Бір жылда 21 656 289,9 миллиард теңге төленді

Міндетті әлеуметтік сақтандыру  

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (Қор) 2005 жылдан бастап белгілі бір әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша деңгейін іске асырады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары төлеушілердің, яғни, жұмыс берушілердің жұмыскерлер үшін, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың өздері үшін Қорға төлейтін әлеуметтік аударымдары есебінен қалыптастырылады. Бұл ретте, әлеуметтік аударымдар жұмыскерлердің жалақысынан ұсталынбайды, ол жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленеді.

Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыруда жұмыс берушінің жауапкершілігі іске асырылады.

2025 жылдан бастап жүйеге салық агенттерімен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (АҚС) бойынша табыс алатын жеке тұлғалар кіреді.

АҚС шарттары бойынша табыс алатын жеке тұлғалар үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі олардың алатын табысы болып табылады, ал әлеуметтік аударымдарды төлеушілер АҚС шарты жасалған салық агенттері болып табылады.

Әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі 2025 жылдан бастап 5 пайызды құрайтын болады. Бұл ретте, салық заңнамасына сәйкес, салық төлеушілер әлеуметтік салықтың есептелген сомасын Қорға төленген әлеуметтік аударымдар сомасына азайтады.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, бір төлеушіден әлеуметтік аударымдарды есептеудің ай сайынғы объектісі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 7 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Егер бір төлеушіден күнтізбелік ай үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі 1 ЕТЖ-дан аз болса, онда әлеуметтік аударымдар 1 ЕТЖ негізге алына отырып төленеді.

Осыған байланысты әлеуметтік аударымдардың ең төменгі мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 250 теңгені (85 000 теңге * 5%), ал ең жоғары мөлшері – 29 750 теңгені ((7 * 85 000 теңге) * 5%) құрайтын болады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне Ақмола облысынан 231,9 мыңға жуық жұмыс істейтін азаматтар қатысады және жыл сайын өңірде 41 430 мыңнан аса адам Қордан әлеуметтік төлемдер алады.

Жүйе Қордан тағайындалатын екі ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдерді қарастырады – жұмыскер жалпы еңбек ету қабілетінен айырылған кезде, сондай-ақ ол қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелері асыраушысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлем алады. Бұл төлемдер бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі, асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады. Ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдер жыл сайын Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде индекстелетінін атап өту қажет. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған төлемдер 6,5 пайызға арттырылатын болады. Ақмола облысы бойынша еңбекке қабілеттіліктен айырылған 4 715 адамға және асыраушысынан айырылған 3 276 отбасыға әлеуметтік төлемдер автоматтандырылған режимде көтеріледі.

2024 жылдың 12 айында Ақмола облысында 4 715 адам еңбекке қабілеттілігінен айырылуы жағдайына жалпы сомасы 1 870 432,0 миллиард теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 3 276 отбасы 1 254 417,4 миллиард теңге сомасына әлеуметтік төлемдер алды.

Келесі екі әлеуметтік төлем ана мен балаға байланысты. Мәселен, жұмыс істейтін әйел жүктілікке және босануға, сондай-ақ, бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алады.

2024 жылдың 12 айында Ақмола облысындағы 6 136 болашақ ана жүктілікке және босануға байланысты жалпы сомасы  6 836 686,5 теңгеге, сондай-ақ, бала күтіміне байланысты 18 930 адам жалпы сомасы 9 283 281,1 миллиард теңгеге әлеуметтік төлемдер алды.

Жүйеге қатысушы үшін маңызды қолдау, бұл жұмысынан айырылу себептеріне қарамастан, Мансап орталығы оны жұмыссыз ретінде тіркеген жағдайда тағайындалатын жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем. Ақмола облысында 2024 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 8 373 адам жалпы сомасы 2 411 473,0 миллиард теңгеге көрсетілген төлемді алды.

Осылайша, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Ақмола облысының тұрғындары үшін Қордан 21 656 289,9 миллиард теңгеден астам сомаға әлеуметтік төлемдер төленді.

Әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік төлемдердің мөлшері жеке есептеледі және әлеуметтік аударымдардың Қорға уақытылы және толық төленуіне тікелей байланысты екенін айта кету керек. Осыған байланысты, жұмыс істейтін азаматтар үшін Қорға нақты түскен әлеуметтік аударымдардың сомасын тұрақты негізде тексеріп отыру маңызды. Бұл, бүгінгі таңда egov.kz электронды үкімет порталы немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы онлайн режимінде, сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) бөлімшелері немесе Қордың филиалдары арқылы офлайн режимде қолжетімді.

Жалпы Қордың негізгі міндеті әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде әлеуметтік төлемдердің тиісті мөлшерін алу мақсатында халықты жұмыспен қамтуды ынталандыру, сондай-ақ, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру болып табылады.

Ақмола облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар