Ұлттық Құрылтай. Қайта жаңғыру және тарихи жауапкершілік

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ-IV. КӨКШЕТАУ-2025.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық.

 (Бірінші  Ұлттық құрылтай.  Ұлытау. 16 маусым, 2022 жыл.)    

 СӨЗ БАСЫ: Әлқисса, Қазақстан  Республикасының  Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйғарымымен  биыл Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы Көкшетауда өткелі отыр.

Ел болып қуанып отырмыз!  Сөз жоқ, осыған дейін өткізілген  үш Құрылтайдың үшеуінің  де  ел үшін, мемлекет  тағдыры үшін  айқындаушы үлкен тарихи маңызы болғаны анық. Көкшетау Құрылтайының  да сол санатта болатындығына  сенім зор.

Еліміздің өркендеу жолында зор бетбұрыстар жасалып, жаңа дәуірге, Адалдық пен Әділдік,  Адал еңбек пен Адал Табыс, Заң мен Тәртіп үстемдік етер дәуіріне қадам басып отырған шақта  экономикалық-әлеуметтік және қоғамның барлық саласында  ұзақ жылдар бойы  қордаланып қалған  маңызды мәселелердің  аз еместігіне көзіміз жетіп келе жатқандығы тағы да анық.

«Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер.  Бабаларымыз   маңызды  мәселелерді  осындай алқалы жиында талқылаған.  Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген.  Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл  тарихымызда  ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев  2022 жылдың 16 маусымында Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында.

Халқымыздың осы бір Құрылтай шақыруының  ежелгі  дәстүрінің  қайта жаңғыртылуы қазіргідей  Жаңа Қазақстанның басты ұстанымы ретінде алға тартылған   Адал да Әділ Қазақстан идеясының тәуелсіздікті баянды ету мақсатында заманның өзі алға шығарып  отырған жаңа құндылықтар мен тың талаптар  жағдайында аса қажетті және аса маңызды  тарихи  шешім  болды   деп санаймыз.

Дүбірлі дүние дамуының қилы-қилы жағдайларын және  әлемнің қазіргідей көз ілеспес шапшаңдықпен дамып жатқан үрдісі мен сәт сайын өзгеріп, құбылып тұрған саясатын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың терең зерделеп отырғаны бар. Бұл күмән тудырмайтын мәселе.

Соған  орай, Мемлекет басшысы өзінің туған елі мен халқының алдына  Ұлттың ұлы мұраты дерлік – ұлтымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру, адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру, еңбекқор, болашаққа сеніммен қарайтын білімді де тәрбиелі ұрпақ өсіру, заң мен тәртіп үстемдігі сияқты аса  күрделі де маңызды қағидаттарын  алға тартып, Ұлттық құрылтай отырыстарында айтып келеді.

Бір анық жай,  Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан Халқына Жолдауларында, түрлі жиындар мен шараларда, жұртшылықпен, жастармен кездесулерде сөйлеген сөздерінде, бұқаралық ақпарат құралдарына беріп жүрген сұхбаттарында Тәуелсіздік пен өз халқының тағдырлы мүддесі, Мемлекет пен Ұлт мүддесі  бәрінен де биік тұрары бар. Тәуелсіздіктің тағдыршешті осы мүдделері Ұлттық құрылтай алаңдарында да жалғасып, түрлі ойлар мен ұстанымдар  әркез толықтырылып жатады.

Ұлттық құрылтайды қазіргі уақыттағы тарихи маңызы жайлы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің «Telegram» арнасында:   «Ұлттық құрылтай не үшін құрылды? Ол қоғамның бірігуін нығайту және кеңейтуге идеялар мен қадамдар іздеу әрі әзірлеу үшін диалог платформасына айналуды мақсат тұтады», – деп жазғанын ойға ала отырып, сөйлер болсақ, сөз жоқ, Ұлттық құрылтай шын мәнінде ашық пікір алмасу, ортаға ой салу, ой бөлісу, келелі пікір айту алаңына айналғаны анық!

Қазіргідей асау ғасыр иінінде тұрған және сол асау ғасырдың алда қандай мінез танытарын болжап білу  қиынға соғар елең-алаң тұста болашаққа сеніммен қараудың харекеттері сөз жоқ, Ұлттық құрылтайда айтылуы да керектігін, Ұлттық құрылтайда мемлекеттің тарихи жаңа да тың мүдделерінің айқындалып, анықталуын да өте маңызды деп білсек етті.

Біз  халқымыз үшін ежелден  маңызды мәселелерді Ұлттық құрылтай сияқты алқалы жиында талқыға салу, ой алысып, ой бөлісу дәстүрін қайта жаңғырту  арқылы,  қоғамдық белсенділіктері күн сайын артып, сөз бостандығын айқын сезіне бастаған,  ел тағдырына бей-жай қарай алмайтын қазақстандықтардың алуан түрлі ойларын, пікірлері мен көзқарастарын тәуелсіздік тағдыры үшін бір ортақ мүддеге топтастырып, ортақ бір тоқтамға келуді жаңғыртып, орнықтыра білген қазіргі Ұлттық құрылтайды халықтың ұлы мінбесі деп, ат тағып, айдар тақса да  болғандай деп білеміз.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

«Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізуге ұйғарым жасалды.  Ұлық ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесінің іргесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз – осы!

Бірінші  Ұлттық Құрылтай.  Ұлытау. 16 маусым 2022 жыл.

Ұлытау! Ұлт ұясы – Ұлытау! Жер мен суына  ат қоюға келгенде жаңылуды білмеген кемеңгер қазақ  Ұлытауды ұлт ұясы деп ежелден бері  ұлықтап келеді. Тарихшыларымыз «Ұлт ұясы» деген атау сонау   Сақ заманынан келе жатқан ұғым болса керек дейді де, Тұмар патшайым  парсыларға қарсы Ұлы шайқасқа әуелі Ұлытау етегінде жиналып, аттанған деген деректі алға тартады.

«Жошыдан тарайтын 36 ханды жұрт осы Ұлытаудың етегінде ақ кигізге көтеріп, хан сайлап, олар халқына адал қызмет етуіне ант беріскен. Шетел термині  – инаугурацияны қазақ «ұлықтау» деп атаған. Бұл дәстүр, сірә, Жошы ханнан басталса керек. Жошының хан болып ұлықталуы да осы Ұлытау өңірінде өткен. Осы айтылған мәселелерден түйін шығарсақ, біздің қазір «Ұлытау» деп жүрген өңіріміздің атауы тікелей Жошы ханға және одан тараған хандардың ұлықтауына қатысты, «Ұлытау» тауға емес, хандарды ұлықтауға қатысты мәселе. Бір кездерде қазақ тілінің сингормонизм заңына сай «ұлықтау» сөзі Ұлытауға айналып кеткенге ұқсайды. Әрине, тілші мамандар, тарихшылар бұл жайға өз пікірлерін болжамдарын ұсынарар,-деді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау құрылтайында сөйлеген сөзінде.

Және де бұдан соң мәселен, философ Ғарифолла Есім «Мұсылман жұрты тауды «Ұлы»  демейді. Теңі, теңдесі жоқ жаратушы – Алла Тағаланы ғана қазақтар «Ұлы» деп мойындаған. Ұлытау атауы осы таудың баурайындағы «Хан Ордасына» тікелей қатысы бар секілді. Бұл жерде қазіргі тілмен айтқанда қазақ хандарының барлығының дерлік инаугурациясы өткен» дегенді  айтады.

Әйтеуір,  сан ғасырлар бойы қазақ баласының санасына Ұлытау қасиетті де киелі тарихи орда болып орныққаны бар. Замананың  талай бір қысылтаяң кезеңдерінде  ел тағдыры үшін көптеген маңызды кеңестер өткен,  дүниежүзілік тарихтың беттеріне алтын әріптермен әдіптелген «Алтын Орда» әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалған осы қасиетті Ұлытауда өткен алғашқы, бірінші Ұлттық құрылтай сөз жоқ, ұрпақтар сабақтастығының жалғасындай Тәуелсіздік тарихына енді.

«Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет!»

Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет» деген ұстанымды алға тартты. – Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады, – дей келіп және де Жаңа Қазақстанның бір күнде немесе бір жылда құрылмайтынын, «бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс» екендігін жасырмай әрі  анықтап айтып, әрі мұны жүзеге асыруға тұтас ел болып жұмылсақ қана көздеген мақсатымызға жетеміз дегенді тағы да алға тартты.

Халқымыздың тағдырын анықтайтын да, айқындайтын да   осы бір елдік мүддені біз ең әуелі Мемлекеттік мүдденің ажырамас бір бөлігі есебінде қарастыруға тиістіміз.

Мұның алдында Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылғы 1 қыркүйектегі  Қазақстан халқына Жолдауындағы «Ұлттың жаңа болмысы» атты бөлімінде: «Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс» деген аталы сөзін «Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады», – деуі  тегін болмаса керек-ті.

Бұл ұлт болашағын терең ойлаудан туғандығын айта отырып,  осы бір сәтте Абай хакімнің: «Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін, ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін», – деп күйзелген кезінің еріксіз еске түскені де бар…

Заман талабына сай тиімді мемлекет құруды жетілдіріп келе жатқан Мемлекет басшысы Ұлытау құрылтайында тағы да Адал да Әділ Қазақстанды құруға «ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беруіміз қажет» дей келіп, негізгі үш бағыттарды айқындап берді.

Сол үш бағыттың біріншісі – «Жалпыұлттық бірлікті нығайту», екіншісі – «Реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру»,  үшіншісі – «Жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру» еді!

Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы бірінші бағыт бойынша, демократияның дәстүрі жетілдірілген мықты азаматтық қоғам құруды стратегиялық бағыт есебінде белгіледі және де бұл бағытты берік ұстану қажеттігін айтты.

Бүгінгі қоғамның даму  барысынан ««Жалпыұлттық бірлікті нығайту» бірінші бағытының қағидаларының қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрғандығын анық байқар едік. Осы орайда,  Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз ынтасымен және бастамасымен 2022 жылдың 5 маусымында өткізілген жалпықазақстандық конституциялық референдумның тарихи маңызы зор болғандығын ерекше атар едік.

Қазақстандық қоғамда қызу талқылау барысында Ата Заңымыздың отыздан астам баптарына өзгерістер енгізілгендігін ескерсек, осы Референдум қорытындысы бойынша 2022 жылды 6 маусымында Қазақстан халқына жасаған Үндеуінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міңдетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін  Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз», –  деп мәлімдеді.

Біз Президентіміздің қай сөзін, қай ойын алға тартсақ та, солардың барлығында  бірдей тек қана бір ғана – Ұлттық және Мемлекеттік мүдделердің бәрінен де ең биік қастерлі орында тұратындығын ерекше атап көрсетер едік.

Соған орай бүгінгі күні «Жалпыұлттық бірлікті нығайту» жөніндегі Ұлытау құрылтайының тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып,  барлық қазақстандықтардың, әсіресе, жастарымыздың бойындағы  шынайы отаншылдық қасиетті қалыптастыру бағытында тынбай жүргізіліп жатқан және де ұдайы жүргізіле беретін барлық жұмыстарды еліміздің бүгіні мен болашағы үшін «түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстану аса маңызды міндеттердің бірі.

Отаншылдық қасиет дегенде, қазіргі уақытта орнықты демократиялық қоғам және саяси жауапкершілік мәдениеті қалыптастырудың маңызы да ерекше екендігін сезінуіміз қажет. «Демократия дегеніміз – керемет өмір туралы жалпылама ұғым, түсінік емес. Бұл – күнделікті тынымсыз еңбекті талап ететін өркениетті өмір салты.  Атаққұмарлар мен алаяқтардың жалаң ұраны мен құрғақ уәдесіне алданбау қажет. Еліміздің болашағы үшін аса маңызды мәселелерді дау-дамаймен емес, ұтымды ой-пікірмен, парасатты пайыммен және саналы көзқараспен шешкеніміз абзал», – деген Ұлытау құрылтайындағы Мемлекет басшысының осы бір ауыз сөзі әрқайсымыздың берік ұстанымымыз болса керек-ті.

«Біз демократиялық реформа жасаймыз деп, мемлекетті әлсіретуге еш жол бермеуіміз керек!»

Міне, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытаудағы Ұлттық құрылтайда  Тәуелсіздік  тағдырын тереңінен ойлап осы айтқаны бүгінгі де және келер… одан кейін де  келер ұрпаққа мәңгі естерінде  ұстар  тоқтам болса керек!

«Біз не істесек те бәрін ұрпақ үшін істеп жатырмыз!»

 «Реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру» атты Ұлытау құрылтайының   екінші  және «Жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру» атты үшінші  бағыттар  бойынша жүргізіліп жатар барлық жұмыстар ең әуелі «Біз не істесек те бәрін ұрпақ үшін істеп жатырмыз!» деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгін мен болашақтың айқын бағдары деп қарауымыз керек. Ұрпақ дегеніміз дүниеге бүгін және ертең келер ұл-қыздарымыз екені анық.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 20 ақпан күні Президенттік жастар кадр резервінің форумында сөйлеген сөзінде «Қай салада болмасын, негізгі мақсат мемлекет мүддесі болуға тиіс», – дей келе, «Мен сіздерге зор сенім артамын. Сіздер өмірдің базарына енді келген, ал біз қайтып бара жатқан адамдармыз. Бұл – қалыпты дүние. Уақыты келгенде, сіздерге жол береміз. Біз зейнетке шығамыз, орнымызға сіздердей жалынды жастар келеді. Бірақ сіздер туған елге, Отанға қызмет етуге дайын болуларыңыз қажет. Өйткені, күрделі заманға тап келіп тұрмыз. Көптеген қиындықтарды бастан өткеріп жатырмыз», – деп қазақстандықтардың бүгінгі жас буын өкілдеріне қарата айтқан бұл аманат сөзі  Ұлытау Ұлттық құрылтайында айтылған  осы бір мақсатты мүдденің, қайта жаңғырудың қашан болсын  жалғасы бола беріп қала беретіндігін айғақтайды.

«Елдегі өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, шын мәнінде, жаңару жолына түсеміз.  Мұны еліміздің әрбір азаматы терең түсінгені жөн.   Реформаның мән-маңызын елге жан-жақты түсіндіру қажет», – деген Мемлекет басшысының Ұлытау құрылтайындағы осы айтқанын ой елегінен өткізер болсақ, реформа жайлы, елдегі оң өзгерістер жайлы қалың елдің ішінде әлі де кең көлемді түсінік жұмыстарын жүргізу қажет.

Сөйтіп, реформалардың біреу үшін емес, өзіміз үшін жүргізіліп жатқандығын санаға терең  сіңіретіндей шаралар болғаны жөн. Бұған жергілікті билік өкілдерінің, әр деңгейдегі әкімдердің халық алдында бір ғана есеп беріп отыруы  бәлкім жеткіліксіздеу болар.

«Жаңғырудың маңызын ұрпақ санасына сіңіру үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек.  Жалпы, түсіндіру жұмысы кезінде жастарға айрықша назар аударған жөн. Өйткені, бүгінгі реформалардың игілігін ертең солар көреді. Біз не істесек те бәрін ұрпақ үшін істеп жатырмыз», – деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы ойының негізінде, айтарымыз әлем  дамуының қазіргі жай-жапсары көрсетіп отырғанындай,  дүние бір сәтке де тыныс алып, қалғып жатқан жоқ. Дүние күні-түні ояу!

Біз де, біздің жастарымыз да ел мен мемлекет мүддесі үшін қалғымауымыз керек. Дүние  өз тіршілігі үшін жанталасып жатыр. Сол жанталасты тіршілік үшін күрестің шешуші сәтінде қазақстандықтар өздері қалап та, қолдап  та отырған жақсы да оң өзгерістерді одан әрі тереңдету және бұған жалпы халық болып жұмылудың айрықша маңыздылығын айтуға тиістіміз.

«Елдегі өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, шын мәнінде, жаңару жолына түсеміз.  Мұны еліміздің әрбір азаматы терең түсінгені жөн.   Реформаның мән-маңызын елге жан-жақты түсіндіру қажет»,-деген Мемлекет басшысының Ұлытау құрылтайындағы осы айтқанын тағы бір ой елегінен өткізер болсақ, реформа жайлы, елдегі оң өзгерістер жайлы қалың елдің ішінде әлі де кең көлемді түсінік жұмыстарын жүргізе беру қажет. Сөйтіп, реформалардың біреу үшін емес, өзіміз үшін жүргізіліп жатқандығын санаға терең  сіңіретіндей шаралар болғаны жөн. Бұған жергілікті билік өкілдерінің, әр деңгейдегі әкімдердің халық алдында бір ғана есеп беруі жеткіліксіз болар.     

Реформаны жүзеге асыру барысын елге ұдайы түсіндіріп отыру жөніндегі Ұлытау құрылтайының осы бір басты тұжырымы қашан болсын маңызды болып қала береді. Қазақстандағы жалпыұлттық сипатқа ие болып келе жатқан   қазіргі жаңғыру үдерісін, оның әсері мен ықпалын және ең бастысы, сол оң  өзгерістерді халық сезіне бастады ма, міне, осы жай енді өзекті бола түсері бар.

***

Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдеуді басты ұран еткен Ұлытауда өткен бірінші Ұлттық құрылтайдың жаңа қоғамның жаңа санасын қалыптастырудағы маңызы айрықша болғандығы бар.

Әсіресе, Ұлытау құрылтайында елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясатты орнықтырып, ел дамуының жаңа басымдықтардың  айқындалуының  тарихи маңызы зор болды.

Осы орайда,  «ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізгенді» жөн санаған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деген осы ұсынысы барша қазақстандықтарды ерекше тебірентті, қуантты, жігерлендірді, Тәуелсіз Қазақстанға деген сүйіспеншіліктерін арттыра түскені анық еді!

Міне, Ұлытауда шақырылған бірінші Ұлттық құрылтай Мемлекет басшысының ұсынысын  толық қолдап,  25 қазанды Республика күні – Ұлттық мереке мәртебесін он үш жылдан соң қайтарды.

Аз-кем тарихқа ой жүгіртсек, 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданған күн  елімізде «Республика күні» ретінде аталып өтіліп келді де, 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет «Ұлттық мереке» болып жарияланған-ды. Кейін,яғни, 2001 жылы «Республика күні» ұлттық мәртебесінен айырылып,  қатардағы мемлекеттік мерекелер тізбесіне ауыстырылды да,  2009 жылы ол күн, яғни, 25 қазан  мерекелер қатарынан мүлдем алынып тасталған еді.

Мемлекет басшысының ұсынысымен Ұлытау Ұлттық құрылтайында  25 қазанды Республика күні ретінде ұлттық мереке мәртебесімен қайтаруы өткеннен тағылым ала отырып, тарихи әділдікті орнықтырудың, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртудың жарқын бір көрінісіндей болып, құрылтай сияқты халықтық жиынның тарихи маңызын асқақтата түсті.

Адалдық пен Әділдікті мұрат еткен біздің еліміз Қазақстан  сөз жоқ, жаңарып жатыр, санамыз жаңғырып, кемелденіп келеміз! Сол кемелденіп келе жатқан бүгінгі және келер ұрпаққа «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда ғана орындалады» деген  алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның осы бір ауыз сөзі аманат!.. Осы аманат әрдайым   санамызда  жаңғырып жүрсе етті!

Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой!

МАҒЖАН

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:  

Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған… Ұлттық құрылтай – халқымызды  ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым. Бүгінгі басқосу бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһарда өтіп жатыр. Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді.

 Екінші  Ұлттық  Құрылтай. Түркістан  қаласы. 17 маусым, 2023 жыл.

 Ұлттық  Құрылтай.

Қайта жаңғыру және тарихи жауапкершілік

 «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады!»

«Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым», – деп Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев киелі Түркістанда өткен екінші құрылтайда Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызын тағы бір мәрте атап көрсете отырып, қоғамдық диалогты одан әрі  нығайтып,  ұлттың және мемлекеттің болашағына ықпал ете алатын елдік мәселелер талқыланатындығын алға тартқан болатын.

«Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты тақырыппен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөз сөйлеген Президентіміз «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі.  Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады», – деп Адамзат баласының  әлмисақтан бергі көксеп келе жатқан адалдығын бүгінгі күннің мұратымен ұштастырылды.

Құрылтайда «Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс», – деген тұжырым жасалғандығын айтқан ләзім.

Болашағы қалай болатын және қандай мемлекет құрып жатырмыз, ұлтымыздың арман-мүддесі не,  ендігі  Қазақстан азаматы қандай болуы керек деген барша қазақстандықтарды ойландырып та, толғандырып та келе жатқан көкейтесті мәселелер Түркістан құрылтайында кеңінен сөз болып, ой толғанып, тоқтам жасалды.

Кейде қарапайым халықтың өзі «еліміз не болар екен, осы біз қайда кетіп бара жатырмыз?» дегенді бірінен-бірі сұрап, ел болашағын әркім өз білгендерінше топшылап, болжайтындары да бар. Бұл да халқымыздың ел болашағына немқұрайды қарамайтындығының бір мысалы болса керек-ті. Халық та түсінеді, ел болашағы – әркімнің өз болашағы, отбасы мен ұрпағының болашағы! Алаңдау орынды!

Осы бір «еліміз не болар екен, болашығымыз қалай болар екен?» деген көкейтесті сауал алдымызды тосқан кезде, Қасым-Жомарт Тоқаевтың  республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне (3 қаңтар 2024 жыл) берген сұхбаты санамызда жаңғырып тұрары бар.

– Баяғыда ұлы халық болғанбыз деп масаттанып немесе бұрынғы өкпе-реніштерді қоздатып, қызыл кеңірдек болып айтысудың қажеті қанша?! – дей келіп осы сұхбатында Мемлекет басшысы, өз пайымын былайша жалғастырды. – Алайда біздің бұрын кім болғанымыздан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әлдеқайда маңызды, – деген ойды киелі Түркістан төрінде, қазақтың рухани астанасы саналатын Түркістанда  ортаға тастады.

«Болашақта кім болатынымыз әлдеқайда маңызды!» Бүгінгі күні де келер уақытта да біздің халқымызды осы мәселе ойландырып қана қоймай, егер де бізге Тәуелсіздіктің тағдыры қымбат болса, тәуелсіз ел мүддесі қымбат болса болашақта жасампаз ұлт болу үшін «мен не істеуім керек?» деген ой-қарекетпен өмір сүргеніміз абзал.

– Біз өткенді аңсаумен өмір сүрмеуіміз керек. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз, – деген  Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы айтқаны Түркістан құрылтайының тағы да бір маңызды пайымы, тоқтамды сөзі екендігін танығанымыз бар еді. Және де бұл пайымның, яғни, «келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеу» күн сайын құбылған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан тұтас дүниенің бір бөлшегі Қазақстанның болашағы үшін де  айрықша маңызды екенін ұғынғанымыз абзал. Бұл қағиданың ел ертеңін, болашақты ойлаған әрқайсымыздың әрдайым, әрқашан  ойымызда жүргені абзал.

«Пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді!»

Қазақстан өзінің саяси жүйесін тереңінен реформалауды сәтті бастап, ендігі арада экономикалық реформаларды бүгінгі заманның талабына сай жүргізу  үшін түрлі қадамдар жасап жатқаны бар.

Алға қойып отырған түпкі мақсаттарға жету үшін әрине, саяси-экономикалық реформа жасаудың жеткіліксіз екендігін Мемлекет басшысы өз сөзінде атап көрсете отырып, тағы да ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғырып, халқымыздың дүниетанымы мен өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиісті «әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер» деген қағиданы алға тартты.

Сана-сезім… дүниетаным… ұстаным… Бұлар адам баласының туа бітті санасындағы жүре қалыптасар қасиеттері болса керек! Түркістан құрылтайындағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді», – деген осы бір ауыз сөзі атам қазақтың «не нәрсені болсын адамның өз пиғылына береді» деген даналығын еске түсірер еді.

Осы «пиғылдың түзу болу» концепциясын біз қазіргі Адал да, Әділ Қазақстан құру бағытынан айқын танимыз. Бізге сол Адал да Әділ Қазақстанды шеттен келіп ешкімнің де құрып бермесі тағы да анық. Ал енді, кім құрады деген мәселеге ден қояр болсақ, Ұлттық құрылтайда Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құратындығы мәлімделді. Құрылтайда осындай ұйғарым жасалды!

«Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады,–деді  Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан құрылтайында. әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге, жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек!

– Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиісті. Әділетті Қазақстанды құру үшін «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады», – дей келіп Президентіміз Ұлттық құрылтайда жас буынның бойында адал азаматқа тән қасиеттерді дамытудың үш тағанды бағытын ұсынды.

Бұл үш тағанның біріншісі – Білім, екіншісі – Ғылым,  үшіншісі – Мәдениет делінді құрылтайда!

Және де жастарды адалдыққа тәрбиелеудегі аға буын өкілдерінің жауапкершіліктері мол екендігі атап көрсетілді. Ең әуелі сол аға буынның  өздері еңбекқор, іскер болу арқылы, жастарымызды көп сөзге құмарлық, жағымпаздық, жалқаулық, енжарлық, масылдық сияқты теріс әдеттерден  аулақ  болуын үйретудің маңыздылығы атап көрсетілген болатын.

Біреудің ала жібін аттама! Ұлы Даланың жазылмаған осы заңымен өмір сүрген және қашан болсын басының амандығы мен асының адалдығын тілейтін  біздің халқымыз үшін ежелден адалдық адами биік қасиеттің бірі болып келе жатқандығы  бар.

Абай хакім өзінің 29-шы қара сөзінде «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі», – десе,  Шәкәрім қажы «Мақтан үшін мал жыйма, жан үшін жый, ғибадат пен адалдық ар үшін жый», – деп ғибрат айтса, даналардың бұл өсиеттерінен адам баласының бақыты адалдықта жатқандығын аңғаруға болар еді. Бұл арада Шәкәрім қажының «мал» деп отырғанын осы күнгінің ұғымымен «дүние – байлық» деп білген абзал. Тіпті, Шәкәрім қажы «Адамдық борыш – ар үшін қызмет ет», – дегенді өсиет қылғандығы және де бар.

Замана құбылыстары мен даму шарттары биікте тұрған адами арды,  сана биігінде тұрған адами ар мен ұятты өз орнынан төменге қарай ептеп сырғыта бастаған қазіргі жағдайда Әділетті Қазақстанды ендігі жағдайда тек Адал азаматтар құрады деген ұстанымның ұсынылуы Түркістан құрылтайының басты бір ғибраты болса керек.

«Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек!»

Түркістан құрылтайында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек» деген қағидасы бойынша осы қоғамдық жаңа этиканың алтын арқауы  «Елдің бірлігі және тұрақтылығы», «Азаматтардың өзара тілектестігі», «Әділдік, заң мен тәртіп», «Сенім және жауапкершілік» сияқты құндылықтардан болуы керек деген тұжырым жасалды.

Сөз жоқ, бұл тұжырымдар Тәуелсіздік тағдыры үшін қашан болсын басты бір құндылықтар есебінде қала берері бар. Ал, енді біз осы айтылған, яғни, қоғамдық жаңа этика мәселесіне келгенде, тағы да жас ұрпақтың тәрбиесіне қарай ойысарымыз бар. Өйткені, халқымыздың «жаста берген тәрбие жас шыбықты игендей» деген бір тәмсіліне сүйенер болсақ, жас ұрпақты адал адам етіп тәрбиелеу мәселесі біздің қоғамның ғана емес, жалпы адамзаттық үлкен бір күрделі мәселеге айналып отырғаны анық.

Қазір еліміз бойынша жас буынның білімді де тәрбиелі әрі мәдениетті болуларына және қоғамдық жаңа этика қалыптастыруға мемлекет тарапынан жағдай жасау жылдан-жылға жақсарып келеді. «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының айтқан  осы тәмсілін алға ұстай отырып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам.» атты 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мектептерде балаға берілетін орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір ең маңызды шарты екендігін ерекше атап көрсеткендігін және де Түркістан құрылтайында Президентіміз тағы да «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек» деген мақсатты мүддесімен  ұштасып жатқандығын  қосарлай алға тартамыз. Бұл еліміздің түбегейлі мақсатының бір екендігін, ұлт мұратының да бірегейлігін айқын таныта түседі.

Міне, жас ұпақтың білімді де тәрбиелі, табысты болуын  мемлекетіміз өзінің басты мүддесінің бірі ретінде қарастырып отыр. Бұл анық мәселе! Және де Мемлекет басшысының тапсырмасымен әр оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғандығын ерекше атап көрсетер едік. Және де елімізде 2025 жыл аралығында 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасалатындығы Жаңа Қазақстанның жаңа бетбұрысы, ұрпақ тағдырын мемлекет тағдыры деп қарастырып отырғандығы деп санаймыз және соған қуанамыз.

Жас ұрпақтың білімді болуы үшін мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі деген Мемлекет басшысы ең аяғы  жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, ол қаржы түгелдей мектеп құрылысына жұмсалу керектігін де ашық айтқан болатын.

Қазір солай болып та жатыр. Мысалы, кезінде елімізден заңсыз шығарылып, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен осы күндері Ақмола облысының Зеренді ауданының орталығында жалпы құны 2,1 миллиард теңгенің аумағы алты мың шаршы метрден асатын балалар мен жасөспірімдердің замануи  спорт мектебі салыну үстінде.

Бұдан өзге Ақмола облысы бойынша ең қысқа мерзімде 12200 оқушыны қамтыған тоғыз «Жайлы мектеп» салынып, қазір бұл мектептерде жас ұрпаққа   саналы тәрбие, сапалы білім берілуде. Осы жайлы тоғыз мектептің жетеуі Астананың іргесіндегі және халық ең тығыз орналасқан Целиноград ауданының үлесіне тиіп отырса, екі «Жайлы мектеп» облыс  орталығы  Көкшетау қаласының еншісінде тұр.

Жалпы осы заманның бар талаптарына сай жауап беретін жайлы мектеп салып, оны пайдалануға беруде Ақмола облысы республика бойынша алдыңғы қатарда келе жатқандығын да ғанибет тұтамыз.

* * *

Түркістан төрінде өткен екінші Ұлттық құрылтай «отаншылдық»,  «адамгершілік», «білімпаздық», «нағыз маман болу», «үнемшілдік»,  «еңбекқорлық», «ел мен жерге жанашырлық» сияқты асыл қасиеттерді жаңа  қоғамдық этика есебінде қазақстандықтардың бойларында қалыптастыруды ұсынды.

Әрине, сөз жоқ, «мұндай қасиеттің барлығын бір бойына сыйдырған жан ол – Адал азамат!» Президентіміздің бұл пайымы бүгінгі күннің адал адамы қандай болуы керек  деген сауалға берілген нақтылы бір жауап та болса керек.

Ұлттық құрылтай Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылу қағидасын бірінші, алғы қатарға шығарып отыр. Жалпы қоғамдық жаңа этика талаптарына сай, жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеу басты міндет легінің басында тұрса, сонымен бірге, тағы да ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін  жасалуға тиісті жүйелі жұмыстардың негізгі сегіз бірдей бағыттарының да Түркістан құрылтайында белгіленгендігін баса айту керек.

Президентіміздің Түркістан құрылтайында ұсынған жаңа құндылықтарының  сегіз бағыттары да ұлттық мүдденің бір тұтастығынан туып отырғаны анық.  Мәселен,  ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу бағыттары жаңа Қазақстанды  рухани  кемелдендірудің де,  Адал адамды  тәрбиелеудің де  алтын арқауы болса керек деп ұғынғанымыз бар.

«Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту

өте маңызды»

Түркістан құрылтайында Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту өте маңызды», – дей келіп, дамыған мемлекеттің бәрі өздерінің толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән беретіндігіне ерекше  назар аударды. Бұл орайда Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағын әзірлеп, басып шығаруды тапсыруы өте орынды болды.

