Көкшетауда КСРО және Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі Қасен Төлебаевтың туғанына 90 жыл толуына орай, шайбалы хоккейден турнир өтті. Спорт сайысына Солтүстік Қазақстан облысы мен көкшелік әуесқой спортшылардан құралған 4 команда қатысты.
Саналы ғұмырын білім саласына арнаған Қасен Төлебаевты еске алу турниріне полиция қызметкерлері де белсене атсалысты. Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттайтын олар өздерімен бірге, есірткіден аулақ болуға үндейтін арнайы плакаттарды да ала келіпті.
Қасен Төлебаев жиырма жылдан астам уақытын Озерный орта мектебін басқаруға арнаған. Шайбалы хоккейге ерекше көңіл бөліп, бірнеше буынды тәрбиелеп шығарды. Оның шәкірттері сонау 80-інші жылдары «Золотая шайба» республикалық ойынында күміс жүлдегер де атанған екен. Бұл шараны тамашалауға Қасен Төлебаевтың туған туыстары мен жора-жолдастары келіп, қатысушыларға қолдау білдірді.
– Бұл турнирдің негізгі мақсаты – өскелең жастарды есірткі сияқты жат әрекеттерден аулақ болуға тарту. Біз Ақмола облыстық полиция департаменті әрдайым қандай да болсын, спорт шараларына үлесімізді қосып, жастарды есірткісіз өмір сүруге шақырамыз, – дейді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Дархан Сыздықов.
Осы жолы «Көкшетау қаласының хоккей ардагерлері» командасы да турнирге белсене қатысты. 1-ші орын үшін тартысты ойында олар «Озерный» командасын 6:3 есебімен жеңді.
– Бүгін барымызды салып, жеңіске ұмтылдық. Командамыз орта жастағы адамдардан құралған. Ең жас дегендері 50-ден асқандар. Жарыста осылай жеңіске жеттік. Жастар бізден үлгі алсын. Олар да спорттық жарыстарға қатысып, салауатты өмір салтын ұстанулары керек, – деді «Көкшетау қаласының хоккей ардагерлері» командасының капитаны Олег Ежов.
Байқағандарыңыздай, бірінші орынды «Көкшетау қаласының хоккей ардагерлері» жеңіп алды. Ал «Озерный» командасы 2-ші орын тұғырынан көрінсе, үздік үштікті «Зеренді» командасы түйіндеді. Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Ы.ШАМШИЕВА.
Суреттерді түсірген Нұрболат Бектұрғанов.