Заңды сақтау құқықтық мемлекетті қалыптастырудың ажырамас бөлігін құрайды, сонымен қатар, қоғамда тәртіп пен тұрақтылықты қолдауда маңызды рөл атқарады.
Заң елдің әрбір азаматының құқықтарын айқындайды және қорғалуын, сондай-ақ, қатаң сақталуын қамтамасыз етеді. Ал, бұл қоғамның үйлесімді жұмыс істеуіне, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға, жеке және ұлттық игілікке жағдай жасауға ықпал етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің, әділ және ашық қоғам құрудың негізгі құралы болып табылады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жемқорлықтың алғышарттарын болдырмауға бағытталған кешенді шараларды қамтиды. Бұл азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға, экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік әділеттілікті жақсартуға ықпал етері сөзсіз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – бұл мемлекеттік органдардың жұмысы ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Жастар, бизнес өкілдері, еріктілер, мемлекеттік құрылымдар – барлығы заң үстемдігі мен әділеттілік басты құндылық болып табылатын құқықтық мемлекет құруға өз үлестерін қосуы тиіс.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ақмола облысы бойынша департаменті түрлі мақсатты топтар деңгейінде сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарының туындауын болдырмауға бағытталған ақпараттық жұмыстар жүргізу үшін іс-шаралар кешенін іске асыруда. Парасаттылық жүйесін қалыптастыруда сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермейтін жаңа көзқарастары мен өмірлік қағидаттары бар жас ұрпақты тәрбиелеу қағидаты маңызды рөл атқарады.
Мектеп оқушылары мен студенттер арасында «Адал Ұрпақ» және «Саналы Ұрпақ» клубтары арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сонымен қатар, оқушылар мен студенттерге арналған адалдық сағаттарын өткізу жұмыстары әрі жалғастырылуда. Бұл іс-шараның негізгі мақсаттары жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы білу деңгейін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық моделін қалыптастыру, белсенді азаматтық ұстанымды ынталандыру және моральдық-патриоттық құндылықтарды насихаттау болып табылады.
Ағымдағы жылы Ақмола облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы Мобильді топ өз жұмысын бастады. Оның құрамына Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ақмола облысы бойынша департаментінің қызметкерлері, заң кеңесшілері палатасының, нотариаттық палатаның, адвокаттар алқасының, сот орындаушыларының, мемлекеттік органдардың өкілдері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер кірді.
Мобильді топтың мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және алдын алу шараларын күшейту аясында халыққа тегін құқықтық кеңес беру. Бүгінгі таңда мобильді топ мүшелері облыстың барлық қалалары мен аудандарын қамти отырып, тұрғындармен 20 кездесу өткізді. Осылайша, тұрғын үй алу кезегі, жер қатынастары, абаттандыру, автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстау, сондай-ақ, басқа да әлеуметтік маңызды салаларға байланысты мәселелер бойынша өңірдің 200-ге жуық тұрғынына құқықтық көмек көрсетілді.
Ашық диалог пен азаматтарды жергілікті жерлерінде жедел қабылдау профилактикалық жұмыстар жүргізуге ғана емес, сонымен қатар, кеңес беруге, осылайша халықтың құқықтық сауаттылығын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді.
Азаматтардың сұрақтары уәкілетті мемлекеттік органдардың құзырына қабылданып, оларды әрі қарай да қолдау үшін өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бақылауына алынды. Аталған бастаманың негізгі артықшылығы құқықтық мәдениетті арттыру арқылы құқықтық тәртіпті нығайту және сыбайлас жемқорлық көріністерін азайтуда жатыр.
Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өткен жылдың басынан бері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілік» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл жоба мүдделі азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді және басқа да ұйымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға еріктілер ретінде тартуды қамтамасыз етеді.
Бүгінгі таңда облыс бойынша осындай 126 ерікті тіркелген. Өңір еріктілері 800-ден астам азаматқа құқықтық көмек көрсетті, мемлекеттік сатып алу барысында олардың қатысуымен 600 миллион теңге қаржы үнемделді. Облыс еріктілері әлеуметтік нысандардың, жолдардың, мемлекеттік сатып алулардың сапасына қатысты 36 қоғамдық мониторинг жүргізді. Барлық анықталған бұзушылықтар уәкілетті органдарға жіберіліп, жойылды.
Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам заңдылық пен тәртіпті нығайту, сондай-ақ, мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ету жолында бірлесіп жұмыс істейтін, байланысты қос тірек болып табылады. Ендеше, осы бағытта бір-бірімен өзара тығыз толымды нәтижелерге жету үшін қолға алынған жұмыстар жалғаса береді.
Асхат ОРАЗХАН,
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің
(Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы.