Қадірі бар кәсіптің бірі  

«Медициналық дәрігер адамды емдейді, ал, мал дәрігері адамзатты емдейді» деген академик И.П.Павловтың сөздері бұл күнде қанатты сөзге айналды. Ветеринар – ауыл шаруашылығына ең қажетті мамандықтардың бірі.

Біздің Ақмола облысының ветеринария басқармасы жанындағы «Көкшетау қаласының ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ветеринария саласында өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асырады.

Біздің қызметіміздің негізгі мақсаты облыс орталығының аумағында ветеринариялық-санитариялық салауаттылықты қамтамасыз ету болып табылады. Кәсіпорын жануарлардың аса қауіпті және энзоотиялық жұқпалы емес ауруларына қарсы ветеринарлық іс-шаралар, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу, ауру жануарларды санитарлық союға тасымалдау бойынша қызметтер көрсету, ветеринариялық есепке алуды және есептілікті жүзеге асыру, ветеринариялық анықтама беру, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорды қадағалап, одан үзінді көшірме берумен айналысады.

Биологиялық материалдың сынамаларын алу және оларды ветеринариялық зертханаға жеткізу де біздің міндетіміз. Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған ветеринария саласындағы өзге де қызмет түрлерімен айналысамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясында ветеринария жүйесін реформалау бойынша нақты міндеттер қойылды. Оларға қол жеткізу үшін ветеринариялық қызметке аудит және талдау жүргізіліп, саланы реформалау бойынша шаралар әзірленді.

Соңғы жылдары мемлекеттік тапсырысты орындау үшін тарифтерді көтеру есебінен ветеринариялық мамандардың жалақысы орта есеппен үштен біріне артты. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде ветеринарларға көтерме жәрдемақылардың мөлшері ұлғайтылды.

Жануарларды жақсы көретіндер үшін ветеринарлық мамандық – нағыз сүйіп атқаратын кәсіп. Ветеринарлар өз өмірлерін жануарлардың денсаулығына қамқорлық жасауға, оларды емдеуге және аурулардың алдын алуға арнайды. Өйткені, жануарлар адамдардай өз аурулары туралы айта алмайды. Сондықтан, мамандар бұл жағынан мұқият және қырағы болуы керек.

Біздің жұмыс Көкшетау қаласының аумағында эпизоотиялық салауаттылықты сақтаудан тұрады. Қазақстанда ветеринарлық білім алу осындай ойы бар әр жасқа жануарлардың денсаулығын сақтау және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында кәсіби даму үшін кең мүмкіндіктер ашады. Елде әртүрлі деңгейдегі ветеринарлық мамандарды даярлау бағдарламаларын ұсынатын бірқатар оқу орындары жұмыс істейді. Соның ішінде Қатаркөл аграрлық колледжінде осы мамандықты алып шығуға болады.

Түлектер ветеринарлық клиникаларда, зертханаларда, ауыл  шаруашылығы кәсіпорындарында, өнім сапасын бақылау саласында жұмыс істей алады. Ветеринария мамандығының өкілдері еңбек нарығында сұранысқа ие. Жоғары оқу орындары осы салада көптеген мамандар даярлап шығаратынына қарамастан, шаруашылықтар мен кәсіпорындар білікті мал дәрігерлерін қажет етеді.

Қазақстанда 2024 жылы  10 шілдеде алғаш рет Ветеринарлық қызметкер күні атап өтілді. Өйткені, бұл күні «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының алғашқы заңы қабылданды. Осыған орай, Көкшетау қаласының ветеринариялық станциясының маманы Әлия Жұмабекқызы Қабдуллина «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Әрине, ветеринарлар біздің елімізде де әр уақытта үлкен сұранысқа ие болады. Болашақта емдеу және диагностика әдістері анағұрлым  жетілдірілуі мүмкін, жаңа технологиялар да пайда болады. Бірақ, мұның бәрі адамды ауыстыра алмайды. Сондықтан, биылғыдай, «Жұмысшы мамандықтары жылы» туған еліне пайда келтіремін деген жастар осы қадірлі мамандық туралы да ойланса құба-құп.

Гүлжан ХАБИДУЛЛИНА,
Ақмола облысы ветеринария басқармасының Көкшетау қаласы бойынша өкілі, бас маман.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар