Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Облыс орталығы мәртебесі көкшетаулықтарға зор жауапкершілік жүктейді - АРҚА АЖАРЫ

Облыс орталығы мәртебесі көкшетаулықтарға зор жауапкершілік жүктейді

Әкім бол, халқыңа жақын бол!

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Көкшетау» мәдениет сарайында облыс орталығы тұрғындарымен халық алдындағы есеп беру кездесуін өткізіп, жиналғандарды облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті және Көкшетау қаласының жетістіктері мен проблемалық тұстарына назар аударды.  

–Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес ауылды аймақтарды, елді мекендерді дамыту барысында жасалған істеріміз, атқарылған іс-шараларымыз туралы баяндап, сонымен қатар, елде, қаламызда қандай көкейтесті мәселелер барын сіздермен бірге талқыға салып, ұсыныстарыңызды қарастырып бірге соларды шешуге тырысуымыз керек. Біз халықтың үніне құлақ асатын мемлекет болғасын, әрбір адамның сауалын, мәселесін қарап заң шеңберінде шешуге тырысамыз. Ашық қоғам болғасын әртүрлі ұсыныс, әртүрлі пікір бар, көзқарас бар, бірақ та, халықтың басым мәселелерін қарастыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Құрметті қауым, қадірлі жерлестер! Бұл кездесуді Жаңа жылдың алдында осы жылды қорытындылап, жуырда ғана тағайындалған қала әкімі Әнуар Күмпекеевпен бірлесе отырып, алдағы жоспарларымызбен бөлісу мақсатында өткізіп жатқан жайымыз бар. Себебі, біздің ең басты мақсатымыз осы Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласын сәулеттендіріп, ең бір жайлы, келген қонақтар қызығып, сүйіспеншілікпен қарайтын қалаға айналдыру болып табылады, – деп бастады өз сөзін облыс әкімі.

Индустриялық сектор

Көкшетау қаласында облыстың өнеркәсіп өндірісінің бестен бір бөлігі дерлік шоғырланған. Оларға машина жасау өнімдерін өндіру, тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру жатады. Бір сөзбен айтқанда, қалада өнеркәсіп өндірісін дамытуға қажетті барлық ресурстар бар. Мысалы, «Тыныс» АҚ-ның авиациялық техникаға арналған өнімдері, полиэтилен құбырлары, өрт сөндіргіштері, өкпені жасанды желдету құралдары, «Асыл-Арман» ЖШС-нің қаптары мен қаптамалары. 15 орта кәсіпорын, сондай-ақ, 171 шағын кәсіпорын және қосалқы кәсіпорындарды айтуға болады.

Көкшетауда құрылған машина жасау кәсіпорындары базасының арқасында облысымыз ауыл шаруашылығы техникаларын, жүк көліктерін және мамандандырылған көліктерді шығаруда жетекші орынға ие. Қала экономикасына салынған инвестиция құрылымында жеке капитал басым, ол 65,6 пайыз, бірақ, шетел инвестициясын тартуда аз жұмыс жүргізілуде. Қала бойынша тартылған қаражаттың жалпы көлеміндегі шетел капиталының үлесі 6,2 пайыз,  облыстағы үлесі – 19,7 пайызды құрайды. Бұл ретте, облыс әкімі қолда бар мүмкіндіктер сыртқы инвестицияларды тартуды облыс орталығы толық пайдаланбай отырғанын атап өтті. Биыл Көкшетау қаласы бойынша 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, бұл 68 жұмыс орны. Бұл ретте дайын өнімді шығарумен байланысты жобалар аз.

Агроөнеркәсіптік кешен

Дамудың ең маңызды бағыттарының бірі – агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін пайдалану. Ағымдағы ауыл шаруашылығы маусымында біз айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, еліміздің басты нан қоймасы мәртебесін тағы бір рет растадық. Облыс диқандары 6,6 миллион тоннадан астам астық жинады. Бұл ретте, астықтың сапасы әлдеқайда жоғары – 60 пайыздан астамы үшінші класты. Көкшетау қаласының барлық өңірлер сияқты индустриялық бағытта ғана емес, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында да жетістіктері бар. Сондықтан бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешенін жан-жақты дамыту қала әкімдігінің басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Бүгінде қаламызда ет өнімдерін өндіруге арналған төрт кәсіпорын бар. Олар «Бижан», «Краснояр шұжықтары», «Стерх», «Қазделикатес», екі кәсіпорын – «Гормолзавод», «Нәтиже сүт фабрикасы» сүт өңдеуге арналған. «Сүт Синегорье» айналым қаражатының жетіспеушілігінен қазіргі уақытта жұмыс істемейді,  ұн өндіретін төрт кәсіпорын жұмыс істейді, олар «Синегор Греин», «МК Агропродукт», «Қазмельөнеркәсіп», «Агромер Астық». «Гормолзавод», «Бижан», «Синегор Греин» өнімдері біздің облыста ғана емес, сонымен қатар, басқа аймақтарға да танымал. Қала әкімдігі өңдеу өнеркәсібін дамытуды, жаңа кәсіпорындар ашу және инвесторларды тарту тұрғысынан жұмысты жалғастыруы қажет.

Тұрғын үй құрылысы

Бүгінде тұрғын үй құрылысы сапасы мен қолжетімділігі жағынан маңызды басымдықтарға ие. Жалпы, биыл облыс бойынша 560 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа енгізілді немесе бес мыңнан астам ақмолалық отбасының тұрмыстық жағдайы жақсарды. Соңғы үш жылда Көкшетауда 11 бюджеттік үй, яғни, 515 пәтер пайдалануға берілді. Биыл 2 арендалық және 11 несиелік үй пайдалануға берілгенін ескерсек, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп.

Биыл Мемлекет басшысы бастамашылық еткен бірегей мүмкіндік – халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа бағдарламасы пайда болды. Бұл механизм көпбалалы отбасылардың, жетім балалардың және басқа да азаматтардың баспана мәселесін жедел шешуге мүмкіндік береді. Жалпы, биыл облыста 850 пәтер сатып алынған. Оның ішінде 318 тұрғын үй облыс орталығынан сатып алынды. Көкшетаулықтардың біразы пәтер алып үлгерді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін пәтер алу келесі жылы да жалғасады.

Сондай-ақ, биылдан бастап облыс орталығы Көкшетау қаласында «Тұрғын үйлерді жаңарту» бағдарламасы іске қосылды. Жалпы, Көкшетауда 11 жергілікті аймақ бар, онда 136 апатты үйге кезең-кезеңімен реновация жасалып, жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл шаралар жаңа әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды, үйлесімді архитектуралық стильді, абаттандырылған аумақтарды, саябақтар мен балаларға арналған ойын алаңдарын құруға мүмкіндік береді. Осылайша, біз қаланың жаңа келбетін қалыптастырамыз.

Көкшетау белсенді түрде өсіп, дамып келеді. Өкінішке орай, қазір қалада жылу энергиясы тапшылығы бар, сондықтан әзірге жөндеу жоспарын көбейте алмаймыз. Біз бұл реновация мәселесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта жылу электр стансаларының іске қосылуының арқасында жылу энергиясының тапшылығы мәселесі шешілмекші. Тозығы жеткен 6 үйдің орнына тұрғын үй қорын 5 есеге арттыратын заманауи кешен салынады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысы облыстың әрбір тұрғынына жайлы өмір сүру және сапалы мемлекеттік қызметтерді көрсету жағдайымен бағаланады. Азаматтарымыздың денсаулығы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Сумен жабдықтауды дамыту бойынша аймақтарға биыл 34 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

Өздеріңіз білетіндей, Көкшетау қаласының басты проблемаларының бірі – ауыз судың сапасы. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері өзекті болып келеді. Су тазарту құрылыстарын салу жобасы биыл аяқталуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталу сатысында, одан әрі сүзгілерді жуу және іске қосу-баптау жұмыстары қызметкерлерді оқытумен бірге жүргізілетін болады.

Қаланың кәріз тазарту құрылыстарының тозуы мен қатты ескірген жабдықтары маңызды мәселе болып табылады. Қала әкімі бұл мәселенің шешімін табуы қажет, яғни, жаңа өрім салу, қолданыстағы жобаны қайта жаңарту немесе ескі жобаның құрылысын аяқтау. Станционный кентін сапалы сумен қамтамасыз ету үшін келесі жылы құрылысты аяқтауға толық қаржыландыру қарастырылған және желілерді қайта құру ісі қолға алынатын болады. Қала әкімі нысанды уақытылы іске қосуды қамтамасыз етуі керек. Өкінішке орай, қала орталықтандырылған сумен толық қамтамасыз етілмеген және оған мұқтаж учаскелер бар.

Жылумен қамтамасыз ету

Көкшетау қаласында ағымдағы жылы тарату құрылғыларын жаңғырту, сондай-ақ, РК-1 және РК-2 бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда Көкшетау қаласында жылу электр орталығының құрылысы жүріп жатыр. Жылу электр орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін газ тазарту қондырғылары қолданылатын болады. Көмір өндіру тек 3 елде, Ресей, Қытай, Үндістанда ұсынылған. Орталық газбен жабдықтауды қосу кезінде көмірден газға конверсиясыз қайта қосуға техникалық мүмкіндік бар. Қыркүйекте инженерлік-геологиялық зерттеулер, топографиялық жұмыстар және уақытша құрылыстар алаңын ұйымдастыру жұмыстары басталды. Бұл жұмыс жалғасуда.

Жол желісін дамыту

Биылғы жылы құрылыс және көше-жолдарын жөндеу жұмыстары маңызды рөл атқарды. Мәселен, қаланың жол желісіне 5,9 миллиард теңге бөлінді. «Сарыарқа» шағын ауданындағы екі жайлы мектепке кіреберіс жол салу жобаларын жүзеге асыру қолға алынып, оған 1,7 миллиард теңге қарастырылды. Облыс орталығында демеушілік қаражат есебінен Қопа көлінің бойынан жоғары санатты жол салынып, жол учаскесінде абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта жол қаланың басты көшелеріндегі көлік қозғалысын жеңілдететін негізгі жолдардың біріне айналмақ.

Осы жерде айта кететін жайт, мердігермен тығыз байланыс және тиісті бақылаудың арқасында жол құрылысы қосымша түзетулерсіз небәрі 6 айда аяқталды. Облыста да, қалада да жүзеге асырылып жатқан әрбір жоба ерекше бақылауда болуы керек. Сонда нақты нәтиже болады. Сондай-ақ, демеушілік қаражаттың арқасында жағалау аймағының жаңа учаскесінің құрылысы басталды. Бұл Көкшетау үшін маңызды жоба, ол азаматтарды қызықтыратын орталық болады.

Әлеуметтік сала

Мемлекет басшысының әрбір Жолдауында адами капиталды дамытуға баса назар аударылады. Өйткені, елдің болашағы азаматтардың білім, денсаулық, мәдени және рухани даму деңгейіне байланысты. Осы факторлардың барлығының іргетасы мектепке дейінгі білім беру саласында қаланады.

Ағымдағы жылы 3 мектепке дейінгі ұйым іске қосылып, 486 орын ашылды. Бұл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 87 пайыздан астамын орынмен қамтуға мүмкіндік берді.  Олар, 166 орындық «Аяла» арнайы балабақшасы, 280 орындық «Нұрсая» бөбекжайы, 20 орындық «В красках» жеке балабақшасы және 20 орындық «Мирас» кеңейтілген бөбекжайы. Келесі жылы «Сарыарқа» шағын ауданында сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған 280 орындық балабақша құрылысын аяқтау жоспарлануда. Өкінішке орай, қаладағы орта білім беру саласында оқушы орындары тапшы. Әрқайсысы 1500 орындық екі жайлы мектептің салынуы бұл мәселені шешуге көмектеседі. Жайлы мектептердің ауданы кәдімгі типтік мектептерден 20 пайызға дейін үлкен, ал, техникалық жабдықталу үлесі 4 есе жоғары. 3 жұмыс істеп тұрған мектепке кеңейтімдер салу да жоспарда бар, бұл тапшылықты тағы бір жарым мың оқушы орынға қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Бармашино ауданындағы ескі 10-ыншы мектептің орнына 500 балаға арналған мектеп құрылысы басталды. Оны келесі жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, қор есебінен білім беру инфрақұрылымын қолдау мақсатында 588 орындық «Білім-Инновация» мектеп-интернатының жаңа ғимаратының құрылысы 2025 жылы аяқталады деп күтілуде.  Бұл нысанның пайдалануға берілуі балаларды көбірек қамтуға мүмкіндік беріп қана қоймайды, сонымен қатар, алғаш рет оқушы қыздарға есігін айқара ашады. Қала әкімдігі барлық жүзеге асырылып жатқан жобаларды ерекше бақылауда ұстайтын болады.

Жоспарлар

Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын жою жұмыстары одан әрі жалғасуда. Биыл жоғары техникалық колледж жатақханасының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, жоғары техникалық колледжі мен Ақан сері атындағы мәдениет колледжі үшін де екі жатақхананың құрылысы жалғасуда.

Келесі жылы Көкшетау қаласында 630 төсектік көпсалалы аурухана құрылысына арналған ірі жобаны  жүзеге асыру басталады. Қалалық денсаулық сақтау ұйымдарының көлік паркін жаңарту үшін 6 жедел жәрдем көлігі сатып алынды.

– Биыл 1000 орындық көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы басталды. Кешен тұрғындарға спортпен шұғылданып, белсенді өмір салтын жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Краснояр ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін бөлек атап өткім келеді. Бұл жерде де қала әкімдігі тарапынан тиісті бақылау болмағанын мойындау керек. Нысанның құрылысы өткен жылы басталған, бірақ, әлі пайдалануға берілген жоқ. Оның басты себебі – мердігер компанияның ұқыпсыз жұмысы. Сот ісі басталғанын білемін. Әрине, мердігер мемлекеттік сатып алу арқылы анықталады, кейде ФОК жағдайындағыдай, басқа өңірлердің компаниялары тендерлерді ұтып алады. Бірақ, бұл бізді жауапкершіліктен босатпайды, – дейді облыс әкімі.

Биылдың өзінде мемлекеттік сатып алу туралы ережелерге өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік сатып алуға қатысатын жергілікті жеткізушілердің үлесі айтарлықтай өсті. Егер 2022 жылы жергілікті компаниялардың қатысуы 12 пайызды құраса, биыл бұл көрсеткіш 76 пайыздан асты. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң күшіне енеді, ол мерзімдерді қысқартуды және тиісті беделі бар жеткізушілерді анықтауды көздейді.

Облыс әкімі халық алдында есеп беру кездесуінің соңында көп жыл бойы кезекте тұрған тұрғындарға пәтер кілттерін табыс етті. Сонымен бірге, бірқатар еңбек адамдары Халық Қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов төсбелгісімен марапатталды.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар