы және казак жасақтарына тұтқиылдан шабуылдар жасады. Көп өңірлерде көтерілісшілер өз араларынан хан сайлап, қолбасшы таңдады. Мысалы, Ерейментауда Сәтбай қажы сол өңірдегі көтерілісшілердің басшысы, яғни, ханы болып сайланды. Мұндай хан сайлау оқиғалары барлық өңірлерге тән болды. Ел іші Доштай Малқарбайұлын да хан атандырған», –делінеді.

Одан әрі Бурабайдың маңайында да  қылышпен, шоқпармен және мылтықпен қаруланған көтерілісшілер қара жұмысқа алу жөніндегі патша жарлығына қарсылық танытқаны айтылады. Жоғары жаққа жолдаған баянхатта көтерілісшілердің приставты өлтіргені баяндалады. Болыс кеңселерін қиратып, басқармаларды тұтқындағаны жөнінде де дерек келтіріледі.

Аталған еңбекте: «1916 жылдың 26 қыркүйегінде Көкшетау уезінің Қожас тауы жанында қаруланған көтерілісшілер казак отрядына шабуыл жасады. Келесі күні Ақмола уезінің Қоржынкөл болысында да қақтығыстар орын алды. Ал, 29 қыркүйек күні Атбасардың Қыпшақ өзені жанында  мыңнан аса көтерілісші патша әскерімен бірнеше сағат шайқасты. Көтерілісшілердің жанқиярлық ерлігіне қарамастан, 1916 жылдың қазан айының аяғында  мұздай қаруланған  орыс әскері көтерілістерді басты деген деректер келтірілген.

Көтерілісшілер жеңіліс тапты. Бірақ, олар өздерінің бастарына қатер төнетінін білмеді емес, білді. Ақ патшаның қазақты  қолына қару алып, соғысатын қауқары жоқ деп күстаналап, қара жұмысқа жеккісі келгеніне басқа-басқа, Доштай қажы қайдан шыдасын?! Ары мен намысын жоғары қойып, қаймана жұрты үшін  өз өмірін де аяған жоқ.

Бір деректерде Доштай қажының әскері жазалаушылардан жеңілгенін  қазақтың өз ішіндегі сатқындық салдарынан екені де келтіріледі.  Қожас тауына бекінген көтерілісшілерді патшаның жазалаушы  әскері ала алмай, ақыры бір қазақты жұмсап, таудың басына пулеметті шығартып, сосын оларды қынадай қырған екен.

Мұрат Ыдырысұлының «Сәуле – менің ауылым» атты кітабында: «Бала кезіміз, «қызылдар» мен «ақтардың» бірін-бірі қуып келіп жатқан кездері. Жергілікті қазақ халқынан әбден маза кетеді. Содан жергілікті жерден Доштай хан деген адам шығып, жұртты бірлікке, елді, жерді қорғауға шақырады. Еңбекшілдер ауданының шығысында Қожас деген биік тау бар, сол таудың басына шығып жиналады, қолдарында айыр, күрек, мылтық дегеніңіз атымен жоқ. Амал қанша, етектен келген, мұздай қаруланған солдаттарға төтеп бере алмайды, олар мылтықтан, пулеметтен оқты жаңбырша жаудырады. Біздің Доштай хан бастаған қазақтар шегінуге мәжбүр болады. Сөйтіп, қара халықтың көтерілісі басылып қалады. Өкінішке орай, осындай елді, жерді қорғаған Доштай хан сияқты бабаларымыздың аттары еш жерде айтылмайды. Ұмыт қалған» (333-334 беттер)» делінеді.

Ал, Боқан Мүсетовтің «Доштай қажы» кітабында халық батырының өз заманындағы рухы биік, сауатты адам болғаны, Арқа өңірінің абыройлы шешен болғаны ашып көрсетіледі.

Кітаптағы тағы бір деректерде Доштай қажының баласы 1920-22 жылдары осы аймақта мектеп салдырып, бала оқытқанын да келтіреді. Бұл да жай айтыла салған жай емес. Себебі, Доштай қажы елінің мүддесін ойлап, тер төккен абзал жан.

Қазақстан қажыларының алғашқы анықтамалық кітабында: «Ақмола облысынан 1908 жылы Меккеге барғандар» делінетін бөлімінде: «Ақмола уезінен Дандай Малқарбаев барды» деген анықтама бар екен. Дандай деп отырғаны, осы Доштай қажы. Оның шын аты Дандай. Бірақ, халқы құрметтеп Доштай деп кеткен. Елдің аузында Доштай болып кең таралуы да содан.

Халық батыры Доштай Малқарбайұлы 1933 жылы дүниеден озып, Сәуле ауылындағы зиратта жерленген. Қазіргі күні мұнда еңселі ескерткіш белгі орнатылып, зиярат етушілер көптеп келуде.

Халқымыздың «Тектіден текті туады» деген нақылы Доштай Малқарбайұлына да қаратып айтылғандай. Мұның себебін Жоңғар шапқыншылығы кезінде Абылай ханның сауын айтуына үн қосып, Қаңлы жұртынан алғаш ат басын бұрған сарбаздар қатарында Доштай Малқарбайұлының ағайынды аталары Малгелді, Жангелді және Байбура да барлығынан көреміз. Олар ел үшін, қасиетті туған жерінің бостандығы жолында қасық қандарын да аяған жоқ. Ұлы жеңістен кейін Абылай ханның бұл батырларға тиісті жер бөліп бергендігі туралы мөрлі құжат Омбы архивінде сақтаулы. Мұның көшірмесін Алқатерек ауылының тұрғыны Жасқайрат қажы бізге көрсеткені бар еді.

Ал, кеңес үкіметі орнасымен қазақтың қамын ойлаған Доштай қажының ұрпақтары қудалауға ұшырады. Оны облыстық «Акмолинская правда» газетінде жарияланған Марат Нұрсейітовтің «Почтили память Доштая кажы» деген мақаласындағы деректер айқындай түседі: «Два сына подверглись репрессиям как враги народа: Амантай Доштаев был расстрелен в 1937 году, а Жауда осужден на длительные сроки лишения свободы, равно как и внуки от старшего сына Мусета – Акпар, Калиакпар и Калиасқар. Все они реабилитированы в 50-е годы. Три внука Доштая кажы пали смертью храбрых в Великую Отечественную войну: красноармеец Толеш Абдрахманов – в августе 1942 года под Смоленском, командир стрелковой роты, старший лейтенант Хамит Зайтонов – в феврале 1945 года при форсировании реки Одер под немецким городом Шверин, красноармеец Жанай Зайтонов – в апреле 1945 года при штурме Кенигсберга. Живым с той войны вернулся лишь один его внук – Айткожа Абдрахманов».

Мүсеттің ең кенже баласы Асқар да көп қуғын көрді. Оқу да оқытпай, жұмысқа да алмай, жапа шекті.  Өз бауырларын қанша сағынса да, оларды іздей алмай, құсалықпен күй кешті.

Қазақтың жарқын болашағы үшін жанын да аямаған кесек тұлға Доштай қажы Малқарбайұлы діни тұлға ғана емес, ұлттың қамын ойлаған тарихи қайраткер. Оның есімін жалпыхалықтық құрмет тұғырына көтеретін уақыт жетті. Бұл орайда, Доштай Малқарбайұлының есімін аудан орталығы Степняк қаласының бір көшесіне беру жөніндегі жұртшылықтың көп жылдан бергі өтініші қабыл алынса дейміз. Сондай-ақ, «Тарихы жоқ ауылдың болашағы да жоқ» деген халық тәмсілін басшылыққа алып, «Байлюсты» болып бұрмаланып, мағынасыз аударылған ауылға «БайДоштай» деген бастапқы атын қайтарған дұрыс болар еді.

Бақберген АМАЛБЕКОВ,
Біржан сал ауданының құрметті азаматы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар