Замандас
Өнердің өрісі кең, өресі биік. Себебі, ол халықтың қазынасы, ұлттық құндылығы. Әсіресе, қазақтың қолөнері сан ғасырлар бойы халықпен бірге жасасып, қалыптасып келе жатқан қастерлі өнер.
Қазақ «Ел іші – өнер кеніші» дегенді бекерден-бекер айтпаса керек-ті. Шынымен де, ауыл қазақтың ырысы, тынысы, алтын қазығы. Табиғи талантымен елді тәнті етіп жүрген өнегелі елдің өнерпазы көп. Осындай дарынды жандардың бірі, қолөнер шебері Қоянды ауылының тұрғыны Бахшагүл Байдолдақызы.
Қолымдағы көз суырар көркем бейнелердің барлығы жай ғана өзіміз күнде қолданып жүрген заттардың қалдығынан жасалған десе мүлдем сенбейтін едім. Бірақ, бұл мүмкін екен! Қазақы оюмен әспеттелген алтын түстес сәукеле, қызылды-жасылды көздің жауын алар киіз үйлердің макеті, сәнді тақиялардың неше түрі, қыздардың қол сөмкелері көркем туынды деуге тұрарлықтай. Бұдан басқа, алаша, текемет, сырмақтың сан түрі мен мұндалап тұр. Ашық һәм қанық түстердің өзара бір-бірімен үйлесуі тіптен ғажап! Қолөнер туындыларының көркемдігінен бөлек, тағы бір таңдай қақтырары – осының барлығы ескі газет қиындыларынан жасалған! Енді бірі пластикалық бөтелкелерден, қайсыбірі шүберек қиқымынан, қолданысқа келмейтін қалдық заттардан жасалыпты. Қолөнерге жастайынан әуес болған Бахшагүл ханым осы өнерін күні бүгін өскелең ұрпаққа үйретіп жүр.
Бахшагүл Байдолдақызы 1980 жылдың 28 қазанында Моңғолияның Баян-Өлгий қаласында көп балалы мұғалімдер отбасында дүние есігін ашқан. Әкесі Нұрпатұлы Байдолда дене шынықтыру және музыка пәндерінің мұғалімі және ағаштан түйін түйген қолөнер шебері болса керек. Анасы Батырбайқызы Хонай болса, бала тәрбиесімен қатар, тігіншілік өнерді қатар алып жүрген.
– Бала кезімізде әкем ағаштан ойып, ойыншықтар жасап берсе, анамыздың тіккен көйлектерін киіп өстік. Жалпы, бойымдағы дарын-қабілеттің барлығы маған ата-анамнан дарыған болар деп ойлаймын. Өз басым, бала кезімнен өнерге жақын болып өстім. Құлағына ән мен әуез сіңген бала, түптің-түбінде өзін шығармашылық қырынан танытары анық. Менің де балалық шағым өнермен тығыз байланыста өтті. Мектепте өтетін мәдени-көпшілік іс-шаралардың барлығына бірдей қатысатынмын. Бірде ән айтсам, енді бірде сахналық қойылымдарда өнер көрсетіп, радиодан берілетін таңғы ән жолдау бағдарламаларында шығармашылық қырымнан таныла бастадым. Өнер өлкесінде жарқырай шығып, ел ішінде өнерпаз бала атанып келе жатсам да, көңілімнің түкпірінде, жұдырықтай балаң жүрегімде өзімнің атақонысым, туған жерге оралсам екен деген арманым болатын. Себебі, бұл туралы үйдегі үлкендерден жиі еститінмін. Адам баласы үшін туған жердің жөні бөлек қой. Иә, қазақ «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді бекерден-бекер айтпайтындығын бала болсақ та, жақсы ұғынатынбыз. Отанға оралу дейтін ұлы арманның жетегінде, 1991 жылы Қазақстанға қоныс аудардық. Қоныс тепкен жеріміз де осал емес-ті. Киелі Көкшенің төскейіндегі шежірелі Ереймен елі, – деп жазыпты бізге жолдаған хатында Бахшагүл Байдолдақызы.
Бахшагүл ханым дұрыс айтады. Иә, елге деген құрмет адамның жас ерекшелігімен өлшенбейді. Біз осы бір қолы епсекті, ісмер жан туралы қолда бар дерекке бойлай түскен сайын оның елге, жерге, қала берді Отанға деген құрметіне тәнті бола түстік. Шынымен де, бүгінгі жас ұрпақтың бойында осындай патриоттық сезімнің кей тұста байқала бермейтіні бар-ау!.. Осындайда, мектеп оқушысы бола жүріп, атамекенін аңсаған бала жүректен қайтіп қана айналмайсың, қалайша марқаймайсың, шіркін!
Бахшагүл орта мектепті Ерейментау ауданының Бөгенбай батыр атындағы 11 жылдық орта мектебінде тәмамдап, колледжге оқуға түседі. Кейін 2000-2005 жылдары Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде сырттай оқып, заңгер мамандығына да ие болады. Аталмыш диплом бойынша Астана қаласында әскери әуе қорғаныс саласында да жұмыс істесе керек.
– 2003 жылы тұрмыс құрып, ана бақытына бөлендім. Ал, 2013-2015 жылдары екінші мамандығымды таңдап, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша білім алдым. 2015 жылдан бері осы мамандығым бойынша жұмыс істеп, заман талабына сай бала тәрбиесімен қатар, ата кәсіптің құндылығын жандандырып, қолөнер шеберлігімен айналысудамын. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, осы уақыт аралығында шәкірттерім халықаралық, республикалық, қалалық сайыстардан жүлделі орындардан көрініп, өңір абыройын аспандатуда. Бірнеше телеарналарда да сұхбат беріп, өз өнерлерін ортаға салуда. Тәжірибелік жұмыс жасау барысында көптеген шәкірттерім қолөнер кәсібінің шеберлігін меңгерді десем де болады. Шәкірттерімнің көбі ұстаз ілімінен бағыт алып, осы мамандық бойынша, өздері де шәкірттерге қолөнер құндылығын дәріптеу жолында еңбектеніп жатыр. Бұл менің сан жылдар бойы жинақтаған тәжірибемнің ақталуы және үздіксіз еңбегімнің жемісі деп ойлаймын, – дейді Бахшагүлдің өзі.
Еселі еңбек еш болмайды деген рас-ау! Бахшагүл Байдолдақызы Қазақстан Республикасының үздік мұғалімі абыройлы есіміне ие. Бұдан басқа Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі, «Целиноград ауданына 95 жыл» медалімен де марапатталған. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарымызды қалдық заттардан жасап дәріптегені үшін республикалық қолөнершілер фестивалінде Алғыс хатқа ие болған. Біз жоғарыда санамалап шыққан марапаттар Бахшагүл Байдолдақызының осы жылдар аралығында ие болған сыйлықтарының бір парасы ғана. Бұл тізім әлі де жалғасын табады деп ойлаймыз. Иә, өнерлі жандардың еңбегі қашанда еленгені абзал. Себебі, адал еңбек иесінің орны қашанда төр болуы керек!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қоянды ауылы,
Целиноград ауданы.
5 Total Views , 1 Views Today