Кітапхана – ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар ең қажет, абыройлы мамандық иелері.
Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың қызығушылығын арттыруға, талғамына, таңдауына, қажетті тақырыптарын тауып беруге, әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсету, оқуға деген көзқарасын ояту кітапханашының тікелей міндеті. Қызығы мен қиыншылығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ, дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып келе жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Олар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда.
Сондай кітапханашылардың бірі – ұзақ жылдар бойы осы саланың дамуына үлкен үлес қоса білген Краснояр қалалық үлгілі кітапханасының кітапханашысы Әлия Бақытқызы Бәйтенованы зейнеткерлік демалыс жасына шығарып салу кеші өтті. Кітапхана бұл кісі үшін тек жұмыс орны емес, өмірінің бір бөлшегі десе де болады. Ана тәрбиесін бойына сіңіріп өскен бойжеткен Әлия Қуат есімді жігітке тұрмысқа шығып, үш сәбиді дүниеге әкеліп, екі қызды бауырына басты. Сол балалардан сегіз немере сүйіп, ақ жаулықты әже, ақ баталы ата, ардақты жанұя атанып отыр. 2000 жылы Көкшетау қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесіне жұмысқа орналасып, осы күнге дейін тынбастан бір салада 25 жыл жұмыс атқарды.
Кеш барысында туған күн иесін құттықтауға Краснояр ауылдық округі әкімінің орынбасары А.С.Есімбек, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры С.С.Жетпісқалиев, Краснояр ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.С.Әбішев, белгілі әнші Төкен Ілияс, «Көкше» мәдениет үйінің директоры А.Б.Еламанов, Краснояр қалалық үлгілі кітапханасының меңгерушісі Г.Бодаубай келіп, жылы лебіздерін білдірді. Кеш соңында «Көкше» мәдениет үйінің әншілері туған күн иесіне әннен шашу арнады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
10 Total Views , 1 Views Today