Салт-дәстүр
«Сәуле» бөбекжайында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында құрылған «Әкелер мектебі» жобасы аясында әкелермен бірлесіп ұйымдастырылған «Әке – бала бақытының қайнар көзі» атты үлкен іс-шара болып өтті.
«Бір жылдығыңды ойласаң егіс ек, он жылдығыңды ойласаң жеміс ек, ғұмырыңды ойласаң ұрпағыңды тәрбиеле», – дейді халық даналығы. Ел келешегі саналған жастарға білім мен тәрбие екеуі де қатар берілуі тиіс. Бұл ретте, әрбір мектеп жасына дейінгі білім беру ұйымдарында ашылған «Әкелер мектебінің» алар орны ерекше. Өйткені, мұнда салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуді әкелердің өздері насихаттап, балабақшадағы тәрбие саласына көмектеседі.
Отбасылық құндылықтарды сақтау, әкелердің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, тәрбие үдерісін ұйымдастыру, әкенің отбасындағы рөлін терең тану және жетілдіру мақсатында өткізілген шарада әдіскер Б.С.Қожанова «Әкелер мектебінің» маңыздылығы, бала тәрбиелеудегі өзекті мәселелер туралы сөз қозғаса, бөбекжайымыздың дене тәрбиесі нұсқаушысы Зарлық Оразов қазақ халқының ертеден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі – «Бестемше» ойынымен таныстырып, қатысушылармен іс-шара өткізді.
Бұл ойын балалар үшін өте тиімді. Өйткені, барынша жеңіл әрі ережесі де қарапайым. Балаларға есептің төрт амалын меңгертумен бірге, ойлау қабілетін қалыптастырады. Бестемшені бес ұяшық, бес таспен ойнайды. Бестемшенің маңыздылығы, бұл ойынға барлық бала қатыса алады, нәтижесінде бала тез санап үйренеді.
Қазақ халқының ежелден ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарағанына осы ойынның өзі-ақ дәлел бола алады.
Ендеше, бөбекжайымызда өткен осы бір іс-шараға белсене қатысқан Ғайнолла, Анафиндер, Петровтар, Рамазановтар, Суриновтар және Тоқболатовтар отбасыларына алғысымызды білдіреміз.
Бибігүл ҚОЖАНОВА,
«Сәуле» бөбекжайының әдіскері.
Көкшетау қаласы.