Қазақтың Тілі мен Тарихын түгендеп алудың қазіргі мүмкіндігін жіберіп алмау біз үшін өте маңызды мәселе болса керек-ті.  «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жаңа академиялық басылымның дайындалып, баспа жүзін көруіне жауапты Мемлекеттік кеңесші  Ерлан Қарин  былтыр, 2024 жылдың 24 сәуірінде Алматы қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтында әзірлеп жатқан жетекші ғалымдармен кездесті, бұл маңызды іс реттеліп жатыр.

Президентіміздің «жаңа ғылыми ұстанымдарға сай Қазақстан тарихының  көп томдық жинағы болуы керек»,– деген осы бір ауыз сөзінің мәні де, маңызы да тереңде жатқандығын пайымдай отырып, қазақтың арқалы ақыны Ғафу Қайырбековтің кеңестік дәуір кезінде  «басқалардың хандары ақылды боп, неге біздің ханымыз жаман болған» деп өз жырымен шамырқанғаны да  есімізге түседі.

Қазақстан тарихының көп томды еңбек ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз деген Құрылтай  тұжырымына өте орынды дей отырып, Мемлекет  басшысының  «Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі, – дегеніне қуана отырып, міне, тарихи ақиқат айтылар да жазылар да осы кез, уақыт келді дейміз!

Құрылтайда «ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы» екендігіне мән берілгендігі өте орынды болды. Қазіргі уақытта «көкемнің аты көшеге, атамның аты ауылға берілсін» деген заңды да заңсы талаптар мен өтініштердің тым көбейіп кеткендігі бар. Бұл ретте ономастика туралы заңның, арнайы бір белгіленген ереже мен тәртіптің де барлығы ескерілмей жатады.

Кей-кейде әлдебір қайтыс болған адамды жерлеп келгеннен кейін берілетін ас үстінде сөз сөйлеп бәзбіреулер «енді бұл кісінің атын көшеге, тағы да басқа нысандарға беру» керек деп қабірінің топырағы суымай жатып ұсыныстар айтып жататынды да көріп жүрміз. Сонымен бірге, кеңестік Мемлекеттік жоспарлау жүйесі бойынша мемлекеттің есебінен салынған нысанға да сол кезде сол мекемеге басшы болған адамның да «осыны салғызып еді» деген желеумен  атын беруді сұрауға да асқан жауапкершілікпен қараған абзал.

– Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл –  ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев ономастика саласындағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу жөнінде берген тапсырмасы қазіргі уақытта біртіндеп жүзеге асырылып та жатыр.

Ономастика – мемлекеттің шаруасы! Бұл басшылыққа алатын құрылтай тұжырымы!

«Біз мәдени мұрамызды

жан-жақты дәріптеуіміз қажет!»

«Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек», – деген концепцияны Ұлттық құрылтайда алға тартқан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тарихты және мәдениетті насихаттау мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал ететіндігін атап көрсетті. Мұның «сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайтындығы және кәсіпкерлердің әлемдегі беделін арттыруға көмектесетін» өте маңыздылығы және де бар.

Қазіргі уақытта Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген өзінің талантты өнерімен әлемге қазақ әндерін айтқызып, қазақтың елі мен тіліне деген жат  жұрттың ынтызарлығын арттырып, мемлекетіміздің жағымды имиджін қалыптастырудың жарқын үлгісін көрсетіп жүргендігін  қазақ елі мен халқына  Жаратқанның өзі берген үлкен сыйы деп қабылдап, солай деп таныр едік!

Құрылтайда алдағы уақытта Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілді, Мемлекет басшысы  «Мен мұны қолдаймын» деді. Сонымен бірге, Ясауидің еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңыздылығы ескеріліп, «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыру жайлы да айтылмай қалған жоқ.

Елімізде рухани құндылығы жоғары дүниелеріміздің жеткілікті екендігін айта келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев солардың арасында адамзаттың асыл қазынасы деуге боларлық, соған әбден лайықты мұраларымыздың бар екендігіне назар аударды. Қазір солардың бірнешеуін ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін харекеттер жасалып та жатқандығы бар.

Ал, 2023 жылдың 7 маусымында Мемлекет басшысының шақыруымен     Қазақстанға ресми сапармен келген ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азулені қабылдау кезінде Одрэ Азуле Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Бурабай» және «Марқакөл» қорықтары биосфералық резерваттардың жаһандық желісіне, сондай-ақ, «Ортеке» музыкалық-қуыршақ өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгенін растайтын сертификаттарды табыстаған да болатын.

Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы мәдени және тарихи мұраларды сақтау, білім және ғылым саласындағы халықаралық байланыстарды кеңейту ісіндегі ынтымақтастық арқылы Қазақстанның табиғи және мәдени мұрасын әлемге танытуға септігін тигізері сөзсіз екендігін айта отырып, Мемлекет басшысы «бірегей салт-дәстүрімізді материалдық емес мұралар тізіміне қосуға қатысты жұмысты жалғастыру қажеттілігіне» Құрылтай мінбесінен баса назар аударды. Және де Қазақстанда біздің ұлттық кодымызбен барынша үйлесім тапқан түрлі мәдениеттер тоғысқандығы, «сол сан қырлы ұлттық мәдениетімізді айшықтайтын мол мұраны сақтап, зерделеу қажеттілігі де» айтылмай қалмады.

Көне дәуірден бері келе жатқан қазақ халқының өмір салтын да кеңінен насихаттау маңыздылығына да ерекше назар аударған Мемлекет басшысы «өзге елдер бізді көшпенділердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – «халқымыздың басты брендінің бірі», яғни, ерекшелігі арқылы халқымызды, оның ежелгі салты мен дәстүрін әлем танысын, әлем білсін деген ой арқылы қайта жаңғырудың тарихи маңыздылығын ескеріп, болашаққа жол сілтеді!

Қайсар рухы ешқашан сынбаған халқымыздың келесі Ұлттық құрылтайын  атақты хандарымыз ордасын тіккен әйгілі Сарайшығы бар, шежірелі де мұнайлы  Атырауда өткізу жөнінде ұйғарым жасалған болатын…

Ұлттық Құрылтай қазіргі заманның және бүгінгі қазақстандық қоғамның даму барысына, тамыр соғысына орай Ұлттық мүдде мен Ұлттық идеологияны қалыптастырып, толықтырып, жаңалап отырудың ұлы мінбесіне айналды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

Биыл Ұлыстың Ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық құрылтай да Әз-Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады.  Ал құрылтайда  қоғамдық  құндылықтарды  жаңғырту  үшін маңызды қадамдар жасалады.  Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады.

Үшінші Ұлттық Құрылтай. Атырау. 15 наурыз, 2024 жыл.

«Мемлекеттің тірегі – адал азаматтар!»

«Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда  жиналдық.  Бүгін  тағы  бір  тарихи  өлке – Атырау облысына  келіп  отырмыз. Үшінші  отырыстың  Жайық  жағасында өтіп  жатқаны тегін емес», – дей  келіп Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты тақырыппен өткен құрылтайдың  үшінші  отырысында сөйлеген  сөзінде  «Мемлекеттің  тірегі – адал азаматтар!» екендігін алға тартты.

Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда әдеттегідей Тәуелсіздік мүддесінің  бәрінен де қымбат, бәрінен де жоғары тұрудың тарихи жауапкершілігі тағы да басты құндылық есебінде қарастырылды. Біз өмір сүріп отырған бүгінгі дәуірде мұның  аса маңыздылығы  бар.

«Тәуелсіздік және Отаншылдық», «Бірлік және Ынтымақ», «Әділдік  және Жауапкершілік», «Заң және Тәртіп», «Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік», «Жасампаздық және Жаңашылдық» атты Атырау құрылтайында   осы құндылықтарды ұсынған Мемлекет басшысының: «Мен бүгін маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз туралы тарқатып айтып бердім, – дей келіп, «ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан  ХХІ  ғасырда лайықты  орнын  табады»,  –  деп   осы айтқандары сөз жоқ, баршамыздан жаңаша ойлауды, жаңаша іс-әрекет етуді талап етері және де бар.

