Өмір сүру сапасын жақсартуда оң өзгерістер бар

Өңірлік коммуникациялар қызметінде елордамен іргелес Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары Саят Ахмеджановтың БАҚ өкілдерімен брифингі болып өтіп, өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігіндегі оң өзгерістер ортаға салынды. Өңірде бүгінде аудан тұрғындарының әл-ауқатын көтеру, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Оған аудан әкімінің орынбасарының баяндамасындағы айтылған денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қорғау, жастар саясаты, мәдениет және спорт салаларындағы оң көрсеткіштер дәлел болмақ.

Мәселен, аймақтағы 145 орынға лайықталған аудандық аурухана базасына жалпы сомасы 28 629,2 теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынған. Сонымен қатар, өткен жылы аудандық ауруханаға жедел медициналық көмек көрсету қондырғылары бар екі санитарлық автокөліктің кілті беріліпті. 100,2 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудандық аурухана жаңа тыныспен жаңғыра түскен. Ағымдағы жылы Новорыбинка, Қына және Урюпинка ауылдарында жүргізіліп жатқан амбулаториялық және фельдшерлік-акушерлік медициналық мекемелердің құрылысын аяқтау көзделген.

Аудан әкімінің орынбасарының айтуынша, білім беру үдерісі үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында аймақта бірнеше жобалар іске асырылып, өз нәтижесін берген. Айталық, өткен жылы Ақкөл қаласының № 2 мектебіне күрделі жөндеу жүргізіліп, бес бірдей ауылдық мектептердің жылу жүйелері жаңартылған. Сонымен қатар, ауыл мектептерінің қасбетін жөндеу, қоршауларын ауыстыру, ескірген электр сымдарын жаңалау, шатырларын ауыстыру, мектеп айналасын абаттандыру сияқты жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылыпты.  Спикердің сөзінше, аудан мектептеріне жаңа технологиямен жабдықталған модификация, робототехника, инклюзивті білім беру кабинеттерін ашу, сондай-ақ, сыныптарға моноблоктар, интерактивті панельдер, планшеттер сатып алу білім сапасын жаңа деңгейге көтереді.

–Аудан тұрғындарын әлеуметтік қорғау, жұмыс іздеушілерге жаңа жұмыс орындары туралы бағыт-бағдар беруді ұйымдастыру да төл міндетіміз. Өткен жылы ауданда жаңадан ашылған 1215 жұмыс орнының 813-і сақталып қалды. Ауданның 36 тұрғынына әлеуметтік көмек тағайындалып, мұқтаж отбасыларға қарастырылған санаттарға сәйкес, барлығы 9281,3 мың теңге жәрдемақы төленді,–деді Саят Ахмеджанов өз сөзінде. Сонымен қатар, өткен жылы мүмкіндігі шектеулі 19 адам жергілікті әкімдік пен оның бөлімдеріне, әлеуметтік нысандарға жұмысқа тұрғызылған. Мәдениет саласында да өткен жылы игі өзгерістер орын алған. Осы салаға бюджеттен 327 443,0 мың теңге бөлініп, бұл қаражат аудандағы мәдени нысандар мен спорт кешендеріне күрделі жөндеу жүргізуге және олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалған.

–Бүгінгі таңда ауданда 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастарды қоғамға бейімдеу, білім алуы мен жұмысқа тұруына жағдай жасау үшін түрлі бағдарламалар бекітілген. Ауданда осы санатқа жататын барлығы 7016 жас бар.  Олар үшін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» сияқты бағдарламалар қолға алынып, бұл жобалардың арқасында аудан жастары қоғам өмірінен тыс қалып жатқан жоқ,– деді жастар саясатына ойысқан ендігі бір мезетте аудан әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, өткен жылы республикалық «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыруға ақкөлдік жастар құрамынан 45 жасақ жасақталып, олар қалалар мен ауылдарды қоқыстан тазарту жұмыстарына белсене ат салысқан. Олар, сонымен қатар, «Таза Қазақстан» жобасы аясында зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс етіп тұрады. Міне, осындай жұмыстар әлі де өз шешімін таба түссе, ауданда шын мәнісінде тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуда қазіргіден де ауқымды істер көрініс берері сөзсіз.

 Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар