Айтары мол тағылымды мұражай

Бізге ширек ғасыр!

«Көкшетау қаласының тарихы» музейі жәдігерлер мен мұрағаттар сақталатын орын ғана емес, бұл шаһарымыздың өткен кезеңдердегі дамуының жанды айғағы. Өзі құрылған 25 жыл ішінде музей қала өмірінің маңызды бөлігіне – білім беру, зерттеу және мәдени мұраны сақтау орталығына айналды. Бұл мерейтой жетістіктер мен маңызды оқиғаларды еске түсіруге және болашаққа көз жүгіртуге тамаша себеп.

Көкшетау қаласының бай мұрасын бүгінгі және келешек ұрпақтарға жеткізуші мәдени орда – осы  қала тарихы музейі десек, қателеспейміз. 2000 жылы құрылған бұл мәдени ошақ тек сүйікті қаламыздың тарихын сақтап қана қоймай, келушілерді дәуірлер бойымен өтетін қызықты саяхатқа шақырады.

ХІХ ғасырдың соңында тұрғызылған тарихи бір қабатты ағаш үйде орналасқан музей өткеннің бізге жеткен тарихи куәгері. Бұл жай ғана ғимарат емес, тарих жәдігері, бүгінгі күнге дейін сақталған санаулы көне ағаш ғимараттардың бірі. Мұнда бұрын жерлесіміз, революционер, мемлекет және партия қайраткері Валериан Куйбышевтың республикалық мемориалдық музейі жұмыс істеп келген болатын. Кейін оны қала тарихы музейіне айналдыру жөнінде шешім қабылданды. Бұл да болса, тәуелсіздігіміздің жемісі екені айқын.

Бұл ағаш үйдің әр бөлмесінде келушілер өткен дәуірлердің рухын сезіне алады. Сол кезеңдегі қала ауқаттысының пәтері ең кішкентай бөлшектерге дейін жаңғыртылған.

«Көкшетау қаласының тарихы» музейінің басқа музейлерден ерекшелігі – жәдігерлердің шыны көрме-сөрелермен қоршалмағаны. Бұл музей қонақтарына әрбір тарихи затпен жақынырақ танысуға және оның құрылымын, салмағын және түпнұсқалығын сезінуге мүмкіндік береді.

Музей бес экспозициялық залдан тұрады және де әрбір зал келушілерге шаһарымыздың әртүрлі кезеңдеріне терең бойлай отырып, өткен қала өміріне тарихи жәдігер арқылы ойша сапарлаудың  қайталанбас жолын ұсынады.

Музейдің алғашқы залында өткен ғасырдың ортасындағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне қанығып, қолданбалы қолөнер шеберлерінің  қолдан жасаған керемет тұскиіздері мен табиғи таза өнімдерден жасалған ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтарды және қазақ халқының көшпелі өмірінің ажырамас бөлігі болған жиһаздарды тамашалауға болады.

Екінші бөлме ХХ ғасырдың басында күнделікті өмірде қолданыста болған бірегей жиһаздар мен сол кездегі жазу машинкасы, телефон сияқты заттар арқылы өткен ғасырдың өмір салты мен шығармашылық ортасын бейнелейді.

Үшінші зал келушілерді екінші дүниежүзілік  соғыс кезеңіне алып барады. Сөйтіп, ұлы Жеңіске жетуге өлшеусіз үлес қосқан №621 құпия қорғаныс зауытында жұмыс істегендер мен жаралы жауынгерлерге дәрігерлік көмек бергендер және майданға көмек қолын созған  қала тұрғындарының қиын жылдардағы өмірімен таныстырады.

Төртінші залда музей қонақтары ХХ ғасырдың 50-60 жылдарындағы қала тұрғындарының өмірімен және тұрмыс-тіршілігімен танысу мүмкіндігіне ие болады.

Ал, бесінші зал қаланың 1960-1970 жылдардағы қарқынды дамуы мен өсу кезеңін сипаттайды. Бұл кезеңде Көкшетау қаласы шағын елді мекеннен заманауи қалаға айналған болатын. Өндіріс орындары, мәдени-тұрмыстық нысандар, мектептер, жоғары және орта арнаулы оқу орындары, тағы басқа да көптеген құрылыстар қала ажарын ашып, көркіне көрік қосқанын сол кездегі тұрғындар жақсы біледі. Ол кезең бүгінгі тәуелсіздік жылдарымен тығыз ұштасып, облыс орталығы одан сайын қанат жая түскеніне де осы музейде куә боласыз.

Музей залдарын кезең-кезеңімен аралап, әрбір уақыттың тарихи жәдігерлерінің тылсым сырына үңіліп, үлкен әсер алып толғанып жүрген қонақтарды келесі кезекте экскурсия жетекшісі  музей ауласына шақырады. Музей ауласында келушілерді ашық аспан астындағы бірегей экспонаттармен жүздесуге мүмкіндік беретін тарихи сәттер күтіп тұрады.

Яғни, сол дәуірдің шынайы жәдігері, талай айтулы тұлғалардың қолдарының табы, аяқтарының ізі қалған 1930 жылғы көне американдық «Кадиллак» автокөлігі және ескі ат арба музей ауласын өзгеше бір сырлы әлемге толтырып тұр. Бұл жәдігерлерге тіл бітсе талай оқиғалар мен хикаяттарды айтып берер еді, өйткені, олар небір талайлы тағдырлардың тарихына куә.

Міне, «Көкшетау қаласының тарихы» музейі тек тарихты сақтайтын ғана орын емес. Бұл – тарихтың өмірге келген жері, әрбір бөлме, әрбір жәдігер өткенді ұрпақ жадында жаңғырта отырып, өзінің қайталанбас тарихын баяндайтын мәдени ошағы.

«Көкшетау қаласының тарихы» музейі сіздерді де ұмытылмас әсер беретін бірегей жәдігерлер мекеніне,  тарих, өнер және мәдениеттің таңғажайып әлеміне шақырады. Келіңіздер, көріңіздер, сыршыл жәдігерлер құпиясына қанығыңыздар. Негізі қаланғанына ширек ғасыр толып отырған музейіміздің бұл ретте, сіздерге айтары мол деп білеміз.

Айсұлу ӘМІРЖАНОВА,
«Көкшетау қаласының тарихы» музейінің ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар