Бұл – біздің тарих!
«Жақсының өзі өлсе де, істеген ісі өлмесін» дегендей, мен бұл мақаламда Кеңес мектебі туралы, оның құрылуына ат салысқан азаматтар туралы айтқым келіп отыр.
Тарихқа үңілетін болсақ, мектеп Құндақ ауылында 1915 жылы ашылған екен. Бұл мағлұматты осы мектепте Жұмабай Нұркиннен дәріс алған қазіргі Қараөзек ауылында тұрған Елеуов Жұмабек ақсақалдың Кеңес мектебінің қызыл ізшілер ұйымына 1966 жылы жазған хатынан алып отырмын. Ол кісінің айтуы бойынша, 1915 жылы Жұмабай Нұркин Құндақ ауылына келіп мектеп ашады. Мектеп уездік оқу бөлімінің рұқсаты бойынша ұйымдастырылған. Алғашқы кезде «Карабулакская аульная школа» деп аталған. Оқу орыс тілінде жүргізіліпті. Ж.Нұркин сол жылы Омбының мұғалімдер даярлайтын семинариясын бітіріп келіпті.
«Мектеп менің үйім де болды» дейді өз естеліктерінде Жұмабек ақсақал. «Біздің үй төрт бөлмелі шатырлы ағаш үй, бір бөлмесі Нұркиннің пәтері, екі бөлмесінде өзіміз тұрдық. Ол үй Кеңесте күні бүгінге дейін бар еді. Бірақ, қазір орны ғана қалды. Кезінде біз де сол мектепте бастауыш сыныпты бітіргенбіз. Ал, жоғары сыныптарды 1924 жылы оқушылар Сырға көлінің қасынан тас кенін ашып, оны өгіз, ат, сиыр жегіп, тасып салынған мектепте оқитын. Бұл мектептің де қазір тек қана сол қабырғасы ғана қалды.
1916-1917 оқу жылында мектеп Қадір ауылына көшіріледі. Мектеп Жаркей Елемановтың үйі болады да, Нұркиннің пәтері Абжатов Ахметжанның үйі болады. 1917-1918 жылдары Ақмолада Совдеп құрылып, соған Нұркиннің мүше болып кетуіне байланысты бұл мектеп жабылады. Совдеп құлағанда Нұркин Сәкен Сейфуллинмен бірге тұтқындалады. Ал, мектеп барлық мүліктерімен Кеңеске көшіріледі. Нұркиннен оқығандар Елеуовтерден 7, Құндақовтардан 4 бала, Мықтыбаев Ысқақ, тағы басқалары» деп жазады Жұмекең.
Кезінде Азат ауданы болысполкомының төрағасы Шальменовтың Кеңес мектебінің пионерлер ұйымының аға жетекшісі Фриц Александрға 1967 жылдың 9 мамырында жазған хатында «1923-1924 жылдары Кеңес ауылында мектеп ашу туралы ұсынысты осы Жүкен ауылының тұрғыны Мықтыбаев Ысқақ жасады. Бұл маңда ауылдардың ең тығыз орналасқанына байланысты бұл ұсыныс дұрыс деп қабылданды. Кеңес мектебі 1926 жылы ашылды. Мен осы мектепте 1926-1930 жылдары жұмыс істедім. Аудандық депутат есебінде осы мектепті басқардым. Сол жылдары мектептің асханасы, моншасы, тағы басқа ғимараттары салынды» деп айтылған.
Бастапқы кезде Кеңес мектебі «Школа крестьянской молодежи», қысқаша ШКМ деп аталса, кейін 1950 жылы өзінің шағын мал шаруашылығы, интернаты, орыс, қазақ сыныптары бар Кеңес орта мектебі, 1967 жылдан Жұмабай Нұркин атындағы орта мектеп деп аталған.
