Облыс орталығы Көкшетау қаласының іргесіндегі Ақкөл ауылының алпысқа жуық баласы еркін күрес секциясына қатысып, спортпен шұғылданып жүр. Ауыл балаларын спорттың осы түріне баулып келе жатқан жаттықтырушы Нұрбек Қаржановпен әңгімелесіп, елдімекендердегі бұқаралық спорттың хал-ахуалын сұрап білдік.
Бүгінде еліміздің әр аймағындағы ауыл спортын дамытуға арналған бастамалар ара-тұра болса да бастау алып жатады. Соның өзінде ауылдың қара топырағында аунап өсіп келе жатқан шып-шымыр жас жеткіншектерді спортқа баулу жұмысы толығымен жолға қойылмай келеді. Оның себептері де әртүрлі. Берекесі тасыған момақан даладан тіршілік белгілері азайып, ауылдардан мән кетіп, қараусыз жолдар мен шошайған ескі зираттардан басқа ештеңе көрінбейтін елді мекендер де көңіл құлазытады. Ауылдар осындай елең-алаң күй кешіп тұрғанда, ондағы әлеуметтік нысандарды бос ұстамай, жұмысын жүргізу де оңай болмай тұр.
Ақкөл ауылында 1500-2000-ға жуық халық тұрады. Қалаға жақын, қонысы жайлы, құтты жер екендігіне қарамастан, елді бір жерге тұрақтандыру жұмыстарын жүргізу оңайға соқпапты. Жоғарыдағы халық санының көрсеткіші сол жұмыстардың жемісті нәтижесі. Тұрғындардың айтуынша, мұндағы елдің көбі жергілікті емес, әр аймақтардан келіп, қоныс тепкендер екен. Ауылда орта мектеп, мәдениет үйі мен мешіт бар. Ал, жас спортшылар сол мектептің спорт залына барып, жаттығады екен. Бір қиындығы, мектептің спорт залын жағалайтын жас спортшыларға ол жерде барлық жағдай жасала қоймайтыны жасырын емес. Әбден шыныққан спортшы жаттығудан соң, терден тазару үшін суға шайынып алуды құп көреді ғой. Бірақ, өкінішке орай мұндай мүмкіндік ауыл мектептерінде бола бермейді. Соған қарамастан, ауылдарда жас спортшыларды тәрбиелеп шығаруға зор күш жұмсап жатқан азаматтар бар. Соның бірі ауыл қарадомалақтарын үлкен додаларға дайындап, олардың болаттай берік болуына бар тәжірбиесі мен ақыл-кеңесін аямай жүрген Нұрбек Қаржанов пен Марат Рахымжановтың еңбегін атап өтсек деп отырмыз. Байқауымызша, үйірмеге қатысып жүрген жас спортшылардың бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері мен көрсеткен нәтижелері де аз емес сияқты. Халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық чемпионаттар мен жарыстарда намыс үшін жан аямай күресіп жүрген жас палуандардың жарқын жеңістері мен жетістіктері жан сүйсінтеді. Ол жеңістер әрине, үлкен еңбекпен, қажырлы қайратпен келетінін ескерсек, жас спортшылардың ынта-жігеріне риза болмауға болмас.
Нұрбек Қаржанов қазақ күресінен және самбо күресінен ел чемпионы сонымен қатар осы спорт түрінен орта Азия чемпионатының қола жүлдегері. Бұған дейін өңірдегі спорт мектептерінің бірнешеуінде басшылық қызметтерде болған жаттықтырушының айналып келіп, қарапайым ауыл балаларын тәрбиелеумен айналысып жатқанына әу баста өзіміз де таң қалдық. Ал, жаттықтырушы спорттың негізі ауылда қаланатынын және ондағы балалардың төзімді әрі шымыр келетінін айтып, өз жұмысының ұтымды тұстарын үлгі етеді. Бұған әрине, көңіл сенеді, көз қуанады.
Көкшетау және өзге де қалалардағы спорт мектептері мен секциялардан әртүрлі ұсыныстар түсті. Бірақ, мен қиялы жүйрік, арман-мақсаты айқын кең даланың төсінде емін-еркін өсіп-жетіліп келе жатқан балаларды жаттықтырғым келді. Спортшының ең алдымен, сана-сезімі дұрыс болу керек. Мінезі мен тәрбиесінде тұрақтылық қалыптасқан спортшы ешқашан мақсатынан айнымайды, – дейді жаттықтырушы өзінің алғашқы сөзінде.
Ақкөл орта мектебіндегі еркін күрес үйірмесі Марат Жармағанбетовтың бастамасымен 2005 жылдан бастап өз жұмысын бастаған. Сол уақыттан бері осында шынығып, жаттыға жүріп, түрлі спорттық бәсекелерде бақ сынап, нәтиже көрсеткендердің ішінде еліміздің көрнекті спорт мектептеріне оқуға түскен балалар да бар екен. Сонымен қатар, еркін күрестен ел чемпионы атанып, небір додаларда аймақ намысы мен абыройын тік көтерген жас спортшылар да шығып жатыр.
Мәселен, осы үйірме арқылы қанатын қатайтып, биік мұратқа жетуге талпынған Жақсыкелді Мәдимұхамед Алматыдағы республикалық спорт интернатына оқуға түскен. Ал, еркін күрестен қола жүлдегер Мансұр Мырзабек болса, Елордағы Қажымұқан атындағы спорт мектебінде оқуын жалғастырып жатыр. Аядай ауылдан қанатын қатайтып, қияға самғаған бұл жас спортшылар әлі де болса талай биік белестерді бағындырады деп сенеміз.
Нұрбек Қаржанов шәкірттерімен, шет мемлекеттерге жиі шығады. Ресей, Татарстан, Қырғызстан сияқты көршілес мемлекеттерде өткен түрлі жарыстарда ақкөлдік жас спортшылар өздеріне артқан үміт пен сенімді ақтап, ел намысын асқақтатып жүр. Өткен жылы Татарстанда және Башқұртстанда өткен бүкілресейлік турнирге үш спортшы қатысып, үшеуі де үздік нәтиже көрсеткен. Уфада өткен додада Мейрамбек Балтабек 57 келі салмақта алдына қара салмай, чемпион атанып келсе, Жатай Исмайыл жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлаған. Ал, Минскіде өткен халықаралық жарыста Мұхамедәлі Арулан чемпион атанған. Татарстан мемлекетінде өткен жарыста Еркенов Илхан есімді жас спортшы үшінші орынға қол жеткізген. Мұнда жас спортшылардың жетістігін түгел тізіп шығудың мүмкін емесін түсінеміз.
Міне, жергілікті спортшылар осылай республикамыздың әр аймағында ұйымдастырылып жатқан түрлі жарыстардан шет қалып жатқан жоқ. Осы үйірменің спортшылары Зеренді ауданы төңірегінде өткізіліп тұратын «Ақбидай» спортакиядасында екі дүркін командалық жеңіске жеткен. Бұл да болса, ұжымның тынымсыз еңбегінің нәтижесі дер едік. Әрине, алыс сапарға шығатын жас балалардың қауіпсіздігімен қатар, олардың жол шығындары, ішер ас, жатын орын, киім-кешегін түгендеу тағы бар. Көбінесе, мұндай шығындарды жергілікті кәсіпкерлер өз мойындарына алатын көрінеді. Мәселен, «Көкшетау Транс-Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары Нұрлан Омаров пен Батыр Аширов және «Namys Grup» компаниясының басшысы, осы ауылда егін егумен айналысатын фермер Ерден Елеуловтың қолдауының арқасында балалар ештеңеден таршылық көрмей, жарыстарға алаңсыз дайындалып, байрақты бәсекелерде жеңіс туын желбіретіп келеді.
Сонымен қатар, Нұрлан Омаров пен Батыр Аширов өз қаражаттарына спорт залдың төбесін жөндетіп берген. Мектеп бұған дейін мемлекет қаржысымен күрделі жөндеуден өтсе де, уақыт өте келе, дәл балалар спортпен шұғылданатын залдың төбесінің тақтайларының ара-жігі ажырап, жаттығуға кедергісін келтіріпті. Мұны естіген кәсіпкер азаматтар төбені жөндеуді өз мойнына алыпты. Сөйтіп 1 миллион теңгеге жуық қаражат беріп, спорт залының төбесі қалыпқа келтіріліпті.
Осы ретте, «Ай ортақ, Күн ортақ, жақсының аты ортақ» деген қанатты сөзге жақсының ісі ортақ дегенді қосқымыз келіп отыр. «Бірлігі кеткен ел жаман, егесіп өткен ер жаман» деген Қазыбек би бабамыздың да көксегені ел ішінің бүтін болуы, азаматтардың өзара бірлігі еді. Олай болса, кішкентай бұлақтардың көзін ашып, үлкен дарияға айналуына себепкер болып жатқан ел азаматтарына алғыс айта отырып, жас спортшыларымыздың жеңістері молая берсін дейміз!
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Зеренді ауданы.