Байқап көрелік!
Ақмола облысында бүгінгі таңда 163-ке жуық жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Сонымен қатар, тағы қосымша жеті шағын орталық балалардың мектепке дейінгі тәрбиесі мен білімін жетілдірумен айналысады. Төменде осы балабақшалардың қызметі мен жұмыс нәтижелеріне назар аударып, конкурс негізінде мемлекеттік тапсырыс алған осындай мекемелердегі тәрбие мен білім сапасына толығырақ тоқталатын боламыз.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі кәсіпкерлерді жекеменшік балабақшалар мен бөбекжайларды ашуға ынталандырып келеді. Осы мақсатта жыл сайын кейбір қажетті шығындарды жабуға қосымша қаражат бөледі. Оған барлық жеке меншік мекемелер арнайы конкурс негізінде қол жеткізеді.
Он шақты жыл бұрын елімізде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету үшін «Балапан» бағдарламасы іске қосылған болатын. Осы бағдарлама аясында республикамыздың түкпір-түкпірінде жекеменшік балабақшалар ашыла бастады. Оларға берілетін рұқсаттаманың да жетілдірілген тұсы көбейіп, жеке кәсіпкерлер бұл салаға қызығушылық танытуға айналды. Мемлекеттің өзі балабақша тапшылығын толық қамтамасыз ете алмайтындығын ескерсек, бұл әрине, мәселені шешудің бір жолы еді.
Ақмола облысы білім басқармасының мәліметінше, өңірде мемлекеттік және мемлекеттік емес барлығы 599 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Облыс орталығы мен аудандардың 38470-тен астам жеткіншек осы балабақшаларда білім және тәрбие алуда. Оның 14500-ге жуығы жекеменшік балабақшаларға барады.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №381 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларына» сәйкес Ақмола облыстық білім басқармасында жыл сайын мектепке дейінгі ұйымдар арасында конкурс өткізіледі. Конкурстан өткен жеке меншік ұйымдар әр балаға дотация алады.
–Мектепке дейінгі ұйымдардың конкурс кезінде өткізген тиісті құжаттарын арнайы комиссия қарайды. Биылғы жылы өңірдегі 163 жеке меншік ұйымдардың 157-сі және сонымен қатар, алты шағын орталыққа мемлекеттік тапсырыс орналастырылды, – дейді бұл ретте, Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева.
Біз өз кезегімізде ведомство басшылығынан мемлекеттік тапсырыс орналастырылған ұйымдардың одан арғы жұмысын қадағалау жөнінде сұрадық. Белгілі болғанындай, бөлінген қаржыны қадағалау, қағидат талаптары мен шарттарын орындау бойынша құзырлы мекеме жоспарлы және жоспардан тыс мониторинг жүргізеді екен.
Жалпы, жекеменшік балабақша ашу кәсіпкер үшін бизнестің көзі. Кез келген кәсіпті ашу үлкен тәуекелдерден тұрады. Осы кәсіпті нәсіпке айналдырғысы келетіндердің барлығы талап етілетін стандарттарды толығымен жүзеге асырып жатқан жоқ. Оны біз республикамыздың әр аймағындағы кейбір балабақшалардағы заңсыздықтар мен балаларға тиісінше жағдай жасалмағанын бейнебақылау камераларына түсіп қалған кадрлардан, әлеуметтік желіні шарлап кетіп жатқан оқиғалардан естіп-біліп отырмыз. Соған қарағанда, бұл сала бойынша әлі де болса жолға қойылмаған мәселе көп деп топшылаймыз.
Әрине, балабақшаны ашу жұмысын тыңғылықты һәм талапқа сай ұйымдастыру, әр балаға жауапкершілікпен қарау – кәсіпкерге, яғни, балабақша иесіне ауыр міндет жүктейді. Соған қарамастан, жеке меншік ұйымдардағы тәрбие мен білім бағдарламаларына қоғам тарапынан назар аударылуы қажет деп санаймыз.
Осы мақсатпен өз бетімізше жекеменшік негізде жұмыс істеп жатқан балабақшалардың бір-екеуінің оқу бағдарламасын бағамдап көрдік. Қорғалжын ауданы Сабынды ауылында орналасқан «Балдәурен» балабақшасы 2022 жылы тамыз айында ашылған. 120 орынға лайықталған мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мекемесінің меңгерушісі Жанель Ермекқызының айтуынша, басты міндет – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне озық педагогтардың заманауи әдістерін енгізу арқылы бағдарлама жасақтау болып отыр.
–Біз жекеменшік балабақша болғанымызға және ауылдық жерде орналасқынымызға қарамастан, оқу бағдарламасының тиісті стандарттарымен жұмыс істейміз. Бүгінгі бала өңірімізден шығатын ертеңгі білікті маман. Сондықтан, оның жастайынан өсіп, жетіліп, үлкен өмірге қалыптасуы үшін осы өңірдің азаматы ретінде де бей-жай қарай алмаймыз. Балабақша қажетті құралдармен, ойыншықтармен толық жабдықталған. Ойын ойнау, сабақ өту бөлмелерінен басқа әр топтардың ұйықтау бөлмелері, асханасы және дәретханасы бар, – дейді балабақша меңгерушісі сұқбаттасу барысында.
Аталған балабақша 1250-ден астам тұрғыны бар Сабынды ауылының осы сала тапшылығын толық игеріп отыр дегенге әрине, ауыз бармайды. Мекеме меңгерушісі Жанель Ермекқызы егер мемлекет қолдаса, қосымша топтар ашып, кәсіпті кеңейтуге дайын екенін айтады. Сонымен қатар, меңгеруші тәрбиеленушілердің 60-70 пайызға жуығы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары екенін жеткізді. Бұл санаттағы балалардың ата-анасы ай сайынғы балабақша төлемінен босатылады. Бүгінде жиырма екіге жуық ауыл мамандарын жұмыспен қамтып отырған мекеме өткен жылы Оқу-ағарту министрлігінің арнайы Алғыс хатымен марапатталыпты.
Ал, Көкшетау қаласының Краснояр ауылындағы «Мансұр» жекеменшік балабақшасы 2016 жылы мемлекет пен жеке серіктестік негізіндегі пилоттық жобасы аясында ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. 140 баланың мектепке дейінгі тәлім-тәрбиесімен шұғылданатын балабақшадағы 14 педагогтың әрқайсысының бала дамуына қатысты озық технологиялар үлгісінде жасақтаған өз бағдарламалары бар. Олар кішкене топтардың балаларымен ортақ келісімге келу, психо-гимнастика, логоритмика, саусақ ойындарын жүзеге асыру, валеологиялық мәдениетті қалыптастыру сияқты осы заманғы көптеген әдістемелермен жұмыс істейді. Балаларды тамақтандыру да баланың өсіп жетілуіндегі маңызды факторлардың бірі болғандықтан, тәрбиеленушілер бес уақыт тамақпен қамтамасыз етіледі.
«Бэйби бум» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жанындағы осы «Мансұр» балабақшасының құрылтайшысы Сағира Күбегенованың айтуынша, мұнда тіл кемістігі бар балалар үшін инклюзивті кабинет қарастырылған. Бүгінде онда үш бала кемістіктерін қалыпқа келтіру бойынша мамандардың арнайы жаттығуларына жүгініп жүр.
P.S. Жақында Оқу-ағарту министрлігі 2024 жылдан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялаудан өткізу туралы бастама көтерді. Бұл бөбекжайлардағы оқыс оқиғалардың алдын алып, білім сапасын арттыруға септігін тигізеді деп күтілуде. Бірақ, бұл шешім қоғамның қызу талқысына түсіп, жекеменшік балабақша құрылтайшыларының қарсылығын туғызғанын естіп жатырмыз. Қалай дегенмен де, жекеменшік бала бақша иелерінің жұмысын қадағалау әрі дұрыс үйлестіру өскелең ұрпақ тәрбиесі үшін өз қажеттілігін туындатып отыр.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.