Кеңес мектебінде «Жамбыл» совхозы, Киров, Новорыбинка, Трудовой, Құрылыс, Калинин, «Иванов» совхозы, Ерназар, Амангелді, Байлөсті (Рудник) ауылдарынан оқыған балалардың саны Кеңес ауылының балаларын қосқанда бастапқыда 327 оқушы болса, 1975 жылға қарай одан әрі өсіп, 464 оқушыға дейін жеткен. Жыл сайын мектепті 49 оқушыдан 110 оқушыға дейін бітіріп отырған.
Бұл мектептен ең бірінші түлектер үлкен өмірге 1934-1935 оқу жылында қанат қаққан екен. Олар Қиым Акбалин, Сарман Жанысымов, Сейткен Дүйсенов, Қалым Әйткенов, Ахмедия Мұсабеков, Қабиб Жанғазин, Қабиболла Қазизов, Тиыштық Үсенов.
Кезінде осы мектепті бітіріп шыққандар қатарында балалар жазушысы Айтпай Шаншаров, әкесі осы мектептің директоры болған ҚазССР-інің халық әртісі Абай Байтоғаев, осы ауданның ең мықты математигі Дүйсен Қожахметов, С.Мұсабеков, Қ.Жұмажанов, Айтпай Құсайынов, агроуниверситет мұғалімі, доцент Мәкенов Серік, Е.Дәуешов, М.Ермағанбетов бар. Бұл ағаларымыз аталған білім ордасын 1929-1963 жылдар аралығында бітіріп шыққан.
Мектеп директоры Біләл Мұхамеджанов, мұғалімдер Рамазан Жетпісов, Дүйсен Қожахметов «Ұлы Отан соғысындағы үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталса, 1954 жылы мұғалім Маргарита Александровна Сабадаш «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болған. 1979 жылы Р.Ж.Жүсіпбекова «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», 1984 жылы «СССР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. Қ.Ж.Жұмажанов 1971 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі, 1983 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасы, 1992 жылы Ы.Алтынсарин меделімен марапатталған.
Өткен жылдарда Икен Есенбаев, Б.Мұхамеджанов, Қасым Айтмағанбетов, Балташ Сүлейменов, Зейніл Мұқанов, Сейітжан Сәдауов, Әзік Ермағанбетов, И.И.Шинкоренко, Қажен Жұмажанов осы мектептің директоры болып істесе, қазіргі күндері мектепке М.Ж.Жүністегі жетекшілік етеді. Мектебіміз спорт, өнер, білім жағынан ауданымыздағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі болып саналады.
1978 жылы 28 желтоқсанда бұрынғы Алексеев халық депутаттары аудандық Кеңесінің 8-інші сессиясы барысындағы қаулы бойынша Кеңес мехлесхозы қасынан оқушыларды табиғатты қорғау, көшет отырғызу, тұқым дайындау, орманды тазарту, тағы басқа жұмыстарға тарту мақсатында мектеп орман шаруашылығы құрылған. Кейін 1982 жылы осы мектепте Бүкілодақтық оқушылар шаруашылығының слеті болып өтті. Мектептің орман шаруашылығы республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл ұйым әлі күнге дейін өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Облыстық мектептердің орман шаруашылықтары арасындағы «Ауылдың көркеюі – Қазақстанның көркеюі» атты байқауларда бірнеше рет алдыңғы қатарлы орындарды жеңіп алып, бағалы сыйлықтар мен грамоталарға ие болды.
Осы мақаламды бір есептен мектебіміздің 90 жылдық тарихын еске алу мақсатында жазып отырмын. 28 маусымда өткізілген іс-шарамызға кезінде Кеңес мектебін бітірген азаматтар мен азаматшалар келіп, бір-бірімен жүздесіп кетті.
Іс-шара барысында ас беріліп, көркемөнерпаздар концерті, ат жарыс, көкпар тарту, қыз қуу және де басқа спорттық ойындар өткізілді. Сөйтіп, көнеден жол тартқан Кеңес мектебі баршаға өміршеңдігін танытты.
Е.ШЕРИЯЗДАНОВ,
Кеңес мектебінің информатика пәнінің мұғалімі.
Ақкөл ауданы.