Атырау құрылтайында ұсынылған идеологиялық жағынан аса маңызды осы тұжырымдар жалпы қазақстандық қоғамның одан әрі жаңаруы мен жаңғыруына, кемелдене түсуіне және әр қазақстандықтың бүгінгідей ашық әлем жағдайында дамыған дүние мемлекеттерінің кез-келген халқымен ой мен білім, еңбекқорлық пен іскерлік, мәдениеттілік пен парасаттылық, әлемдегі озық ойлы ұлттардың бірі ретінде тең жүріп, иығымызды тең, еңсемізді биік ұстауға зор ықпал етер факторлардың бірі деп қарағанымыз абзал.

Ендігі арада құрылтайдың осы тұжырымдарын басшылыққа алу барысында, барлық тәрбие жұмыстары құр жайдақ сөзге ғана құрылмауы керек.  Қазіргі  уақытта  «Отаныңды сүй», «еңбекқор бол» деген сияқты  өзге де ақыл мен өсиеттер, әсіресе, бүгінгі жас ұрпақтың санасына терең сіңуі үшін мектептердегі, әр буын жастар арасындағы тәрбие жұмыстары жаңаша ұйымдастыруды қажет етері анық.

Сөз төркіні мектептегі тәрбиеге ауысқан соң 2023 жылдың 5 қазанында өткен Республикалық педагогтар съезінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқушыларға озық біліммен қатар, өнегелі тәрбие беру керектігін  және «Мемлекеттің тірегі – адал азаматтар. Елімізде осы қағидаға негізделген жаңа қоғамдық этика орнығуға тиіс. Мектеп ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айналуы керек», – дегенін қайта бір еске алғанды жөн санап отырмыз.

«Мектеп ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айналуы керек!»

Міне, бүгінгі мектептер алдына қойылып отырған ең басты талап осы болса керек-ті! Мемлекет басшысының осы бір талапты сөзінің түп-төркінінде әлемнің атақты ойшылдарының бірі Әбу Насыр Әл-Фараби айтқан: «Адамға ең бірінші  білім  емес,  тәрбие  керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың  қас  жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі»,–деген  ғибратты да терең  мағыналы  ойының  жатқандығы да анық.

Атырау құрылтайының мінбесінен айтылған «көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу» мәселесі ендігі арада біздің қоғамның тарихи басты міндеті болса керек-ті. Президентіміз ұсынған  «Тәуелсіздік  және  Отаншылдық», «Бірлік  және Ынтымақ», «Әділдік  және  Жауапкершілік», «Заң  және Тәртіп», «Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік», «Жасампаздық және Жаңашылдық» құндылықтарын білім мен тәрбие шараларымен тығыз үйлестіріп, кіріктіре жүргізу бүгінгі күні заман талабына сай білім мен тәрбие беруді жаңа жолға қоюдың, тіпті оны түзеудің бір тиімді де абзал бір жолы деп қарастырғанымыз да жөн.

Қазақтың бір ғұлама білімдары Әлкей Марғұланның «Білім алу бір жарқын дүние емес пе, оған ұмтылған осы күнгі қызық дәуірдегі жастарға мол мүмкіндік бар», – дегені ел ертеңі де, мемлекетіміздің кемел келешегі де  тәрбиелі де білімді, адал  ұрпаққа байланысты болмақ екендігіне қаратыла айтылған сөз емес пе, мұны  солай деп ұғынғанымыз абзал.

«Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар!»

Атыраудағы  Ұлттық құрылтайда елдігіміз үшін аса маңызды халықтың береке-бірлігін сақтау жайының қайта бір жаңғыруы және де оның бүгінгі күннің шындығына сай жаңа да тың ойлармен астасып жатқандығы тегін емес-ті.

«Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «әр дәуірдің өз ерекшелігі бар» екендігін алға тартты.

Ұлттық құрылтай сол орайда, елдікті сақтау үшін халқымыздың береке-бірлігін, ынтымағын жарастырып отырудың мән-маңызы айрықша болып қала беретіндігін растайтын бұл мәселені тағы да тәуелсіздік алдындағы тарихи жауапкершілік деп қарастырды.

Көне тарихтың қатпарынан зер салсақ, қазақ деген қаймана халық өз   алауыздығынан ғана қасірет  шеккені  анық.  Бұхар  жырау  бабамыздың «бұл жалғанның жаманы – ағайынның аласы» деген ғибратын еске ала отырып, ендігі арада алдымызға  тек елімізді дамыту мен  ілгері бастыру үшін бір ғана экономикалық мақсат қоюдың жеткілісіз болары анық.

Сан ғасырлар бойы армандаған  тәуелсіздігімізге әлі отыз төрт-ақ жыл!  Дүние дамуындағы өзара сенімнің қиюы қашқан және де өркениетті мемлекеттердің бір-біріне санкциялық қысым көрсету әдісіне көшіп, халықаралық ахуал күрделеніп, ол шиеленісе түсіп отырған  қазіргі  жағдайда  Қазақстанның жаңа  бағыт-бағдары «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс»  бағдары Атырау құрылтайының басты әрі негізгі тақырыбы болғандығы да тегін емес-ті.  Біз Адал да Әділ Қазақстан құру жолындағы өз мұратымыз бен мақсатымыздан қандай жағдай болса да айнымайтынымызды тағы да  қуаттай түстік.

Бағымыз да, байлығымыз да Тәуелсіздік екендігін айта отырып, заманымыздың заңғар жазушысы, абыз данасы  Әбіш  Кекілбаевтың «бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген тәмсілін осы күндері естен бір шығармағанымыз да дұрыс болар!

Әрине, халқымыздың талабы мен талғамы да өзгерді.  Жақсы тұрмыс пен  бақуатты өмір сүруге ұмтылған шақта бірі болып, бірі болмай, бірі жетіп, бірі жетпей жатар дүниенің бары да рас, сол орайда, көңіл толмас жайлар да бар.  Олар жайлы ашық қоғамда ашық айтылып та жатыр.  Адамзат баласы қуған  дүние мұраты алайда кімді, қашан жеткізіп еді?! Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру» атты  Қазақстан халқына Жолдауында (16 наурыз, 2022 жыл) «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін  бақытты өмір сүргенін қалаймын», – деп  айтқанын орындау үшін және сол күнге жету үшін саяси және экономикалық реформалар жасап, халықтың санасын да, жүйені де жаңартып, жаңғыртып жатқаны бар. Сөз жоқ, ол мақсаттардың орындалары да сөзсіз. Біз де, бәріміз де  болмағанымызды болдырамыз, толмағанымызды толтырамыз деп адал еңбек етіп, адал табыс табуға құлшынайық, соған ұмтылайық!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауыз біршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», – деп халқымыздың аға буын өкілдеріне салмақ сала сөйледі.

Құрылтайда халқымыздың  жасампаздық  әлеуетін арттырудағы  және  ел тұтастығын сақтаудағы зиялы қауымның бірлігі басты әрі үлкен рөл атқарады делінген  тұжырым жасалды. 

–Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев ешкімге береке бермейтін, өнбес дау қуудың қажет еместігін айтып, «ұлт жылнамасы елді біріктіретін фактор болуға тиіс», – деген парасаттылықты ұстануға  шақырды.

Және де Мемлекет басшысы  «Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті», – деген сөзіне тоқтай отырып, ендігі арада біздіңше, көбінесе тарихи ақиқатқа жету үшін емес, көбінесе көңіл-күйдің еркіне кетіп қалу жағына жол бермегеніміз абзал!

Әрине, тарихи ақиқат қымбат! Алайда, білетініміз бар, білмейтініміз бар,  зерттеушіміз бар, құр естігенімізді құр бос сөзбен жолай көпіртіп жүргеніміз де бар  және  «сол заманның қайраткерлерінің бір кездері ұстанған бағытына бола дауласып, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүрсе» бізден… бізден кейін де дүниеге келер ұрпақтар да осы күндері біздің айтып та, жазып та, соларға қалдырып жатқан мұрамызды да келер ғасырлардың жаңа бір дау мен дамайына айналдырмаса  етті. Осыны да ойлай жүрейік!

Қазіргі уақытта елге есер сөз емес, есті сөз айтудың маңызы да ғибраты да мол. Данышпан Абай айтқан «өсек, өтірік, мақтаншақ,
еріншек, бекер мал шашпақ» сияқты адам баласының бес дұшпанының үстіне бұрын-соңды  құлақ естіп,  көз көрмеген осы заманғы не бір жамандық атаулының қосылғаны тағы да бар. Міне, осы арада өмір көрген, жақсы мен жаманның не екенін танып, ой тоқтатқан «аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек» деген Құрылтайда айтылған осы бір шешімді сөзді әрдайым ойымызда ұстасақ етті.

Неге десеңіз, Президентіміз өз сөзінде «елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет» дегенді айтты және де өте орынды айтты.   Халқымыздың бір-біріне өзара жанашыр болуы және де аға ұрпақ өкілдерінің өсіп келе жатқан жастарымызға ақылшы болып, өнеге көрсетуі елге деген жанашырлық, Тәуелсіздік мүддесіне қызмет ету деп білген абзал.

«Ұсақ-түйек әңгімені қою қажет!» Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау құрылтайында айтқан сөзі!

«Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды!»

Ұлттық құрылтайда ұлтымызды ұдайы толғандырып жүрген Ана тіліміздің жай-жапсары жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным, – деп мәлімдеді.

Айтып, айтпай не керек, қазақ қоғамы әлі де болса, мемлекеттік тіл  тағдырына  кейде орынды да, кейде орынсыз да алаңдаған көңіл-күймен күн кешуде. Қазақ тілінің мәселесін айтып, «тіл жанашыры» ретінде көрінгісі келіп, арзан абырой мен құнсыз бедел жинап жүрген «айғайшыл» топтар да жоқ емес, бар.

–Ана тіліміздің тағдыры жайлы сонау жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бері кешегі Алаш қайраткерлерінен бастап айтты, – дей келіп, Мемлекет басшысы бұл жайында бүгінгі ұлт зиялылары да, тіл жанашырлары да айтып-ақ жатқандықтарын, бүгінге шейін  ана тіліміз жайлы айтылмаған сөз қалмады, біз ендігі арада қазақ тілінің тағдыры үшін құр байбалам сала берудің еш нәтижесі болмайтындығын ұғынсақ етті деген ой тастады.

Қазіргі уақытта қарқынды түрде өзгеріп жатқан әлемнің жаңа жаһандық болмысының қазанында қайнап жатқан сол дүние игілігінің тізгінін өзгелермен бірге біз де ұстаймыз, сол дүниенің игілігін өзгелермен бірге біз де көреміз десек, білімді болмағымыз керек. Өйткені, дүниенің ендігі ортақ «тілі» – білім!

Алайда, өзіңнің ана тіліңді білмей де білімді болуға ұмтылу, болмаса соған талпыну қазақ деген ұлттың қасіреті болмақ!  Біз мұны бесікте жатқан баламыздан бастап барша қазақтың ұлдары мен қыздарының санасына сіңіргеніміз абзал!

Міне, қазақ тілінің мәселесіне осы тұрғыдан келе отырып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Тіл саясатындағы Қазақстанның экономикасын дамыту үшін «креативті индустрияның» мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте мән-маңызы зор екендігін ерекше атап көрсетті. «Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс», – деп айтқанын ендігі арада асқан жауапкершілікпен қолға алмасақ, Мемлекеттік тіліміздің жай-күйі сол бос әңгіме мен босқа даурығушылықтан аса да қоймас деп ойлаймыз.

Осы орайда, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ақмола облыстық әкімдігі бірлесіп Көкшетауда 2024 жылдың 28 маусымында «Тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу мәселелері» тақырыбында өткізген  республикалық семинар-кеңесте  қазақ тілін дамытудың қазіргі заманғы біраз әдіс-тәсілдерінің көңілден шыққаны және ол «ана тіліміз дамымай қалады-ау» деген күдігімізді сейілткені де бар еді.

2024 жылдың 19 сәуірінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысының «Қазір ерекше тарихи кезең! Ғылым мен технология ғана емес, қоғамдық қатынастар да түбегейлі өзгеріп жатыр, Мемлекеттердің даму бағдары және басымдықтары басқаша сыйпат алды. Мұндай кезде батыл әрі жылдам әрекет жасау қажет», – деп айтқаны мемлекеттік тіл саясатын жетілдіруге  де  тығыз  қатысы бар-ау деп ойлаймыз.

Және де Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт газеті «Ана тілі» газетіне (3 қаңтар 2025 жыл) берген  сұхбатында қазіргі қалыптасып отырған геосаяси жағдайға орай «Отандық және әлемдік нарықта қаржылық жағынан тиімді әрі сұранысқа ие болатын түрлі контентті қазақ тілінде жасау қажет. Бұл жерде әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындары туралы айтып отырмын. Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді. Бірақ, тіліміздің тұғырын нығайтамыз деп, оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймау керек», – деп Мемлекеттік тілді нығайту үшін жылдам әрекет жасаудың тағы бір маңызды жолын ұсынып отыр.

Бұл жағдай ендігі арада мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оны қолдану аясын, әсіресе, ғылым мен білім беру саласында одан әрі кеңейту,   өздігінен мемлекеттік тілді үйрену және ақпарат алуға арналған  ІТ өнімдерді жұртшылық арасында кеңінен насихаттау, соларды тарату және қолжетімділігін қамтамасыз етуге барынша мән берілу қажеттілігін  маңызды ете түсері бар.

Әсіресе, отандық  жасанды  интеллектінің  түрлі  салалардағы қолданысын  арттыру, ғылыми-зерттеу бағыттарын кеңірек дамыта отырып, қазақ тіліндегі жасанды интеллектінің музыкалық өнімдерін жастар арасында кеңінен насихаттаудың маңызын да мықтап ескеру керек болар.

Біз ендігі арада қазақ тілінің ғылым тіліндегі үлесін арттыруға қатысты шаралар қабылдаумен бірге, соның ішінде, әсіресе, балалар мен  жасөспірімдерге арналған қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру және тілдерді оқыту орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуды қарастыра отырып,  қазақ тілін оқыту кезінде заманауи ІТ өнімдері арқылы оқытуды  жолға  қойғанымыз да аса маңызды болмақшы.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 2024 жылғы  25 сәуірінде өткен 33 сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы: «Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай, – дей келіп, бұл аса нәзік әрі шетін мәселені сөз еткенде әуелі сыртқы және ішкі факторларды ескерумен қатар, стратегиялық ұстамдылық, сабырлық танытуымыз қажеттілігіне назар аударды.

Бірақ, бұл елімізде мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударылатындығын жоққа шығармайды, керісінше мемлекеттік тілдің дамуына айрықша назар аударып отыруға  ықпалдасары бар.

 «Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Қазақстан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көп тілді ел, болашақта да солай бола береді. Бұл – біз үшін орасан зор басымдық!», –деп  Қазақстан халқы Ассамблеясының  2024 жылғы  25  сәуірінде өткен осы 33 сессиясында Президентіміз осы бір тоқтамды сөзін айтқан-ды.

Мемлекеттік тіл саясатында бізге қазіргі ғылым мен технология, жана қоғамдық қатынастар, әлем дүниесінің даму бағдары мен басымдықтарын  және қазақстандық жастарымыздың әлемдік өркениетке зор ынтамен осы күнгі  ұмтылысын ескермей тағы да болмайды.

Қазір әр ата-ана өз баласының әрі кеткенде бір шет тілін білгенін қалап отыр және бұл біздің ендігі ұрпағымыздың көп тілді болуына ешкімнің де кедергі жасай алмайтындығын ұғындырады, тек бұған қолдау білдіру, қуану ғана қалды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы жұртшылығымен кездескен кезінде (19 қазан 2022) еліміздегі тіл саясатына тоқтала келіп: «Бірақ, өзге тілден бас тартуға болмайды. «Өз тілің  бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген  жаңа қағиданы алға тартты!

Ақын Қадыр Мырзаәлінің «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегенін санамыздан бір елі шығармай, еліміздегі ендігі тіл саясаты Президентіміз ұсынып отырған  «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген ұстаныммен жүргізілгені абзал! Біз ендігі тіл саясатын осы бір пайыммен байыптап жүргізе білсек, көздеген мақсатымызға бек жетеріміз де  анық.

«Қазір  Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы бастаған жаңа буын өкілдері ұйым тізгінін қолға алды. Осы тұста, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» туралы ерекше атап өткім келеді. Мен қоғамның «Qazaq tili» эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қолдадым, – дей келіп, Мемлекет басшысы Атырау құрылтайында ешкімді мәжбүрлемей, қазақ тіліне деген күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта беруді алға тартты.

«Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек!»

Президентіміз осыны шегелеп айтты!

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ. ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ. ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ.

ҚОРЫТЫНДЫ СӨЗ. Біз ашық қоғамда өмір сүріп, қоғамдық қарым-қатынастың жаңа қалыбын қалыптастырып, соның  ішінде Ұлттық  бірегейлікті ел бірлігі мен ынтымағын сақтаудың және барлық қазақстандықтарды ортақ бір мүдде – Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтудың және Адал да Әділ Қазақстан құрудың басты да аса маңызды құралының бірі деп қарастырып отырған елміз.

Ұлы дала төсін тағдырдың жазуымен осы күндері қазақ халқымен бірге   мекендеп отырған барша диаспора өкілдері де «Біздің бір ғана Отанымыз бар – ол Қазақстан!» дейді. Сөйтіп біз елі де, жері де, ниеті де ортақ бірегей халықпыз!

Бүгінгі күні  барша  қазақстандықтарды  Отанымыз бен  Тәуелсіздіктің  мүдделері, ел болашағы  біріктіріп  отыр.  Біз бір ел болып,  бірыңғай халық болып, өз еліміздің және ұрпағымыздың бүгіні мен болашағының тағдырын бірге айқындап, бірге келісе отырып, бірге шешіп отырсақ, ұлттық бірегейлік  бәлкім, осы болар! Ұлттық бірегейлікті ұлттық құндылықтарымыздың бірі деп қарастырғанымыз да абзал!

Мемлекет басшысының айтқанындай, бабалар жолын ұстанып, қайта жаңғыртылып, алғаш рет Ұлытаудан басталып, одан кейін Түркістан, Атырауда  жалғасқан  үш бірдей  Ұлттық  құрылтайдың тарихи маңызына әлі де тереңірек үңіле түссек дейміз.

Және де осы құрылтай отырыстарында талқыланған мәселелерді,  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөздерін қайталай оқып,   қайта бір зерделеу барысында  Ұлттық құрылтай  қазіргі заманның және бүгінгі қазақстандық қоғамның даму барысына, тамыр соғысына орай Ұлттық мүдде мен Ұлттық идеологияны қалыптастырып,  толықтырып, жаңалап отырудың ұлы мінбесіне айналды деуге толық негіз бар деп толық айта алар едік!

Қазіргі қоғамда кей-кейде болса да «бізде ұлттық идеология жоқ, бізге  ұлттық идеология керек, ұлттың мүддесі айтылмай келеді» деген пікірлердің естіліп қалатындығын да жасырмаймыз. Бұл білместіктен айтылып жүрген сөз ғой деп ойлаймын. Ал, енді осы «ұлттық идеология мен ұлттық мүдде қандай болуы керек?» деген ой төңірегінде пікір сұрай бастасаңыз-ақ,  көбінің айтары «бізге «Мемлекеттік тіл туралы» заң керек» дегеннен аса алмай да жатады.

Әрине, бұл пікірді де құрметтейміз, алайда, бүгінгі қазақстандық қоғамның бар идеологиясы, ұлттық мүдденің де бәрі келіп, осы бір ғана «мемлекеттік тіл» туралы бөлек бір дербес заңға  келіп тіреліп тұрмаған да  болар?!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 22 қазан күні Ақордада Мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған рәсімде: «Енді елімізге барша халыққа түсінікті болатын және шын мәнінде азаматтарымыздың сұранысына сай келетін идеология қажет. Ашығын айтқанда бізге жасанды қағидалар емес, барша азаматтарымыздың көңілінен шығатын, олардың жүрегіне жылы тиетін шынайы өмірде қажет болатын дұрыс бағыт-бағдар керек!», –деген пікірін ұстана отырып,  Мемлекет басшысының Ұлытау, Түркістан және Атырау құрылтайларында сөйлеген сөздерінде айтқан және көтерген мәселелерінің, алға қойған міндеттерінің барлығы да Ұлттық идеология мен Ұлттық мүддеден тұрады деп нық сеніммен айта алар едік!

Кәне, тағы да бір ой елегінен өткізіп, зердеге салайықшы! Адал да Әділ Қазақстан құру, жұртымызды жаңаша өмір сүруге бейімдеу, халқымыздың сана-сезімін, құндылықтарын түбегейлі жаңарту,  ұлттың жаңа болмысы мен жаңа сапасын қалыптастыру арқылы барша елімізді жаңарту Ұлттық мүдде мен Ұлттық идеология емес пе?!

Түркістан құрылтайында айтылған «отаншылдық», «адамгершілік»,  «білімпаздық», «нағыз маман болу», «үнемшілдік»,  «еңбекқорлық»,  «ел мен жерге жанашырлық» сияқты асыл қасиеттерден тұратын  «жаңа қоғамдық этика қалыптастыру» және де «елдің бірлігі», «тұрақтылығы», «азаматтардың өзара тілектестігі», «әділдік, заң мен тәртіп», «сенім және жауапкершілік»,   «ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеу» сияқты құндылықтар тұтас қазақстандық қоғамның Ұлттық идеологиясы мен Ұлт мүддесінің алтын арқауы деуге әбден жарап тұрғаны тағы да анық.

Атырау құрылтайында айтылған «көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу»,  «Тәуелсіздік  және  Отаншылдық», «Бірлік  және Ынтымақ», «Әділдік және Жауапкершілік», «Заң және Тәртіп», «Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік», «Жасампаздық және Жаңашылдық»,  «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» құндылықтарын да жалпықазақстандық Ұлттық идеология мен Ұлттық мүдде ретінде  білім мен тәрбие беру шараларымен  тығыз үйлестіре жүргізуге ерекше мән мен маңыз беру қажет.

Ұлттық құрылтайдың әр отырыстарында қазіргі заманның талабына сай және бүгінгі қазақстандық қоғамның Ұлттық мүддесі негізінде Президентіміз айтқан «барша халыққа түсінікті болатын және шын мәнінде азаматтарымыздың сұранысына сай келетін» Ұлттық идеология қалыптастырылып беріліп отыр деп нық сеніммен айта аламыз.

Ұлттық құрылтайдың әр отырыстарында тағы да Президентіміз «барша азаматтарымыздың көңілінен шығатын, олардың жүрегіне жылы тиетін шынайы өмірде қажет болатын дұрыс бағыт-бағдар керек!» еді десе, енді бұл да бар!

Енді тек сол Ұлттық идеологияға арқау боларлық Ұлттық мүддені барша қазақстандықтардың жүректеріне жеткізу қалды! Ұлттық идеологиямыз бар, Ұлттық бағыт – бағдарымыз да анық!

* * *

Келесі, төртінші Ұлттық құрылтай жер шоқтығы Көкшетауда  өткізілмекші.

«Мен халыққа Жолдауымды жариялағанда мемлекетімізді одан әрі дамытуға қатысты тың бастамалар ұсынамын. Ұлттық құрылтайдың отырыстарында азаматтардың көкейіндегі өзекті мәселелерге баса назар аударып жүрмін. Биыл да солай болады», – деді  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2025  жылдың 3 қаңтар күнгі ұлт газеті «Ана тіліндегі» сұхбатында. Көкшетау Ұлттық Құрылтайының да тарихи маңызы зор болары анық.

Алда – Көкшетау Ұлттық Құрылтайы!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
 жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Ақмола облысының құрметті азаматы.

 Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар