«Шаңырақ» ансамблі шабытымен қуантты

Әжелер өнері

«Шаңырақ» хор ансамблі біздің қаламызда 2007 жылы құрылып,   содан бері нағыз мәдени феноменге айналды. Топ мүшелері 63-67 жас аралығындағы жандар, бұл олардың талантының бірегейлігін көрсететін кезең деуімізге болады.

Дарынды зейнеткерлер өздерінің жастарына қарамастан, әр нөмірді орындауда музыкаға деген зор құштарлыққа ие. Оларды біріктіретін тек халық өнеріне сүйіспеншілік қана емес, өз халқының салт-дәстүрлері мен мәдениетіне деген терең құрмет.

Ансамбльдің жаңа көркемдік жетекшісі Амангелді Тошкен бұл топқа екінші өмір сыйлап, тек тәлімгер ғана емес, сонымен қатар, қатысушылардың әрқайсысы үшін шабыт көзіне айналды. Оның өз сүйікті ісіне деген адалдығы мен іскер басшылығының арқасында, ансамбль бүгінде қаланың мәдени өмірін өздерінің өнерлерімен одан әрі байытып, көптеген іс-шараларға белсенді қатысуда және әрдайым көрермендер жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырумен келеді.

Жуырда өткен «Шаңырақ» ансамблінің есептік концерті жиналған өнерсүйер қауымға қуаныш сыйлады. Бір сағатқа созылған концерт барысында көрермендер Абай, Біржан сал, Шәмші Қалдаяқов, Ілия Жақанов сияқты біртуар тұлғалардың өзіміз жан-жүрегімізден өткізген шығармаларын сүйсіне тыңдап, зор ләззат алды. Терең философиялық мазмұнға толы бұл туындылар барлық қатысушылар үшін нағыз рухани азыққа айналды. Концертте халық әндері де шырқалып, ансамбльдің қазақ халқының ғасырлар бойғы тарихы мен дәстүрлеріне де ұқыпты қарайтындығы аңғарылды.

«Шаңырақ» ансамблінің алма-кезек орындаған әндері көрермендерге өткен күндерді еске түсіртіп, музыка арқылы берілетін сезімдерді тебіреніспен кешулеріне мүмкіндік берді. Залда жиналған қауым ұжымның кәсібилігіне ғана емес, сонымен бірге, шынайы орындаушылық шеберліктері мен таланттарына тәнті болды.

Аталмыш іс-шара тек жай ғана концерт күйінде қалмай, көрермендерге керемет жылылық сыйлаған нағыз мерекеге айналды. Осы бір өнер құдіреті үшін «Шаңырақ» хор ансамблі мүшелері мен оның жетекшісі Амангелді Тошкенге алда да осы шығармашылықтарыңыз өркен жайып, өз жемісін бере берсін демекпіз.

Серік СӘРКЕНҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар