Ауданның әлеуметтік даму бағыты сөз болды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан қазіргі брифингтер легі аудандардың әлеуметтік даму бағытына арналуда. Бұл орайдағы алғашқы брифингке Біржан сал ауданы әкімінің орынбасары Орынбасар Ахметова қатысып, аймақтың аталған даму бағыты бойынша өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындыларын баяндады. Аудандардың әлеуметтік дамуы – халықтың жақсы да жайлы өмір сүруімен тікелей байланысты. Бұл күн тәртібінен түспейтін мәселелер екені белгілі, әрі Мемлекет басшысының Жолдауында да бұл салаларды дамыту бойынша нақты тапсырмалар берілген болатын.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, өңірде 2150 оқушыны білім нәрімен сусындататын 25 білім ошағы бар, оның 3-еуі бастауыш, 8-і негізгі, 14-і орта мектептер. Бұл білім ордаларында жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісімен 528 мұғалім айналысуда. Сонымен бірге, білім беру саласында мектепке дейінгі19 шағын орталықпен 2балабақша жұмыс істеп, 4 жүзден астам бүлдіршінді тәрбиелеуде. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерді қосымша білім берумен қамту үшін оқу-өндірістік комбинат және балалар музыка мектебі жұмыс істейді.

– Мектепке дейінгі ұйымдар желісін ұлғайту мақсатында былтыр Қызылұйым ауылының негізгі орта мектебінің жанынан 10 орындық шағын орталық ашылса, «Күншуақ» бөбекжай-бақшасын кеңейту мақсатында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2024 жылдың 2 желтоқсанында 30 бала қабылданды. Аудан бойынша 3 жас  пен 6 жас аралығында балалар толығымен мектепке дейінгі біліммен қамтылса, 2 жастан 6 жасқа дейінгілер бойынша бұл көрсеткіш 97,4 пайызды құрады, –дей келе аймақ басшысының орынбасары былтыр аудандағы білім ордаларында жүргізілген күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына баса көңіл бөлді.

Былтыр Степняк қаласының №1мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталғанымен, Андықожа батыр және Кеңащы ауылдарының мектептеріндегі жөндеу жұмыстары жоспар бойынша екі жылға белгіленгендіктен, биыл да жалғасады. Сонымен бірге, биыл Макинка ауылындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізілсе, Баймырза, Құдықағаш және Бірсуат ауылдарының мектептеріне күрделі жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін бюджеттік ұсыным жолданыпты.

– Құрылысы созбалаңға салынып, жылдар бойы күткен Бұланды ауылындағы 80 орындық мектеп ғимаратының құрылысы былтыр аяқталды. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған білім ордасында 16 кабинет, спортзал, алғашқы әскери дайындық, медициналық, технология кабинеті, 30 орындық асханасы бар. Биылғы жылы абаттандыру жұмыстары жалғасатын болады. Аталмыш мектепте 56 оқушы білім алса, 30 педагог жұмыс істейді, – деді Орынбасар Теңдікқызы.

Иә, бұл кішігірім мектептің жыры бірнеше жылға созылып, ел қазынасынан бөлінген қыруар қаржы «жауапсыз мердігерлердің» салдарынан бармақ басты, көз қысты болғанын жақсы білеміз.  Десе де, ауылда оқушылар саны аз болса да, олардың жаңа мектепке қадам басулары көңіл қуантады.

Оқушылардыңой-өрісін дамыту мен мұғалімдердің біліктілігін арттырудан бөлек, мектептердің материалдық техникалық базасы мықты болғаны абзал. Осы орайда, аудан аумағындағы білім ошақтарының материалдықбазасынжаңғыртумақсатындабірқатаржұмыстар атқарылып, ауданның 7 мектебі STEM  кабинеттерімен жабдықталыпты. Оған бюджеттен жалпы сомасы 55,9 миллион теңге қарастырылған. Жол қартасы негізінде «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» мақсатында қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтуға жәрдемдесу, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, 3 жыл бойы мектептерге әдістемелік қолдау көрсету бойынша Степняк қаласының Абай атындағы №2 жалпы білім беретін мектебінің  базасы 250 миллион теңге ұтып алып, мектептің материалдық техникалық базасытолығымен заманауи жабдықтармен жаңартылған.

Денсаулық сақтау саласы бойынша негізгі медициналық көмекті халыққа орталық аудандық аурухана көрсетеді. Онда 43 тәулік бойғы, 31 күндізгі төсек орын бар. Сонымен бірге, ауданда орталық аудандық аурухананың жанында 200 келушіге арналған емхана, басқа да алғашқы медико-санитарлық көмекті көрсететін ұйымдар – 2 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 28 медициналық пункт жұмыс істеп, халыққа медициналық көмекті ұсынуда.

– Қазіргі уақытта ауданымызда емханасы бар жаңа аурухана салынуда. Барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталады деп сенеміз. Сондай-ақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Андықожа батыр ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатыр, – дей келе кадр мәселесін алға тартты Орынбасар Ахметова.

Осы күні ауданға 9 дәрігер, атап айтқанда, кардиолог, невропатолог, хирург, офтальмолог, психиатр-нарколог,терапевт, оториноларинголог, дерматолог, стоматолог секілді мамандар қажет. Бұл мамандарды ауданға жұмысқа тарту үшін жылда Көкшетау медициналық колледжі мен жоғары медициналық оқу орындарында өтетін мамандықтар жәрмеңкесіне жиі қатысады.

– Мамандар ауданға келу үшін оларды толғандыратын басты мәселе әлеуметтік пакет пен баспана жайы шешілуі тиіс. Бұл орайда, басқа аудандар тәрізді «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында тиісті көтермеақы, пәтер алуға жеңілдетілген несие қарастырылған. Сонымен бірге, тапшы мамандықтарды даярлап алу үшін аудан әкімінің стипендиясы да бар. Осы грант аясында еліміздің жоғары оқу орындарында 10 студент оқып жатыр. Бұған дейін оқыған 5 маман ауданға оралып, ел игілігі үшін қызмет етіп жүр, – деді баяндамашы.

Брифинг барысында аудан әкімінің орынбасары жұмыспен қамту, спорт, дене шынықтыру, мәдениет салаларын да кеңінен қамтып, алдағы жылға қойылған міндеттерді атап өтті және журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, бірқатар мәселелердің мән-жайын түсіндірді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар