АУЫЛДАР ЛИГАСЫ
Қырыққұдық ауылының «Сұңқар» мәдени-спорттық кешенінде волейболдан «Ауылдар лигасы» бойынша жарыс болып өтті.
Оны Степногорск қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі мен жергілікті әкімдік бірлесіп ұйымдастырды. Жарыс ауыл жастарын спортқа баулып, денсаулықтарын нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды қадам болды.
Жарысқа Қарабұлақ, Сілеті, Кеңес, Азат ауылдарының командалары мен Қырыққұдық ауылының екі командасы қатысты. Әр команда өз ауылының намысын қорғап, жеңіске жету үшін барын салды. Осының арқасында сайыс өте тартысты өтті. Бақ пен бап қатар сынға түскен жарыста ойыншылардың күш-жігерлері мен шеберліктері жарқырай көрініп, көрерменді баурап алды.
Сонымен, жарыс қорытындысы бойынша қарабұлақтықтар бірінші орынды, Сілеті мен Қырыққұдық ауылдарының командалары тиісінше екінші, үшінші жүлделі орындарды иеленді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен медальдар табысталды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері тек спорттық шеберліктерін ғана емес, сондай-ақ, команда ретінде жұмыс істей білу, бір-біріне қолдау таныту қабілеттерін де көрсетті. Сонымен қатар, жарыс барысында үздік ойыншылар да анықталды. Мәселен, қарабұлақтық Мағжан Мұхамеджан «Үздік қабуылдаушы», сілетілік Қайыргелді Зәкария «Үздік шабылдаушы қорғаушы», ақсулық Дмитрий Ляляев «Үздік қорғаушы» және қырыққұдықтық Ержан Мұхамеджан «Үздік байланыстырушы» аталымдарымен марапатталды. Бұл номинациялар әр команданың үздік ойыншысын, олардың ойындағы ерекше қабілеттерін бағалау мақсатында тағайындалды.
Ауыл тұрғындары мен жастардың спорттық белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған осындай шаралардың маңызы зор. Бұл жарыс жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайтып, бірлікті, ынтымақтастықты арттырады. Жарысқа қатысқан барлық командаға алда да спорттық жетістік, күш-жігер және жаңа жеңістер тілейміз. Ауыл жастарының болашағы жарқын, алға қойған мақсаттарына жетуге деген жігерлері жоғары болсын демекпіз.
Асылжан КҮНТУҒАН.
Қырыққұдық ауылы,
Степногорск қаласы.