Біздің үміт!
Көкшетаулық Әмина Рахымбергенова Сан-Франциско қаласындағы Minerva университетінде білім алуда. Қазірдің өзінде ІТ саласында бірнеше жаңалықтар ашқан өнертапқыш. Бірнеше халықаралық конкурстарға қатысып, жеңімпаз болды. Батыстың атағынан ат үркетін ірі компанияларында жұмыс та істеп үлгерді.
Әминаның математика пәніне бейімі ерте байқалған болатын. 16 жасында Америка Құрама Штаттарының TechGirls халықаралық жазғы тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздарының бірі. Сол кезде беделді ІТ портал Әминадан сұхбат алып, веб-сайт және мобильдік қосымшалардың бағдарламаларын түзу туралы пікірін жариялаған болатын. Астана қаласындағы Назарбаев интеллектуалды мектебін бітіргеннен кейін осы салада тынымсыз еңбектеніп, жаңалық ашуға ұмтылды. Интеллектуалды мектептің алдынан үміт күттіретін озық оқушыларының бірі, мектеп қауымдастығының президенті, физика, математика, информатика пәндері бойынша өткізілген көптеген олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпазы білім шыңын бағындыруды армандайтын.
Табиғат сыйлаған қабілетінің арқасында білім саласында қол жеткізген табысының нәтижесінде Әмина Америка Құрама Штаттарындағы ең атақты Minerva университетінің студенті атанды. Ендігі бағыт компьютер ғылымы мен математика.
–Мен мектепте оқып жүргенде-ақ ғылыми жұмыстармен айналыса бастадым, – дейді Әмина Еркінқызы, – біз фотобиореактор құрылғысын құрастырып, балдыр өсіре бастадық. Одан экологиялық жағынан таза, шығын аз жұмсалатын био отын жасауға болатын. Әрине, біз зертханада жұмыс істедік. Қазіргі күні Швейцарияда мұндай жоғары технологияны қолдану қатты дамыған. Онда балдырды кәдімгі көлдерге өсіреді. Мұның пайдалы жағы да бар, су айдындарындағы экологиялық жүйе жақсара түседі әрі барлық жағынан тиімді отын алынады.
Әминаның пайымдауына қарағанда, мұндай экологиялық жағынан таза био отынды Қазақстанда да өндіруге әбден болады екен. Тек бастапқы бетте технологияның өзі біршама қымбатқа түсуі мүмкін. Арзан болуы үшін үлкен көлемде жұмыс істеу керек.
Әмина таңдаған университет өзінің студенттеріне ғылыммен айналысу үшін барлық қолайлы жағдайды туғызып отыр. Олар әлемнің бірнеше ірі орталықтарында ғылыми жұмыспен шұғылданады. Әминаның өзі алғашқы жылы Америка Құрама Штаттарында ғылыммен айналысса, университеттің екінші курсында білім алғанда жарты жыл бойы Тайваньда тұрып оқып, ғылыми жұмыспен айналысқан. Келесі семестр Кореяның Сеул қаласында өткен. Одан соң жас ғалымның сапары Буйнос-Айрес, Берлин, Токиода жалғаспақ.
Әмина әзірге екінші курстың студенті, соның өзінде ондаған жобалар мен ғылыми-зерттеулерге қатысып үлгерген. Бізбен тілдескенде осы тақырыпта көп-көп әсерлі әңгіме айтты. Әсіресе, Сан-Францискодағы оқу барысы. Бірінші курста оқып жүргенінде жергілікті компанияда тәжірибеден өткен. Олар робот дайындау жұмысын қолға алыпты. Зерттеушінің айтуына қарағанда, робот жұмыс барысы кезінде адамдардың барлық іс-қимылын мүлтіксіз орындай алады. Ал, Әмина болса, роботқа көз орнатуды қолға алған. Кәдімгі видеокамера арқылы тиісті бағдарламасын жасап, іске қосқан кезде робот төңіректегі бар іс-қимылды көріп тұрады. Міндеті де аз емес. Камерадан бөлек, қаптаған приборлар мен микро компьютерлердің жұмысын үйлестіру қажет. Жанар ұшына іліккен кескіндемелерді көріп қана қоймай, түсіну және қажетінше қимылдау қажет. Америкалық жас компания қарапайым қазақ қызының ойлап тапқан жаңалығын жылы қабылдапты. Сан-Францисколықтар қазір стартапты енгізу үшін инвесторлар іздестіруде.
Әмина Хакатон ІТ жобаларын сараптау ісіне де бірнеше мәрте қатысқан. Хакатон дегеніміз 24 сағаттың ішінде команда жаңа идеяларды өмірге әкеліп, бағдарлама, сайт және ұсыныс дайындап, өздерінің мақсат-мұратын жүзеге асырулары қажет. Стэнфорд университетінде Әмина команда мүшелерімен бірге кәсіпкерлерге қажетті онлаин дүкен ашу үшін қосымша әзірледі. Қосымшаның көмегімен мобильді телефонның камерасы арқылы 10 секундтың ішінде тауардың 3Д-моделін құруға болады. Тайваньда өзі сияқты жаңалыққа жаны құмар жастармен бірлесіп, ауруханаға келушілер мен дәрігерге дейінгі қабылдауды жеделдететін бағдарлама ойлап тапты. Осындай конкурсқа олар Калифорниядағы НАСА-ның штаб-пәтері арқылы қатысты.
– Мұндай конкурстардың бір жақсы жері өзіңнің де үйренерің аз еместігі, – дейді Әмина, – ең бастысы, ойыңа келген идея мен оның жүзеге асырылуы адамдарға пайдалы болуы керек. Бүгінде жұмыс атқаруға екпін түсірілуде. Бұл әрине, экономикалық жағынан арзанға түседі. Адамдарды ауыр еңбекке пайдаланғанша, роботтың атқарғаны көп жақсы әрі тәжірибеден көрініп тұрғанындай, роботтар сирек қателеседі. Жасанды интеллект адамзаттың ақыл-ойын толайым ауыстыра алмайды. Адамның ойы мен қиялы шексіз.
Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, алыс-жақын шет елдерде өзі танып-білген білімді жастар аз емес екен. Түптің түбінде сол жастар атажұртқа қайтып оралып, жылдар бойы жинаған озық тәжірибе, мол білімін ел болашағына жұмсаса, келешектің кеңістігі сәулелене түсер еді.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Көкшетау қаласы.