Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілгендей, облысымызда бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілуі жыл санап аймақта жерлес спортшылардың байрақты бәсекелерден олжалы оралуына ықпал етіп келеді.
Күні кеше ақмолалық спортшылар Қытайдың Харбин қаласында өткен ІХ қысқы Азия ойындарында қоржынға қомақты жүлделер салды.
Ақпанның 7-14 аралығында қысқы спорттың 6 түрінен өткен додада Азиялық спортшылар жалпы саны 64 медальдар жиынтығын сарапқа салған еді. Еліміздің намысын қорғаған біздің спортшыларымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрініп, абыройымызды асқақтатты. Жалпы, Ақмола облысының атынан ел құрамасының сапында 14 спортшы өнер көрсетті. Атап айтқанда, төртеуі шорт-тректен, төртеуі спорттық шаңғы спортынан, тағы бір төрттік биатлоннан және «Арлан» хоккей клубының үздік екі ойыншысы шайбалы хоккейден өткен жарыстарға қатысты.
Биыл тоғызыншы мәрте өткізілген қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатында хоккейшіміз Әділ Бекетаев пен шорт-тректен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ольга Тихонова ел спортшыларының алдында көк байрағымызды желбірете алып шығу құрметіне ие болғанын атап өткен жөн.
Жалпы, қысқы спорт түрлерінің дамуына әрі іргелі халықаралық байрақты додалар мен чемпионаттарда табысты өнер көрсетуге өңірде барлық жағдай жасалған. Соның арқасында спортшыларымыз қысқы спорт түрлерінен көп жылдардан бері жүлдегерлер қатарынан түскен емес. Биылғы қысқы спорт түрлерінен де ақмолалық спортшылар қарсыластарынан оқ бойы озық болды.
Харбинде жалпыкомандалық есепте Қазақстан 20 медаль оның ішінде 4 алтын, 9 күміс және 7 қола медальді жеңіп алып 4 орынға тұрақтады. Мұның ішінде 11 медальді, атап айтқанда, 2 алтын, 6 күміс және 3 қола жүлдені облыс спортшылары қоржынға салды. Шорт-тректен Азия елдерінің арасында Оңтүстік Корея, Қытай және Жапония елдерінің спортшыларының аса мықты әрі жетекші мемлекеттердің қатарында екені рас, дегенмен, ел спортшылары үкілеген үмітімізді ақтап шықты. Қысқы Азия ойындарына ұзақ уақыт дайындалған жаттықтырушыларымыз бен спортшыларымыздың төккен тері мен қажырлы еңбегі текке кетпей, қарсыластарын қапы қалдырып, жеңіске қол жеткізді.
Жалпы ел құрамасы сапында үштік эстафеталық сайыста 1 алтын және 2 күміс жүлде ел қоржынына түсті. Бұл эстафеталардың әрқайсысында біздің спортшыларымыз өнер көрсеткенін атап өткен жөн. Бес мың метрлік ерлер арасындағы шаңғы эстафетасында Денис Никиша мен Мерсаид Жақсыбаев алтыннан алқа тағып, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Әйелдер арасында үш мың метрлік эстафетада халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ольга Тихонова мен Яна Хан, сонымен қатар, 2 шақырымдық аралас эстафетада Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев пен Ольга Тихонова күміс медальды қанжығаға байлады.
Аймақта шаңғы спортынан да ондаған жылдар бойы әлемдік додаларда ел намысын қорғап, жүлделі орындардан көрініп жүрген спортшылар көп. Солардың ізін жалғаған спортшылар дәстүрді ілгері апарып, жеңіс тұғырынан көрінді. Спринт, эстафета және жеке сайыс бойынша үш түрде өткен шаңғы жарыстарынан ел құрамасы екі күміс және екі қола медальды жеңіп алды. Тартысқа толы болған бұл додада да ақмолалық спортшылар қарсыластарынан оқ бойы озық келді. Спринтерлік бәсекеде Константин Борцов күміс жүлдеге ие болып қайтты. Сондай-ақ, эстафеталық жарыста Надежда Степашкина мен Ксения Шалыгина ел қоржынына тағы бір күміс медальды бұйыртып, жеңіс тұғырына көтерілді. Ал он шақырымдық қашықтыққа созылған жеке сайыста Олжас Климин қола жүлдені қоржынға салып, ел абыройын асқақтатса, ерлер арасындағы эстафеталық жарыста Константин Борцов пен Олжас Климин қола жүлдеге табан тіреді.
Биатлон додасында да ақмолалық спортшылардың бәсі қашан да биік. Ұшқырлық қабілет сынға түсетін спринт пен эстафета түрінде өткен тартысты додада Қазақстан құрамасы бір алтын, екі күміс және бір қола медальды еншіледі. Бұл сайыстарда да ел намысын ақмолалық төрт бірдей спортшы қорғады. Спринтерлік бәсекеде Вадим Куралес күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ал, ерлер арасындағы 4х7,5 шақырымдық эстафеталық құрамда өнер көрсеткен Александр Мухин үздіктер қатарынан табылып, күміс медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, әйелдер арасындағы 4х6 шақырымдық эстафеталық жарыста Арина Крюкова қола жүлдені қоржынға салды.
Қысқы Азия ойындарындағы ең тартысты әрі қызықты өткен шайбалы хоккей бәсекесі болды. Қазақ жанкүйерлерінің делебесін қоздырған тартысты додада ел намысын қорғаған ерлер құрамасы қарсыластарын түгелдей қапы қалдырып, алтыннан алқа тақты. Команда құрамында ел біріншілігінде қашанда үздік көрініп жүрген «Арлан» хоккей клубының хоккейшілері Эдуард Михайлов пен Денис Чапоров та болды.
Спортшыларымыздың кезекті Қысқы Азия ойындарында өнер көрсетуін табысты деп санаймыз. Осыған дейін естеріңізде болса, 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткен Азия ойындарында аймақ спортшылары екі спорт түрінде ғана өнер көрсетіп, тек төрт күміс пен екі қола медальды ғана қоржынға салған еді. Бұл жолы тыңғылықты дайындық пен ерік-жігердің арқасында қойылған межеге жақсы қол жеткіздік.
Аталған Азия ойындарында өнер көрсету – бұл 2026 жылдың 6-22 ақпаны аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін ХХV қысқы Олимпиада ойындарына дайындық кезеңдерінің бірі болып саналады. Өңірдегі климаттық жағдайлардың арқасында қысқы спорт түрлері белсенді түрде дамып келеді. Атақты жерлес шаңғышымыз, Олимпиада чемпионы Владимир Смирнов пен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Владимир Сахновтың жеңісті жолы одан әрі жалғасатынына сеніміміз мол. Өйткені, қысқы спорт түрлерін дамыту және бұқара арасында дәріптеу үшін барлық қажетті жағдай жасау бойынша тиісті жұмыстар жалғасып келеді.
Жалпы, өңірде спорттық инфрақұрылымды дамыту, бұқаралық спорт пен байрақты бәсекелерде биік жетістіктерге жету спорттық ұйымдардың жұмысындағы басты бағыттардың бірі болып табылады. Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жалпы облыс аумағында 300 мыңнан астам адам спортпен айналысады. Бұл осы көрсеткіштің өткен жылмен салыстырғанда 8 мың адамға ұлғайғанын көрсетеді.
Облыста спортпен айналысуға арналған ғимараттар саны көбейіп келеді. Қазіргі уақытта олардың саны 1124-ке жетті. Жалпы өткен жылмен салыстырып айтқанда, ол 17-ге көбейіп, аймақ тұрғындары 64,8 пайызға қамтылды. Облыста спорт залдары мен ғимараттарды кеңейту мақсатында Есіл, Қосшы және Степногорск қалаларында, сондай-ақ, Бурабай ауданына қарасты Мәдениет ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешендері бой көтерді. Жеке инвесторлардың есебінен Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында «Shidai» спорт кешені салынды.
Сондай-ақ, аймақта демалыс мен бұқаралық спортты дамыту мақсатында Бурабай, Біржан сал аудандары мен Көкшетау қаласында 16 спорт алаңының құрылысы қарқын алды. Қазіргі уақытта сонымен қатар, Көкшетау қаласында көпфункционалды спорттық кешен, Щучинск қаласында спорт сарайы және Краснояр, Бестөбе, Қорғалжын, Жақсы және Бозайғыр ауылдарында бес бірдей дене шынықтыру және сауықтыру кешендері салынып жатыр.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында облыста тек өткен жылдың өзінде ғана 2 мыңнан астам бұқаралық спорт шаралары ұйымдастырылып, оған 147 мың адам қатысты. Сондай-ақ, өткен жылы төрт бірдей кешенді спартакиадалар ұйымдастырылды.
Аймақта спорттық жетістіктердің бұдан да зор нәтижелерге ұласуы үшін одан әрі де барлық жұмыстар жүргізіле беретін болады.
Мәселен, қазіргі уақытта спортшыларымызды жазғы спорт түрлері бойынша 2025 жылдың қазан айында Бахрейнде жасөспірімдер арасында өтетін ІІІ Азия ойындарына қатыстыру үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аталған додада жерлестеріміздің сапалы нәтиже көрсетуі үшін тыңғылықты дайындық пен басқарма тарапынан қолдау қажет екенін ескерудеміз. Сонымен қатар, спортшыларымыздың 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына іріктеуге қатысуы үшін сапалы дайындық қамтамасыз етілетін болады.
Ал, ағымдағы жылы Жақсы, Қорғалжын аудандарында және облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылы мен Щучинск қаласында, сондай-ақ, Көкшетау қаласында көпфункционалды спорт кешендерінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Ардақ ТӨЛЕНДИН,
Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.
сурет: sportilinet.kz