Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева 11 айдың жұмыс қорытындылары туралы брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Ақмола облысында білім беру саласында жыл сайын жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жоспар бойынша бөлінген қаржы тиімді игеріледі. Биыл да осыған қол жеткізіліп, Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттер іске асырылуда.
Басқарма басшысының айтуынша, мектепке дейінгі білім беру саласында биыл 1,5 мыңнан астам жаңа орын құру міндеті қойылған болатын. Бүгінгі таңда оның 1964 орыны құрылды. Облыс бойынша 597 мектепке дейінгі білім беру ұйымында мемлекеттік білім беру тапсырысы жүзеге асырылып, ата-аналарға орташа төлем 17805 теңге көлемінде болды. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл соманы 19052,4 теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда, мұның өзі мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтануды жақсартуға мүмкіндік береді.
–Орта білім саласында 139 мыңнан астам оқушы білім алатын 534 мектеп жұмыс істейді, ал, мектеп контингенті өткен оқу жылымен салыстырғанда 1,5 мың оқушыға артқан. Облыстағы 528 мемлекеттік жалпы білім беретін мектептің 435-і ауылдық жерлерде орналасқан, оның 342-сі шағын жинақталған мектептер, – деді өз сөзінде Айнагүл Балташева.
Биыл Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі 126 мақсатты мектепті анықтап, оларда педагогтардың біліктілігін арттыру және заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету үшін тиісті жобаларды іске асыруда. Бұл жобалар аясында 400-ден астам педагог оқытылды, 2025 жылы да осы мақсатта қосымша курстар жоспарланған.
Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 8142 бала және 56154 бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Осы топқа жататын 10 мыңнан астам балабақша тәрбиеленушілерін тегін тамақтандыру үшін облыстық бюджеттен 1,8 миллиард теңге бөлінген. Ақмола облысында мектептердегі тамақтану бағасы 2025 жылдың басынан бастап артады. Жоспар бойыншатамақтану құны бір оқушыға 715 теңгеден 808 теңгеге дейін көтерілмек. Бұл өзгеріс балалардың тамақтану сапасын жақсартуға бағытталған. Десек те, бұл баға қымбатшылығына да байланысты екендігі аңғарылады.
Биылғы оқу жылында 10035 оқушы тасымалдаумен қамтамасыз етілген, ол үшін 20 мектеп автобусы сатып алынды. 2025 жылы мұндай автобустар паркі тағы9 автобусқа толықтырылады.
Елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 12 200 орындық 9 білім беру нысанын салу жоспарланған болатын, оның алтауы қазірдің өзінде іске қосылды. Қалған 3 мектеп жақын арада пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен 1200 орындық жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді.
Көкшетау қаласында 2 балабақша және жоғары техникалық колледждің 300 орындық жатақханасының құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін облыс орталығында тағы да бір 300 орындық жатақхана іске қосылады.
Облыста оқушылардың білім алатын ортасы қолайлы болуы үшін ағымдағы жылы 113 білім беру нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа облыстық және республикалық бюджеттен 12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Сонымен қатар, үш жылдық жоспар аясында 90 мектеп қайта жаңартылып, осы заманғы жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
Ақмола өңірінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 12 мыңға жуық бала бар болса, олардың 1817-сі мүгедек балалар. 2024 жылы 28 инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, қазіргі таңда облыста барлығыосындай 84 кабинет жұмыс істейді. Сонымен қатар, психологиялық қолдау орталығы құрылып, тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны да іске қосылған.Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 29 колледж жұмыс істейді, ондағы студенттердің 83 пайызы тегін оқытумен қамтылған. 2025 жылы бұл оқу орындарына 5700 талапкерді қабылдау жоспарланып отыр. Оның 600-і нысаналы даярлық шеңберінде қабылданады.
Облыста 23 мыңнан астам педагог өз біліктілігін арттырды. Биылдың өзінде 5 мыңнан астам білім қызметкері осындай курстардан өтті. Сонымен қатар, қараша айында Көкшетау қаласында алғаш рет педагогтар саммиті ұйымдастырылды. Өткізілген семинарларда әлеуметтік-эмоционалды оқыту, инклюзивті білім беру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ, білім беру технологиялары бойынша халықаралық сарапшылардың тренингтері өткізілді. Сөз соңында:
–Ақмола облысының білім беру жүйесі заманауи талаптарға сай дамып келеді. Оқу үдерісіне инновациялық жаңашылдықтарды енгізе отырып, барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарында жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатында белсенді жұмыс істейтін боламыз, – деп сендірді басқарма басшысы.
Салтанат ҚАЛҚАМАНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.