Сыналатын уақыт туып келеді

Тасқынға – тосқауыл

Сандықтау ауданында көктемгі тасқын қаупін болдырмау үшін әзірлік шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр.Бүгінде ауданда су басуы мүмкін он екі елді мекен анықталып, тасқынға тосқауыл боларлық бар мүмкіндік қарастырылуда. Өңірлік коммуникациялар алаңына келіп, брифинг өткізген аудан әкімінің орынбасары Қайрат Омаров өңірде жүргізіліп жатқан дайындық шаралары туралы кеңінен айтып өтті.

Көктем айларында аудан орталығы Балкашино және Петровка, Каменка, Спасское, Максимовка, Красная поляна, Петриковка, Владимировка, Новый городок, Бастрымовка, Новоселовка елді мекендері су басып қалуы мүмкін қауіпті аймақтар болып отыр. Сол себепті аталған елді мекендердегі су тасқыны зардаптарын болдырмау үшін ауданда қазірден бастап жұмыс күшейе түскен. Аудан әкімінің орынбасарының сөзіне қарағанда, облыс әкімі тапсырған барлық дайындық шаралары тиісінше жасалып жатыр. Өзен арналарын тазарту, жағалауларға инертті материалдарды дайындау, бөгеттер салу сияқты жұмыстар жоспарға сай өз уақытында аяқталуы тиіс деп күтілуде.

–  Бүгінде елді мекендерден 42870 текше метр қар шығарылды. Сонымен қатар, жанар-жағармай қорына 10 тонна дизельдік отын және 1 тонна бензин сондай-ақ, 2100 тонна инерттік материалдар әзірленді, – деді баспасөз жиынында сөз алған Қайрат Омаров.

Сонымен қатар Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментіне аудан аумағындағы су айдындарындағы мұз құрсауларын қопсыту және ұсақтау үшін қажетті шараларды ұйымдастыруға өтінім берілген. Өтінім мақұлданған соң, 8100 текше метр болатын аумаққа мұз жару жұмыстары жүргізілмекші.

Сандықтау ауданының орталығы Балкашино ауылы өңірдегі ірі өзен саналатын Жабайға жақын орналасқан. Сондықтан, қазіргі уақытта мұнда да өзен арнасын тереңдету, оның жағалауын бекіту сияқты ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылдың қазан айында Астана қаласынан «Целингидротех» жауапкершілігі серіктестігі мұндағы бар шаруаны атқаруды өз қолына алған. Аудан әкімі орынбасарынан бұл жұмыстардың орындалу барысын сұрағанымызда, ол 4,065 миллиард теңгені құрайтын жоба 2026 жылдың мамыр айында аяқталатынын айтты.

– Бүгінде жұмыстардың 72 пайызы орындалып бітті. Ол жерде 19 техника мен 40-қа жуық жұмысшы екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Жоба бойынша Жабай өзенінің 5,2 шақырым арнасын тереңдету, тазалау жоспарланған, — деді аудан әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, бұған дейін өзеннің Сандықтау ауылына жақын арнасының 100 метрін және Петровка ауылы тұсындағы 300 метрге жуық қауіпті аумағының арнасын тереңдету жұмыстары жүргізілген. Бұл шаралар су тасқыны кезеңінің қалыпты өтуіне өз ықпалын тигізеді деп күтілуде.

Сондай-ақ, Каменка ауылы аумағындағы Сарқырама өзені де қауіпті саналады. Өйткені, өткен жылдары бұл өзен де арнасынан асып кетіп, жақын маңдағы елді мекенді су басып қалған болатын. Тасқын кесірінен 1009 тұрғыны бар Каменка ауылындағы бір үй мүлдем тұруға жарамсыз, төрт үй апатты деп танылған. Су тасқыны кезінде 59 адам эвакуацияланып, ауылдағы көпір мен автожолдарды су басып, жарамсыз болып қалған еді. Биылғы жылы да өзен арнасы тарылып қалғандықтан, ондағы үйлерді су басу қаупі туындап отыр.

Қазіргі уақытта Балкашино, Красная поляна, Арбузинка ауылдарын апаттан аман алып қалу шаралары жүргізіліп жатыр. Жалпы, аудан елді мекендеріндегі су тасқыны кезеңдерін қалыпты өткеру үшін биылғы жылы бұл іске барлығы 115 адам жұмылдырылып, 51 инженерлік арнайы техника қарастырылып отыр.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар