Білім мен ғылымның шырқау биігіндегі Шоқан

Шоқан Уәлихановтың туғанына – 190 жыл

Бұрынғы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы Сырымбет ауылында орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайы еліміздегі үздік мәдени ағарту орны болып саналады. Мұражай Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметін насихаттап, іздеушілерге құнды тарихи мәліметтер беріп, ұлы ғалымның өмір жолындағы ізгі істері мен оның достары, әріптестері және туыстары туралы деректерді жинайды, ғылыми еңбектері мен саяхаттары жайлы жол жазбаларына, күнделіктеріне зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Биыл Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толғалы отыр. Ал, біздің мұражайымыз өз жұмысын 1985 жылы 17 қарашада Шоқан Уәлихановтың 150 жылға толуына орай бастаған болатын. Музей экспозициясы алты залдан тұрады. Бірінші залда Шоқанның балалық шағына қатысты деректер мен Уәли ұрпақтарының шежіресі көрсетілген. Екінші залға Омбы кадет корпусында оқыған жылдарындағы естеліктері мен  алғашқы саяхаттары топтастырылған. Ал, үшінші зал Шоқан ғұмырнамасына атақты саяхатшы даңқын берген Қашқария сапарына арналса, төртінші залдан өңірдің көрнекті адамдарына қатысты әртүрлі мәліметтерді, кітаптар мен фотосуреттерді кезіктіруге болады. Бесінші зал «Өнер галереясы» деп аталады. Алтыншы залға киіз үйдің ішкі жабдықтары орналастырылған. Жалпы, мұражай 1929 жылы салынған ескі екі қабатты  ғимаратта орналасқан. Кешеннің жалпы көлемі 5693 шаршы метрді құрайды. Мұражай қазіргі заманғы дизайнды ескере отырып, қайта жаңғыртылған және ондағы жабдықтар мұражай талабына сәйкес келеді. Мұражай Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының бекітілген жылдық жоспары бойынша жұмыс істейді.

Айғаным қонысы XIX ғасырдағы архитектуралық ескерткіш болып саналады. Бұл қоныс Сырымбет ауылының оңтүстік-шығыс беткейінен төрт шақырым жерде орналасқан. Ол 1993 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен  салынып, сол кездегі Қазақстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикалары Президенттерінің қатысуымен салтанатты түрде ашылған болатын. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өткен бұл жерді бүгінде біз мемориалдық-архитектуралық кешен ретінде қарастырамыз.

1988 жылы Ленинград археологтары және Сырымбет орта мектебінің оқушыларының көмегімен қазба жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде бес үйдің іргетасы табылды. Қоныстың аумағына қонақ үй, медресе, мешіт, монша, шаруашылық құрылыстары және жел диірмені кіреді. Бұл жерге қазақ классикалық музыка өнерінің негізін қалаушы ұлы композиторлар Біржан сал, Ақан сері және Көке Әлжанұлы, Құрымбай Қанқожаұлы, ақын Ажар, Орынбай, Арыстанбай, Жанақ сияқты атақты ақындар мен әншілер келген. Жыл сайын бұл жерге құмартып, екі мыңнан астам саяхатшылар келіп тұрады. Келушілердің арасында мұражай кешеніне арнайы келген қонақтар мен ТМД мемлекеттерінен келгендер және алыс-жақын шетелдіктер де бар. Кешен облыс орталығы Петропавл қаласынан 280 шақырым ал, Көкшетаудан 120 шақырым жерде орналасқан. Аудан орталығы – Саумалкөл ауылы. Жұмыс уақыты таңғы сағат 9-дан басталып, кешкі 6-ға дейін жалғасады. Демалыс күні – дүйсенбі болып саналады.

Шоқанның әжесі Айғанымды білмейтін қазақ жоқ деп ойлаймын. Ол өз заманының озық ойлы, білімді, алдын болжап білгіш сергек сезімді, мол парасатты жан болды. Ақылы көркіне сай, уақыт ағымын пайымдай білген  қайраткер қазақ әйелдерінің бірі  Айғаным ханшаның шыққан жері Құдайберді Бейімбет, Атығай елі. Өз әкесі Сарғалдақ, арғы атасы Шұбат аталған Мәлім қожа. Айғанымның төре тұқымынан емес, халықтың өз ортасынан шығып, заманының алдыңғы қатарлы білімді әйелі болуы оның абыройын асқақтата түсті. Ол араб, парсы, шағатай тілдерін білуімен қатар, орыс тілін еркін меңгерген екен.

Айғаным Сарғалдаққызы ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ тарихынан айрықша орын алатын тұңғыш саяси қайраткер болды. Оны халқымыз қазақтың үш жүзін біріктіруге бар ақыл-ой, күш-қайратын аямай жұмсаған хан Абылайдың ұлы Уәлидің кіші әйелі, Шыңғыстың шешесі, Шоқанның әжесі ретінде тарихтан таниды. Ол әрине, осы ұлы адамдардың біріне жар, біріне ана, біріне әже болуымен де айтулы із қалдырғаны сөзсіз. Бір адамның басына осыншама қасиеттерді үйіп-төгіп бере салған табиғаттың жомарттығы ғажап қой!

Айғаным Шоқанды бес-алты жасынан бастап ертегі, қиссаларды жатқа айтуға баулап, өнерге құмартып, сұлулықты қастерлеп, табиғатты сүюге, оқуға ынтасын арттыруға  зер салған. Немересіне берген тәлім тәрбиесінің арқасында ұлы ғұлама ғалым, өз ұлтының патриоты болып қалыптасуына ықпал етті. Мұндай ғибраттың жемісін Шоқанның кейінгі өмірінен де айқын көреміз.

Әлкей Марғұланның: «Айғаным Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы болған» – деуі тегін емес еді. Айғанымның өзі де көркем сөзге шебер, тілі өткір ақын жанды адам болған деседі. Бұл жайлы алдымен Шоқан өзінің жазбаларында да еске алып отырады.

Айғаным жеке бас мүддесінен ел мүддесін жоғары қойды. Мешіт, медресе салып, елді оқытуға күш салды. Сырымбетке елді мекен салдырып, оны басқаруды оңтайландыруды қолға алып, отырықшылықтың негізін қалауды көздеді. Аналардың анасы, кезінде қазақ қоғамының белді қайраткері болып, ер азаматпен пара-пар еңбек сіңірген Айғанымды Айыртау арыстары қатарына қосуымыз тегін емес. Айғаным Сарғалдаққызы ХІХ ғасырдың басында қазақ тарихында айрықша орын алған тұңғыш әйелдерден шыққан саяси қайраткер.

***

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай- талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өтеуі тиіс» деген   еді. Осыны ескерсек, жалпыұлттық деңгейдегі жоба аясында өлкетану жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы зор. Соның нәтижесінде өңірдің тарихын оқып-үйрену, мәдени-тарихи ескерткіштер мен жергілікті мәдени нысандарды қалпына келтіру мәселелері қамтылды. Бұл аталған мақсат Сырымбет ауылындағы қазақтың танымал ағартушысы, ойшылы, саяхатшы, географы Шоқан Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық мұражайының да жүзеге асырып отырған бағыттарының бірі.

Адамзат ұрпағы басынан кешкен замандарды көз алдыңызға елестетіп, оны көңілге түйгіңіз келсе, жарқын болашаққа нық сеніммен ой жүгірткіңіз келсе, әрине, ең алдымен, мұражайға кіріп, ондағы жәдігерлердің сырына үңілгеніңіз абзал. Сіз бұл жерден ата бабаларымыздың ұстап, тұтынған бұйымдарын таңдай қағып тамашалап, өткенге салауат айтып, қасиеті дарыған бабалар мұрасынан тағылым мен тәрбие нәрін алып шығатыныңыз анық.

Мұражай – халықтың мәдени-тарихи мұрасын сақтайтын, келушілерге ұлтжандылықты насихаттайтын, дұрыс сана-сезімді қалыптастыратын демалыс орталығы. Қазіргі таңда Сырымбет тарихи этнографиялық мұражайы және Айғаным қонысы еліміздің ең көрікті де танымал орындарының бірі. Мұражайда қызықты экскурсиялармен қатар, ардақты аналарымызбен, соғыс және тыл, ауған соғысы ардагерлерімен, мектеп оқушылармен, елге танымал адамдармен түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер, лекциялар өткізіліп тұрады.

Шоқан өз ұлтының күнгейі мен көлеңкесін жан тәнімен сезініп, елін, жерін беріле шексіз сүйген, Отанының тағдырынан көз жазбай, өз елінің қоғам мен адамзат тарихында цивилизация дамуының деңгейінде болуын арман етіп еді. Ұлы бабамыздың «Халықтың өсіп-өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деген жүректің қанымен жазылғандай сөздері әрдайым есімізде жүреді. Даналықпен айтылған алтын сөзді Шоқанның Сырымбеттегі ескерткішінің тұғыр тасына ұрпақтан-ұрпаққа жететіндей ғып, текке түсірген жоқпыз. Біз бәріміз Шоқанды ағартушы деп танимыз. Ал, ол ел қамын ескерген ой-толғамын «азаттық» деген сөзден бастайды. Бұл – иі қанып, жүректің шыңырау түбінен шыққан ой, дәлірек айтсақ, тәтті арман, ұлы мақсат пен біздің жүрер бағытымыз.

Ұлы Шоқан өзінің қысқа өмірінде әлемдік рухани қазынаны игеруге, шынайы достыққа, ақыл-ой, арман бірлігіне ұмтылды. Өз өмірінің бар болмысымен жолдастарына, достарына деген адал қарым-қатынасы, азаматтық кең дүниетанымы арқылы шырқау биікте қалды. Біздің мұражаймыздағы тарих беттерінде де сол өзінің мөп-мөлдір, таза пейілді, ұлы достарының арасынан жаратылысымен бәрімізге жарық жұлдыздай жарқырап қарайды. Біз оған үнемі сүйсінеміз, мақтан тұтамыз, таң қаламыз!

Нұргүл  КӨЛБАЕВА,
Шоқан Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық
мұражайының директоры.

 Айыртау ауданы,
Солтүстік Қазақстан облысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар