Ұлттар достығы өнермен ұлықталды

Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл

Күні кеше Степногорск қаласындағы Достық және шығармашылық үйінде ұлттар достығын дәріптеуге арналған концерт болып өтті. Сенбі күнгі мәдени іс-шараға этномәдени бірлестік мүшелері мен қонақтар қатысты. Жаңа жыл мерекесінің жалғасы іспетті болған мейрам көңілдерді бір серпілтіп тастады.

Қазақстан Республикасы – ұлттар достығы салтанат құрған бауырмал ел. Бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешіп жатқан сан ұлт өкілдері тілдері әр түрлі болса да, мақсаттары ортақ туысқандар. Сол үшін еліміздің өркендеуі мен гүденуіне баршамыз атсалысып, қазақ жұртын әлемге паш етіп жатқан жайымыз бар. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұстанған әділ саясатының арқасында алға қарай қарыштап даму жолында бірлесе еңбек етіп келеміз. Биыл Қазақстан Республикасы халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Осы айтулы мерекені жарқын жүзбен қарсы алып отырған степногорлықтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, алға қарай ұмтылуда. Ел экономикасы мен мәдениетін өркендету басты мақсатымыз болып отырғаны рас.

Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы құрылып, елдегі түрлі этностар мен мәдениеттердің ынтымақтастығын, бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды институтқа айналды. Оның басты мақсаты – елімізде барлық этностар мен ұлттардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, қоғамдық келісімді қолдау және мәдени көптүрлілікті сақтау. Осы мерейтой аясында елде түрлі мәдени іс-шаралар мен форумдар ұйымдастырылмақ. Алда талай жоспарлар бар.

Степногорск қаласындағы Достық және шығармашылық үйі жанында бірнеше этномәдени бірлестіктер жұмыс жасауда. Соның бірі – «Русская община» бірлестігі болып табылады. 2017 жылдың қыркүйек айында құрылған бұл бірлестік басқа бірлестіктер сияқты, ұлттық құндылықтарды дамытып, достықты дәріптеп келеді. Ел бірлігі басты ұстанымы болып отыр. Бұл туралы бізбен сөйлескен бірлестік төрайымы Лысцова Наталья Дмитриевна айтып берген болатын. Аудан орталығында өткен мәнді іс-шараға  олар да айтарлықтай дайындықтармен келіп отырғаны рас.

Айта кетуіміз керек, Достық және шығармашылық үйі апта сайын осындай басқосулар өткізіп тұрады. Бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешіп жатқан ұлттарымыздың тілі мен мәдениетін, дәстүрін дәріптеу кең етек жаюда. Наталья Дмитриевна жан-жақты өнерпаз адам. Жүрек қылын шертетін поэзиясы да, ән салу мәнері де мақтауға тұрарлық. Осы жолғы концерттік бағдарламада орыс халқының ерекшелігін көрсетуге тырысқан. Алдымен сахналық көріністер көрсетіп, жұртшылықты өзіне қаратып алды. Орыс халқының ауылдағы тірлігін көрсетуде әзілдері де жарасымды. Басқа ұлттарға аса құрметпен қарап жатқан жайы бар. Ұлттық тағамдарын да әзірлеп қойған. Ұлттық саз аспаптарында өнер көрсетті. Халық әндерін шырқаудан жалықпайды.

Бұдан соң Степногорск қаласына танымал әнші, әрі авторлық әндердің иесі Эдик Ерылкин ортаға шақырылды. Қашаннан әншілігімен танымал болған ол тартынбастан әнін бастап кетті. «Жақсы көңіл-күй» деп аталған ән көпшіліктің ойынан шыққандай. Ән ырғағы жеңіл әсер етіп, оған қол соғушылар қарасы арта түсті. Осыны күтіп тұрғандай, әнші де арқаланып, әнін одан сайын әуелете түсуде.

«Қысқы ертегі» деп аталған әнімен сахнаға шыққан әншінің аты-жөні Наталья Демьяненко болатын. Бұл өнерпаз да жұртшылыққа жақыннан таныс болатын. Қашаннан сахна гүлі атанып жүрген Наталья бұл жолы да тартынып қалмауға тырысты.

Үшінші болып сахнаға қазақтың ұлттық ансамблі шықты. Фарида Есжанова басқаратын «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» жанындағы әжелер тобы ұлттық киімдерімен көз жаулады. Кимешектері мен қамзолдары менмұндалап көз тартады. Қазақтың ұлттық киімдері қашаннан аса маңызымен ел назарына түсіп жүр. «Қазақы дастарқаным» деген әнді әуелете шырқап шыққан олар басқа ұлттарға өнегесін көрсетті. Қазақтың әні әрдайым тартымдылығымен есте қалады.

Мұнан соң «Дружба» деп аталған әншілер тобы ортаға шығып, бірнеше ән айтып, жұрт назарын өздеріне аударды. Арқаланып алған әншілер баяншы жігіттің сүйемелдеуімен әндер айта беруден жалығар емес.

Жеке әншілерге де кезек берілді. Жас әншіміз Әмір Құрманғали «Ландыши» әнін орындаса, Ерылкин Эдик пен Демьяненко Наталья тағы да ортаға шығып, бірнеше әндерін қатар орындай түсті. Қай ән туындысы болса да, тегін ән емес екені көрініп қалды. Қол соғушылар оларды демеп жатқан жайы бар.

«Задор» хор тобы да өз өнерлерін ортаға салса, сығандардың биі мен «Орамал» биі керемет көрінісімен есте қалды. «Червона рту» әні жақсы шырқалды. Бұдан басқа түрлі фокустар көрсетілді.

Жас әнші Болат Сүлейменов көп алдына шығып, «7000 над землей»  туындысымен таңырқатты. Әнге қосылып билеушілер қарасы арта түсті. Көрермендердің өзі билеп кетті. Осылайша, достық пен бірліктің  арқауы мен жарқын көрінісі болған іс-шарада ортақ мүдде аясында тоғысқан әртүрлі этнос өкілдері мызғымас достықтың тамаша үлгісін көрсетті.

 Полатбек ЖАНБАЕВ.

Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар