Шаңғы жолы ұшқыр

Көрікті Бурабай өңірінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін 26-шы республикалық «Бурабай-2025» шаңғы фестивалі мәресіне жетті.

Фестивальдің өтуіне Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы және Щучинск қаласындағы қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығы қолдау көрсетті.

Биыл да жарысқа бұрынғыдай, Қазақстанның әр өңірінен – Қостанай, Қарағанды, Петропавл, Павлодар, Көкшетау және Астана қалаларынан мыңдаған шаңғышы спортшылар келіп қатысты. Олардың арасында тұрақты қатысушылар да бар. Бурабайлық шаңғышы:

– Иә, мен осы жерденмін, шаңғы тебуді мектепте оқып жүрген кезден бастағанмын, – десе, енді бірі:  «Мен Шығыс Қазақстанда тудым, бәріміз шаңғы тебеміз», «Біз Петропавлданбыз, Павлодардан, Қостанайдан, Қарағандыдан, Астанаданбыз, – деп үн қосады. Әсіресе, астаналық шаңғышылардың көпшілігі өздерінің фестивальға қатысуларына осы фестивальдің тұрақты ұйымдастырушысы – «QYZMET LIGA» қоғамдық қорының директоры Марат Байғабыловтың бастамашы болғанын жасырмады.

Марат Байғабылов та біздің Сандықтау өңірінен шыққан. Сол жерде комсомол комитетінде, кейін Арқалық қаласында жұмыс істеп, 20 жыл бойы Астанада газет шығарған. Сонда 1995 жылы «QYZMET LIGA» қорын құрған.

Жарысқа қатысушылар ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің қолдауының арқасында Щучинск шаңғы базасындағы кәсіби шаңғышылар жаттығатын шаңғы жолында тәуір нәтижелер көрсетті.

– Біз 100-ге жуық қатысушыны жарыс жолына орналастыруға көмектестік, трассаны қамтамасыз еттік, бұл біздің спорт мерекесін ұйымдастыруға қосқан үлесіміз, – деген министрліктің қысқы спорт түрлері басқармасының бас сарапшысы осы жарысқа белсене ат салысқан Марат Байғабылов сияқты азаматтардың барына өте қуанышты екенін жеткізді. Сонымен қатар, ұйымдастырушыларға қысқы спорт түрлерін кеңінен насихаттағаны үшін алғыс білдірді.

Осындайда ұзақ жылдар бойы Марат Байғабыловтың «оң қолы» болған, қысқы спорттың бірнеше түрінен кәсіби жаттықтырушы Роман Казимирчик те көптеген фестиваль қатысушылары сияқты Щучинск қаласынан. Оның:

– Мен осындай үлкен шаңғы фестивалінен қалай шет қалуым керек? Жаздан бері осы шаңғы жарысына дайындалып, орнын анықтап, бағдарламасын жасадық, – дегені фестивальге қатысу барысындағы көтеріңкі көңіл-күйін айшықтап тұрғандай.

– Мен фестиваль туралы ауызекі әңгімеден естіп, білдім. Қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Шаңғыға деген қызығушылығымнан болар, үшінші сыныпта оқитын ұлым Нұрәліні де алып келдім. Оның бір-екі аптадан кейін «Анашым, біз жарысқа тағы қашан барамыз?» деп сұрайтыны сөзсіз, – деп ой бөлісті астанадағы консалтингтік компаниялардың бірінің маманы Әсел Қайыржанова.

Жерлесіміз Юрий Шидловский Көкшетау қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының 3 сыныбында оқитын қызымен шаңғы жолында тұрды. Жеткіншектің шаңғы тебуге берілгендігі сонша, «Мен Бурабайданмын» дейді.

Шаңғы таяқтарын да қолына мақтанышпен қыса ұстап: «Мұндай ешкімде жоқ» дейді. Расында, жоқ болуы да мүмкін. Оларды 1989 жылы он екі жасар ұлға болашақ әлем чемпионы Владимир Смирнов сыйлаған екен. Юрий Шидловскийдің өзі Янаға үш жасынан шаңғы тебуді үйретіп, атақты жерлесі сыйға тартқан шаңғы таяқтарын берген екен.

75 жастағы Нұрлан Сыздықов «QYZMET LIGA» қоғамдық қоры ұйымдастырған шаңғы фестиваліне жетінші рет қатысып отыр.  Зейнеткерлікке шыққанға дейін «Қазсельхозтехника» бірлестігінде бригадир болып жұмыс істеген. «Шаңғы тебуге құмартамыз. Өйткені, біз осындай жерде тұрып, өзімізді шаңғысыз елестете алмаймыз», – дейді ол.

Фестиваль бағдарламасында негізгі орын әрине, шаңғы жарысына берілген. Бірақ, қызықты жаттығулар мен тренингтер де бар. Және би кеші!

Сонымен, фестивальдің соңында дәстүрлі алау жағылып, тағы да осында келуді армандаған шаңғышылар өз тілектерін жеткізіп жатты.

Нина МИТЧИНОВА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар