Министр сапары
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен келіп, Көкшетау қаласының тұрғындарымен және коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті.
Ол халықпен кездесу кезінде министрліктің көптеген экологиялық мәселелерді шешудегі ұстанымдары мен көзқарастарын жеткізді. Бүгінде еліміздің қай өңірін алсақ та, ортақ мәселе – тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және қайта өңдеу, стихиялық полигондарды жою болып отыр. Мәселен, біздің облыста ғарыштық зерттеу нәтижесінде бес жүзден астам рұқсат етілмеген полигон анықталып, осы күні олардың барлығы жойылған. Осы орайда, министрдің айтуынша, Ақмола облысында жылдық қуаты 150 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен салынбақшы. Ол кешен салынса, өңірдің 200-ден астам тұрғыны жұмыспен қамтылады.
Қоқысты сұрыптап, жинау бойынша қолға алынған бұл пилоттық жоба Көкшетау қаласы мен екі курорттық аумақты, яғни, Бурабай және Зеренді аудандарын қамтымақшы. Жоба «Eco-Dump» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасымен несие қаражатын пайдалану нәтижесінде іске асырылуда. Осыған орай, енді Щучинск-Бурабай курорттық аймағында қоқысты бөлек-бөлек сұрыптап, жинау жоспарлануда. Онда алдағы уақытта 500 торлы контейнер орнатылып, электр қуатымен жүретін ондаған қоқыс таситын көліктер іске қосылады деп күтілуде. Бұл кешеннің құрылысы биыл басталады.
–Щучинск-Бурабай аумағындағы демалыс аймақтары мен қонақ үйлер санына, олардың сыйымдылығына толық мониторинг жүргізілді, маусымдық жүктеме ескерілді. Алаңдар мен контейнерлер саны есепке алынды, – деді бұл ретте, Ерлан Нысанбаев.
Ірі өнеркәсіптік және коммуналдық кәсіпорындардың атмосфераға шығарындылары да өзекті мәселеге айналып отыр. Заманауи автоматтандырылған жүйелер шығарындыларды нақты уақыт режимінде басқаруға мүмкіндік береді. Осындай жүйелермен облыстың бес ірі кәсіпорнын жарақтандыру жоспарлануда. «Көкше-Цемент» және «Степногорск ЖЭО» серіктестіктерінде мұндай жүйелер әлден орнатылған.
Министр орман шаруашылығын дамыту, қалаларды көгалдандыру туралы да мәселеге қанықты. 2021-2024 жылдары елімізде әртүрлі тұқым түрлері бар миллиардтаған ағаш көшеттері отырғызылды, оның ішінде біздің облыста 77 миллион түп ағаш егілген.
– Ақмола облысында ағаш отырғызу материалын өсіріп дайындайтын орман тұқымы кешенінің құрылысы жоспарланған. Бұл жобаға 3,5 миллиард теңге қарастырылған, – деді министр.
Кездесуге келген ақмолалықтар өңірдегі өзекті мәселелерді де көтерді. Әсіресе, Қопа көлін тазарту жағдайына ерекше мән берілді. Министр еліміздің інжу-маржаны – Көкшетаудың мәселелерін жақсы білетінін айтып, жыл өткен сайын көлдің лайлануы күшейіп, қаланың өсуі де проблеманы одан сайын үдетіп бара жатқанына тоқталды. Қопа көлін қалпына келтірудің жалғыз және баламасыз техникалық шешімі оны лайдан толық тазарту болып қала беретіні анық.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Джанет Микишевтің айтуынша, көл түбін батпақтан, шөгінділерден тазартуға арналған жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жұмыс биыл басталады.
–Мамыр айында көлді тазарту жобасы бойынша мемлекеттік сараптаманың қорытындысын аламыз. Атбасар ауданындағы Жабай өзенінің түбін тазартқан жүзбелі жер снарядын Көкшетаудағы көлге мұз ерігеннен кейін тасымалдаймыз. Қопа көлі сол жер снарядының негізгі «порты» болады, сөйтіп маусым сайын көлдің табанын тазалайды, – деді Джанет Микишев.
Ерлан Нысанбаев Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына енгізілген түзетулерге байланысты да экология министрлігінің ұстанымын жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс депутаттары заңда қаңғыбас мысықтар мен иттерді қайтарымсыз аулауды көздейтін ықтимал түзетулерді қарауға қабылдаған болатын.
– Қазір қолданыстағы нормаларға сәйкес Қазақстанда «жануарларды аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау және тіршілік ету ортасына қайтару» қағидаты жұмыс істейді. Өкінішке орай, осы әрекеттердің нәтижесі қазір қалай болып жатқанын көріп жүрміз. Сол зарарсыздандырылған жануарлар босатылғаннан кейін қайта агрессивті иттердің үйірлеріне қосылып кетіп, мал мен адамдарға шабуыл жасауда. Осы мәселе бойынша қазіргі уақытта қазақстандық қоғамның пікірі екіге бөлініп отыр, бірі жануарларды өлтіру, тіпті ауыртпайтын эвтаназия арқылы ұйықтатып тастаудың өзі адамгершілікке жат әрекет десе, екінші бір бөлігі эвтанизациялаудан басқа жол жоқ дейді. Алғашқы пікірді ұстанушылар өз жеке басынан мұндай жағдайды өткізбейінше, яғни, қаңғыбас ит тістеп, немесе қауып алмайынша өз ойларын өзгертпейді деп ойлаймын. Ең дұрысы, бұл ұстанымды өзгерту керек. Қалай болғанда да қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығы әрқашан басымдықта болатынына сенімдімін. Агрессивті, қауіпті жануарлар қала көшелерінде болмауы керек. Сондықтан, депутаттар иесіз жануарларды эвтаназиялау бойынша заңға дұрыс түзетулер енгізеді деп сенеміз, – деді Ерлан Нысанбаев.
Егер заңға түзетулер енгізілсе, онда ол келесідей жұмыс істейді: егер көшедегі итте жекеленген нөмірі болса, ұстау қызметі оны иесі табылғанға дейін 60 күнге дейін ұстауы тиіс. Ал, егер иесі табылмаса, жануарға жаңа қожайын табуға немесе арнайы қабылдағышқа орналастыруға тырысады. Осы әрекеттерден кейін де итке қожайын табылмаса, эвтаназия жасау туралы шешім қабылданады. Министр мұндай сұлба Еуропаның көптеген елдерінде сәтті жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Сонымен бірге, қала тұрғындары «Көкшетау Су Арнасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі беріп жатқан ауыз судың сапасына шағымданды. Краннан ағып жатқан суды – ауыз су ретінде қайнатпай пайдалануға болмайды. Бұл мәселе бойынша толық ақпаратты Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Қылышбаев ұсынды. Оның айтуынша, барлық нормаларға сәйкес келетін таза ауыз су осы жылдың мамыр айында беріледі.
– Облыс орталығында жаңа су тазарту құрылғысы салынып жатыр. Қазір технологиялық жабдықты орнату жұмыстары жүргізілуде. Күн жылынғаннан кейін құрылғыны іске қоса бастаймыз, мамыр айында тазарту қондырғылары пайдалануға беріледі, – деп түсіндірді қала әкімінің орынбасары.
Министр облысқа сапары соңында азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.
Алексей ЧАЙКА,
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
сурет: sun9-49.userapi.com
7 Total Views , 1 Views Today