Ескерткіштер – ел тарихы
Ақмола облысы тарихи оқиғаларға бай мекен, ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, жұртының амандығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен азаматтары да аз емес.
Қазіргі уақытта замандастарымыз ұлы тұлғалар, белгілі қайраткерлер есімдерін немесе елеулі тарихи оқиғаларды мәңгілік есте қалдыру үшін, монументалды өнер құрылыстарына (ескерткіштер) арқылы жүгінеді. Бұған дәлел, өңірімізде Ұлы Отан соғысына арналып орнатылған көптеген монументалды тарихи-мәдени ескерткіштер.
Ұлттық сана-сезімнің өсуімен қатар, ел тарихына, тарихи орындарға, белгілі тұлғаларға деген құрмет пен қызығушылық арта түсті. Көбінесе ескерткіштерді орнатуға бастама көтеретін осы белгілі тұлғалардың ұрпақтары, қоғам қайраткерлер және басқа да белсенділер.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауларының біріндетрайбализмнің, яғни, рушылдықтың алдын алу үшін «Соңғы уақытта тек бір өңірде белгілі адамдарға ескерткіштер қою үрдісі байқалды. Жергілікті комиссиялар бұған жол бермеуі керек. Республикалық комиссия заңсыз шешімдердің алдын алуға тиіс. Егер барлығы тек ата-бабаларына ескерткіштер қойса, елде трайбализм мен жершілдік орнайды. Бұл мәселеге мұқият назар аудару қажет»деген болатын. Сондықтан,ескерткіштерді орнату кезінде заңды бұзбау, әлеуметтік жағымсыз салдардың пайда болуына жол бермеу керек екенін түсіну өте маңызды.
Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №103 бұйрығы бар. Онда монументтік өнер құрылыстары – аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументтік өнер туындылары (ескерткіштер, стелалар, бюсттер) деп атап көрсетілген.
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 9- тармақшасына сәйкес монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі жұмысты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жүргізеді.
Монументтік өнер құрылыстарын орнатуды жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет қаражаты есебінен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырады.
Монументтік өнер құрылыстарын орнату «Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі №1465 ҚHYPERLINK «https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P990001465_»аулысымен айқындалған көрнекті тұлғалардың мерейтойлық және атаулы күндеріне, маңызды тарихи оқиғаларға орайластырылады.
Құрылыс қаһармандық пен ерлік танытқан, мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға айтарлықтай ерен үлес қосқан жағдайларды қоспағанда, аса көрнекті тұлғалар қайтыс болған және маңызды тарихи оқиғалар орын алған күннен бастап кемінде бес жыл өткен соң орнатылады. Құрылыс мемлекеттік меншіктегі жалпы ортақ пайдаланылатын орындарда орнатылады. Бір елді мекенде бір аса көрнекті тұлғаға немесе маңызды тарихи оқиғаға бір құрылыс қана орнатылады.
Жергілікті атқарушы органдар монументтік өнер құрылыстары бойынша жұмысты жоспарлы негізде жүргізеді. Жоспарды тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган алдағы күнтізбелік жылға жоспарланып отырған жылдың алдындағы ағымдағы жылғы 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде қалыптастырады. Жергілікті атқарушы органдар құрылыс туралы ұсыныстарды уәкілетті органға жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 қарашасына дейінгі мерзімде ұсынады. Жоспарға жергілікті атқарушы органдардыңұсынысында қаржылық растау, жер учаскесін бөлу туралы шешім мен тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның хаттамасы болуға тиіс.
Жоспарға енгізілген құрылысқа жоғары шығармашылық орындауды қамтамасыз ету, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдар мүсіншілер арасында құрылыстың үздік жұмыс жобаларына республикалық шығармашылық конкурс жариялайды.
Жоспарланған республикалық шығармашылық конкурс туралы хабарландыру жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында және республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс жобаларын қабылдаудың басталу және аяқталу күнін міндетті түрде көрсете отырып орналастырылады.
Үздік жұмыс жобаларына арналған республикалық шығармашылық конкурсты жергілікті атқарушы органдар оның шарттарын егжей-тегжейлі сипаттай отырып кемінде бір ай мерзімге жариялайды.
Республикалық шығармашылық конкурс аяқталғаннан кейін конкурсқа келіп түскен құрылыстың жұмыс жобалары жергілікті атқарушы органдар жанындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиялардың қарауына енгізіледі.
Республикалық шығармашылық конкурсқа келіп түскен жұмыс жобаларынан тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия кемінде үш жұмысты үздік деп таниды.
Жергілікті атқарушы органдар жанындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия іріктеп алған құрылыстың үздік жұмыс жобалары мынадай құжаттармен және материалдармен бірге уәкілетті органға жіберіледі:
1) құрылысты орнатуды қаржыландыру туралы ақпарат қамтылған ілеспе хат;
2) құрылысты орнату үшін жер учаскесін бөлу туралы жергілікті атқарушы органның шешімінің немесе қаулысының көшірмесі;
3) құрылыстың кемінде 1:10 ауқымдағы кемінде үш жұмыс жобасы;
4) жарықтың төрт бағыты көрсетілген құрылысты орнатудың ахуалдық сызбасы;
5) құрылыстың 1:500 ауқымдағы бас жоспарының макеті;
6) құрылыстың сәулеттік-көркемдік, композициялық шешімдері туралы ақпаратты қамтитын түсіндірме жазба;
7) жергілікті атқарушы органдар жанындағы Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның хаттамасы.
Құрылыстың жұмыс жобасы сапалы шығармашылық орындау, портреттік ұқсастықты ашу және тарихи оқиғаны бейнелеу тұрғысынан қаралады. Ұсынылған ахуалдық сызба және құрылыстың бас жоспарының макетін ескере отырып, құрылыстың дұрыс орналасуы айқындалады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V Қазақстан Республикасы Кодексінің 145-бабында Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасын бұзу қандай салдарларға әкеліп соғатыны айтылған. Мысалы,монументті өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бұзушылықтар жүргізіліп жатқан жұмыстарды тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға он, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Осынау біз келтірген барлық ережелерді сақтай отырып, монументалды өнер құрылысын орнатудың бастамашысы негізгі өз ойын жүзеге асырудың ең тиімді шешімін таба алады. Сонымен қатар, қажетсіз шығындардан аулақ болып, жобалардың уақтылы аяқталуына кепілдік беруі және де жергілікті тұрғындар мен қонақтардың баруларына қызықты болатын жаңа, ерекше орындардың көбеюіне ықпал етуі тиіс.
Гүлім РАХЫМЖАНОВА,
Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау
және пайдалану орталығының бас инспекторы.