Егіндікөл ауданының тұрғындарын толғандыратын басты мәселе ауыз судың жайы еді. Бұл түйткілді мәселенің түйіні 2024 жылдың соңына таман шешіліп, тұрғындар сенімді тіршілік негізіне қол жеткізді. Өңірдің осы және басқа да әлеуметтік-экономикалық бағыттағы даму мәселелері туралы аудан әкімінің орынбасары Ерік Жиенбеков өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында БАҚ өкілдеріне баяндап берді.
–Ауданымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы Жолдауында белгіленген негізгі міндеттерді жүзеге асыруда. Бұл маңызды құжатта әрбір азаматтың мүддесі мен қажеттіліктерін ескере отырып, өңірлік саясатты дамытудың маңыздылығы атап көрсетілген. Бұл талап біздің ауданда да қолдау тапты. Біз ауыл тұрғындарының жақсы өмірі сүруі мен жайлы тыныс-тіршілігі үшін қолдан келгенімізше алдымызға іргелі міндеттер қойып, іске соны асырудамыз, – дей келе, аудан әкімінің орынбасары Жолдауды орындау барысында атқарылған жұмыс қорытындыларына тоқталды.
Өнеркәсіп саласының даму көрсеткіштерінде айтарлықтай өсім байқалмайды. Ауданда 857 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, нақты көрсеткіш индикаторы 79,7 пайызды құрапты. Өңдеуші өнеркәсіпте нақты көрсеткіш индикаторы 75,1 пайызға түсіп, алдыңғы жылдың нәтижесіне қарағанда әжептәуір төмендеп кеткен. Сол сияқты, ауыл шаруашылығы құрылымдарының қосалқы өндірістерінде тауар өнімін өндіру азайған, сумен қамту секторында Нұра топтық су құбырының апатты жағдайы салдарынан да маңызды нысандарға су беру көрсеткіші төмендеген. Тау-кен өндіру секторында өсім болмауы Астана қаласындағы кейбір құрылыс жұмыстарының тоқтатылуы себебінен құрылысқа қажетті құмға деген сұраныстың азаюымен байланыстырылса, электрмен қамту бағытындағы көрсеткіштің төмендеуі бағаның қымбаттауына қатысты көрінеді.
–Аудан аумағында 485 шағын және орта бизнес нысаны бар болса, оларда 1354 адам жұмыспен қамтылды. Бөлшек сауда айналымының көлемі былтыр 1807,3 миллион теңгені құрап, өткен жылғы нәтижемен салыстырғанда 125 пайызға көтерілді. Негізгі капиталға құйылған инвестиция 6677,6 миллион теңгеге жетті, бұл бағытта да өсім бар, –деген Ерік Жиенбеков одан әрі аграрлық сектордағы жағдайды баяндады.
Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 34925 миллион теңгені немесе өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 166,6 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығы дәнді дақылдарын өсіруге 52 жауапкершілік шектеулі серіктестік пен 208 шаруа қожалығы қатысқан. Ауданда былтыр 333,8 мың гектар аумаққа тұқым себіліп, оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 322,4 мың гектар алқапты алған. Әр түрлі шаруашылықтарды қоса есептегенде, 1315,6 тонна ет, 2 429,8 тонна сүт, 494,1 мың дана жұмыртқа өндірілген.
Ауданда бүгінгі күні 6,1 мың бас ірі қара бар, соның ішінде сиыр 3,2 мың, жылқы 3,7 мың, қой-ешкі 8,3 мың басты құраса, шошқа 1,4 мыңға жеткен. Құстар саны 4,8 мың. Мән-жайды баяндаушы мал басының азаюы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру себебінен орын алғандығын алға тартты.
–Агроөнеркәсіптік кешен саласында құны 20 миллион теңгені құрайтын мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін бордақылау цехының құрылысы іске асырылды. Бұдан бөлек, тағы 3 жоба қолға алынып, «Кazagroluxe», «Ушаково-АГРО» серіктестіктері мен «Аnkaz» шаруа қожалығының ет фермаларын аштық, –деді Ерік Қуантайұлы.
Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл өңірдегі басты мәселе – ауыз су жайы. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткеніндей, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі.
–2024 жылдың қазан айында Егіндікөл ауданын сумен жабдықтау қалпына келтірілді. Нұра топтық су құбыры 23 ауылдық елді мекенді сумен қамтамасыз етудің негізгі көзі болып табылады. Ұзындығы 68,7 шақырым болатын магистральдық желілердің тозығы жеткен учаскелері ауыстырылған соң ауылға су келе бастады, –деді аудан әкімінің орынбасары.
Аудан тұрғындары 20 жылдан астам уақыттан бері ауыз су тапшылығын бастан кешіріп келгенін жақсы білеміз. Енді бұдан былай ұзындығы 337 шақырым болатын су құбыры Егіндікөл мен Қорғалжын аудандарының 14 мыңнан астам тұрғынын сумен қамтамасыз ететін болады. Биылға Егіндікөл ауданы бойынша 76 миллион теңге сомасына сумен жабдықтау объектілеріне ағымдағы жөндеу жүргізуге сметалық құжаттама әзірленіпті. Бюджеттік өтінім Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына жолданған екен.
Аудан басшысының орынбасары бұдан әрі жол жөндеу, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, құрылыс, көшелерді абаттандыру секілді бірқатар маңызды мәселелерге тоқтала келе, алдағы жылға жоспарланған және жүзеге асырылатын жобалармен таныстырды. Бір атап өтерлігі, өткен жылдың сәуір айында 30 жылдың ішінде алғаш рет Егіндікөл ауылының тұрғындарына аса қажет ауылішілік автобус маршруты қосылыпты. Сонымен бірге, былтыр ауданда 1173 шаршы метрді құрайтын жеке тұрғын үй пайдалануға берілген.
–Биылғы жылы Жеңіс көшесінің бойындағы аулаларды абаттандыру, Жеңіс – Жамбыл және Жеңіс – Бейбітшілік көшелеріне екі бағдаршам орнату, 13 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттерін әрлеу, №1 және №5 үйлерді металлосайдингпен қаптау жұмыстары жоспарланған, қазіргі таңда сметалық құжаттамалары әзірленуде. 5 автобус аялдамасын орнату да жоспарда. Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында басталған жұмысты толықтай аяқтауға да қажетті 76 миллион теңге бөлініп, аудан халқы толығымен ауыз суға қол жеткізетін болады деп сенеміз, –деді спикер сөзін қорытындылай. –Қол жеткізілген жетістіктер ортақ жұмыстың нәтижесі. Алда жаңа міндеттер мен тапсырмалар тұр.
Брифинг соңында баяндамашыға білім беру мен әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бойынша бірқатар сауалдар қойылып, тұщымды жауаптар берілді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.