Көкшетауда жыл сайынғы дәстүрлі «Ақмола облысының спорт тарландары» атты облыстық спорт форумы өтті. Іс-шара талантты спортшылар мен белгілі жаттықтырушылардың және Ақмола облысының спорттық даңқын нығайтуға атсалысқан барша қауымның басын біріктірді.
Спорттағы жоғары жетістіктері үшін марапаттарды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов табыстады. Өзінің құттықтау сөзінде аймақ басшысы форумның маңыздылығын атап өтіп, спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау өңірдің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттары екенін атап өтті.
– Чемпиондар форумы спорттық жетістіктерді қорытындылап қана қоймай, жас ұрпақты жаңа жеңістерге шабыттандыруға мүмкіндік береді. Біз халықтың барлық топтары арасында бұқаралық спортты дамытуымыз керек, өйткені, ұлт денсаулығын осылай ғана жақсартып, жақсы спортшылар тәрбиелей аламыз, – деді өз сөзінде Марат Ахметжанов.
Форумның құрметті қонақтары арасында «Қазақстан халқына» Қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, атақты аралас жекпе-жек жауынгері Шавкат Рахмонов және басқа да белгілі спорт майталмандары бар.
Іс-шарада облыстың жетекші спортшылары марапаттар мен ақшалай сертификаттарға ие болды, олардың арасында Паралимпиада чемпионы Давид Дегтярев, Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Еркін Ғаббасов және Паралимпиада ойындарының финалисі Әмір Мұратбеков, шорт-тректен әлем чемпионатының финалисі Денис Никиша және басқалары бар.
Өткен жыл Ақмола спортшылары үшін табысты болды. Олардың жетістіктері бокс, ауыр атлетика, паралимпиадалық спортты және басқа да бағыттарды қамтыды. Форумда жеңімпаздарды дайындауда кәсібилігі мен шеберлігі шешуші рөл атқарған жаттықтырушыларға ерекше назар аударылды. Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.