Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл
«Жүз жылда бір туатын» демекші, биыл өз заманының тарих көшін бастаған тарлан тұлға, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінің классик жазушысы, ақын, драматург Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толып отыр. Әдебиеттегі тарихи роман жанрын зәу биікке көтерген дарабоз қаламгерді қазіргі таңда төрден көруіміз, ол оның шығармашылық жолында салған даңқты сара жолы.
Ғұмырын қазақ әдебиеті мен тарихына арнаған жазушы, әрі біздің жерлесіміз Ілияс Есенберлин 1915 жылы қазіргі Ақмола облысы Атбасар қаласында ағаш шеберінің отбасында дүниеге келген. Өмірдің тауқыметін, аштық кезеңін басынан кешірген ол індеттен көз жұмған ата-анасынан ерте айырылды. Ілияс жастайынан жетімдер үйін паналайды. Кейін мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ, алғыр болып, өлең шумақтарын жазып, ертегі шығарып, басқа да сабақтарын қызықтап оқитын. Мектепті аяқтағаннан кейін жоғары оқу орнына тау-кен металлургия институтына түсіп, 1940 жылы оны аяқтап, әскер қатарына шақырылады. Әскери борышын өтеп жүргенде Екінші дүниежүзілік соғыс басталады, майданға аттанып ауыр жарақаттанады. 1944 жылы соғыстан Алматыға оралып келгеннен кейін, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы болып жұмыс істей бастады.
1947-1951 жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры қызметін атқарады. 1937 жылы атылып кеткен Хамза Жүсіпбековтің (Әділет халық комиссары болған) қызына үйленгені үшін қудаланып, 1951 жылы 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Жазасын Қарақұм каналы құрылысында жарылыс жұмыстары жөнінен тау-кен инженері ретінде өтейді.
Соғыстан кейін біршама жерлерде жұмыс жасап, сол кезде бірнеше поэма жариялап, өлеңдер жинағын шығарған Ілияс Есенберлин қуғынға ұшырағаннан соң, 1950-інші жылдары жазған шығармаларын ешбір баспа, газет және журнал қабылдамайтын болды. Оның қайтадан әдебиет саласында бой көрсетуі, өзіне атақ әкелетін еңбектеріне баспалардың есігінің ашылуы Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімімен байланысты. Негізгі мамандығы тау-кен инженері болған және жазушыны жас кезінен білетін Д.А.Қонаев 1966 жылы кездейсоқ көріп, тума дарын, қаламгерлік қасиетін байқап, халін білгеннен кейін араша түсіп, «Жазушы» баспасына басшы болуына көмегін беріп, оның алғашқы шығармаларына қолдау көрсетіп отырды.
Құнды әрі көлемді туындыларымен танымал болған І.Есенберлин шығармашылық жолын алғашында ақын ретінде бастаған. Оның қаламынан «Адамгершілік жыры» атты өлеңдер жинағы, «Большевик туралы жыр», «Біржан сал» трагедиясы, «Адам мәңгілік», «Сұлтан», «Айша» деп аталатын поэмалар туды. Қырықтан астам әндердің сөзінің авторы. Алғашында оның «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», «Адам туралы ән» повестері, содан кейін «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар» атты көлемді романдары дүниеге келді. Ілияс Есенберлин жалпы саны 17 роман жазған. Пьеса мен драматургия саласында аударма жасаған.
Айғағында роман жазу, екінің қолынан келе бермейді. Егер тақырыптың ашылуы, мазмұны мен көлемі келісіп жатса, онда ол нағыз таланттың жемісі. Ішкі шабыттың шабысы. Ілияс Есенберлин болса, романдарын жазар алдында қалай жұмыс жасайтынын былай баяндаған:
«Мен алдыменен, материал жинаймын. Деректер іздеймін. Айғақты уақиғаларды қараймын. Халық фольклорына сүйенемін. Жазба бетінде қандай шығармалар бар, соның барлығын қолым жеткен жерге дейін зерттеймін, оқимын, бірімен бірін салыстырамын. Осылай дайындаймын. Материал дайындалғаннан кейін алдымен ойға салып, бір жыл өте ме, көп жыл өте ме, миыма өзім жазамын. Не туралы болу керек, асыл арманың не еді осы кітапты жазғанда, нені көтергің, нені ашып айтқың келеді? Тереңдеп ізденіп, өз ақылымның жеткен жеріне шейін жазамын», — деген.
Тарихи тақырыпта роман жазсам ба деген арманымен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қамқорлығының арқасында «Көшпенділер», «Алтын Орда» трилогияларын өзі істеп жүрген «Жазушы» баспасында шығарды. Роман жазуға оңайға түспегенін, оған жиырмаға жуық жылын алғанын жазды автор. Романды асқан шеберлік және шыншылдықпен іске асыра білді. Ол романды қызықты ету үшін тарихи шындықтарға қайшы келетін қияли суреттеулерге барған жоқ. Сонымен қатар, романдарын жазу барысында ғылыми еңбекке дайындалғандай терең зерттеулер жүргізіп, көптеген архив деректерін қарап шыққан. Кейбір әдебиетші мамандар Ілияс Есенберлиннің осы жинаған деректерімен, егер роман орнына диссертация жазуды көздесе, 3-4 диссертация жазуға тұратын дерек жинағанын атап өтті.
1960 жылдардың соңы мен 1970 жылдардың басында жарық көрген «Алмас қылыш», «Жанталас» және «Қаһар» романдарынан тұратын «Көшпенділер» трилогиясы Кеңестік кезеңде қазақ халқының ұлттық санасының оянуына түрткі болған маңызды шығармалар. Бұл еңбектерінде ол қазақ хандығының құрылуын, Абылай хан заманын және Кенесары Қасымұлының патшалық Ресейден тәуелсіздік алу жолындағы күресін сомдады.
Бүгінде әлемнің көптеген тілдеріне аударылған, бірнеше мәрте басылғанның нәтижесінде оқырманға қазақ халқының батырлық тарихы мен өзіндік мәдениеті жайында әспеттеп баяндаған роман қазақ халқының хандық дәуірдегі санқилы өмірінің энциклопедиясы іспеттес.
Ол кезде мұндай тарихи тақырыпты жазуға ешкімнің батылы жетпейтін еді. Әсіресе, Кенесары туралы роман жазу әр жазушының қаламынан келе бермейтін. Өйткені, одан 20 жылдай бұрын ғылыми тұрғыдан зерттеп докторлық диссертация қорғаған тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов 25 жылға сотталған еді. Міне осыдан кейін Қазақстанда ешбір ғалымның кеңестік идеология белгілеген тарихи тақырыптардың соңына түсіп, қандайда бір тақырыпты зерттеуге ұмтылуы өз-өзіне қол жұмсаумен бірдей еді. Осындай тар кезеңде жас ұрпақтарға шынайы тарихты білгізу мақсатында Есенберлиннің Кенесары тақырыбында роман жазуы үлкен ерлік.
Дарынды тұлға Ілияс Еесенберлин кеңес үкіметі кезінде осындай құнды еңбектерімен тұтастай бір ұлттың тағдырына араша түсіп, тарихын қайта жаңғыртып, оқырман санасына дем берді. Романдары арқылы ұлттық намыстың қайта жанданып, ұлт санасына жетуіне біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізін қалаған, соған бүкіл қазақ қауымын дайындаған Ілияс Есенберлиннің және оның алтын қаламмен жазылған тарихи көркем шығармаларының қосқан үлесі баға жеткізгісіз.
Он жыл бұрын қазақ хандығының 550 жылдығына жазушының 100 жылдық мерейтойының егіз келуі де үлкен құбылыс. Жылдан-жылға туған күнін дүркіретіп атап өтсек те, ол сол дәрежеге лайықты қаламгер. Тіпті, қазақ елінің Геродоты десек те, дөп басып айтқандаймыз. Қазақ халқының жадында жазушының өзі де, шығармасы да мәңгі өшпей, ел аузында айтылған үстіне айтыла бермекші.
Самал ҚҰТТЫҒОЖИНА,
Ақмола облысының мемлекеттік архивінің ақпараттық-ұйымдастыру бөлімінің архивисі.
Суреттерде: жазушы шығармалары; туған жері Атбасар қаласында орнатылған ескерткіші.