Жаңа жыл қарсаңында көкшетаулық қарттар жақсы хабардан құлақтанып, бір жадырап қалды. Алдағы жылы облыс орталығында тұратын зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүрмек.
Бұл үшін Көкшетау қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 28 тамыздағы қаулысына және қалалық мәслихаттың шешіміне толықтыру енгізілген. Жаңа құжатқа сәйкес облыс орталығында тұратын зейнеткерлер осындай жеңілдікке ие болып отыр.
– Көкшетау қаласында 28 мыңнан артық егде адамдар тұрады. Зейнеткерлердің көбінің баратын жері емхана мен аурухана, – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, – бұл қамқорлықты аға буын өте жақсы қабылдады. Қолдан келіп жатса, заманында ел игілігін еселеп, арттыруға қисапсыз еңбек еткен аға буынды қолтықтарынан демеп, көмек көрсеткенге не жетсін.
Қала әкімдігінің қаулысы мен мәслихаттың шешімі 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілмек.
– Астана қаласының тұрғындары осындай жақсылықты көріп отырғандарына бірнеше жыл болды деп естідік. Енді біздің жерлестеріміз де осындай игілікке ие болады, – дейді қала тұрғыны Есенбай Кереев. – Қымбатшылық қысқан заманда қарттардың қадамы ұзарып қалатын болды.
Аға буынды аялап, ақ батасын алғанға не жетсін, шіркін?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.