Арқаның ардақтысы
Еліміздің ғылымында табыс пен тағылымға толы тұстар аз емес. Сол жаңашылдықты өндіріске енгізіп, нәтижесін игілікке жарату жүйелі жолға қойылса, нұр үстіне нұр. Бұл орайда, ғылым мен нақты істі ұштастыра білген мамандарымыздың шоқтығы биік.
Сондай бір қадірлі әріптесіміз, ұлағатты ұстаз әрі нар тұлға, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Инженерлік технологиялар және көлік» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы, 2009 жылдан Халықаралық экология және адам өмірі академиясының, 2010 жылдан Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдары академиясының, 2011 жылдан Қазақстан Республикасы Табиғи ғылымдар академиясының академигі Жанмырза Омарұлы Нұрмағанбетов таяуда жоталы 75 жасқа толғалы отыр. Жанмырза ағамыз ғалым болғанда, ізденістері өндіріске үлкен пайда келтірген нағыз практик ғалымдардың бірі.
Бүгінде абыройы асқақ, майталман маман, ұлағатты ұстаз, ғылыми ізденісін тоқтатпаған ғалым Жанмырза Омарұлы жастайынан еңбек жолын кәдімгі инженер-технолог болып бастап, зауыт шығаратын бұйымдарды қалыптап, қара жұмыстың дәмін татқан. Өндірістік мәселелерді қапысыз ұққаннан кейін, өздері өндіретін бұйымдардың сапасын жетілдіруді ойлап, ғылыми-зерттеуге бет бұрған. Өмір бойы жүрек қалауымен жүріп, өзі үшін де, қоғам үшін де аса пайдалы жұмыстар мен қызметтерді атқарды. Кейіпкеріміздің жан дүниесін, пайым-парасат биігін, білімі мен білігін аңғарту үшін сөз басын әріден сабақтаған жөн.
Жанмырза Омарұлы бүгінгі Ақмола облысы Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласындағы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң, 1967 жылы Қарағанды политехникалық институтына оқуға түседі. Бұл жоғары оқу орнын құю өндірісі машиналары мен технологиясы мамандығы бойынша 1972 жылы тәмамдап шығады. Сол кезде Қарағанды қаласында жылу жабдықтарын өндіретін зауыт болды. Міне, осы зауытта алған білімін тәжірибемен ұштастырды. Сондағы бір көкейге түйген мәселесі – өндіретін өнім сапасы. Ол үшін қалыптасқан технологиялық шешімдерді енді ғылыми жаңалықтармен жаңартқан ләзім деп шешті. Қызметімен қатар, осы бағытта тынбай теориялық ізденіс жасап, ақырында, ғылыми-зерттеу жұмыстарын арнайы институтта жалғастырудың маңыздылығын түсінді. Жас ғалым алға қойған асқақ мақсатының биігіне жету үшін аспирантураға оқуға түсуге бел буған. Ниетінің түзулігі болар, 1976 жылы Қарағанды химия-металлургия институтына жұмысқа шақырту алады. Сөйтіп, Қазақ ССР Ғылым академиясына қарайтын аталмыш институттың аспирантурасында білімін жалғастырды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ғалым сол бір кезеңде айрықша өзекті болған қоңыр темір рудаларын байытып, оның құрамындағы темірдің мөлшерін мейлінше көбейтіп, концентраттарды агломерация әдісімен кезектеу бағытында жұмыс істеді. Кандидаттық диссертациясын да осы тақырыпта қорғады.
Жас ғалымның табандылықпен зерттеген жұмысы жоғары бағаланып, өндіріске енгізілді. Қиындығы мол, кез келген ғалым бел буып кірісе бермейтін бұл істе Жанмырза Омарұлының бағы жанып, абыройы артты. Авторлық куәлік те алды. Ол ұсынған темір өңдеу технологиясы «Арселор Миттал Теміртау» зауытында әлі күнге дейін қолданылатынын мақтанышпен айтуға болады.
–Расында, мен дайындаған технология әлі күнге дейін қолданыста жүр. Әуел баста қанша тырысқанымызбен, темірдің құрамы 49 пайыздан аспады. Кейінгі зерттеулердің нәтижесінде 60 пайызға дейін көтерілді. Ендігі арада Лисаковск концентраттарына да жаңа технология қажет. Бүгінгі таңдағы басты мәселе осы, – дейді ғалым сұхбатында.
Сөз арасында Лисаковск рудаларын тиімді пайдаланып, тереңірек зерттеу мақсатында ғалымның Урал политехникалық институтында өткізген құнды, ғылыми ізденіске толы жылдары жайлы да айта кетуге болады. Екатеринбург қаласындағы бұл институтта үш жыл еңбек етіп, өзі қолға алған тақырыпты тереңірек зерттеп, біршама ғылыми жаңалықтар ашып, нәтижесінде докторлық диссертациясын қорғады.
–Бұрын хром рудаларының ұнтағынан агломерат алу мүмкін емес делініп келген. Мен алуға болатынын тәжірибеде дәлелдеп, арнайы қондырғы жасап, пештерде балқытып көрсеттім, – дейді сөз арасында Жанмырза Омарұлы бұл туралы. Айтылғанындай, тәжірибесі толысқан ғалым – Ақсу ферроқорыпта зауытында агломерация жасайтын фабриканың іске қосылуына себепші болған адам. Бұл зауыт күні бүгінге дейін ғалымның осы жаңа технологиясы бойынша жұмыс істеп жатыр. Технологияның экономикалық тиімділігімен қатар, экологиялық пайдасы да зор. Оның үстіне зауыт жұмысшыларының қауіпсіздік мәселесі де шешілген. Таратып айтатын болсақ, зауытта төтенше жағдайлар азайып, ауаға таралатын зиянды заттардың мөлшері төмендеген.
Қызметімен елге танылған ізденімпаз ғалым енді Ақтөбеге арнайы шақырту алады. Келгенде байқағаны, бұл өңірдегі жоғары оқу орындарында құю өндірісіне қажет мамандар бұрын-соңды оқытылмай келген екен. Экономикалық әрі әлеуметтік маңызы бар осы мәселенің орнын толтыру Жанмырза Омарұлына жүктелді. Оның бастамасымен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде «Металлургия» кафедрасы ашылды. Түлектері жүз пайыз зауытқа жұмысқа орналастырылды. Талаптыларына өзі Қарағанды қаласындағы аспирантураға түсуге кеңес берді. Әрі бұған да өзі жетекшілік жасады. Жанмырза Омарұлы өзі ғана тыңға түрен тартып, тынбай ізденген ғалым десек аздық етеді. Ол он ғылым кандидатын тәрбиелеп шығарған ұстаз.
Ғалым Екібастұз қаласындағы Қаныш Сәтпаев атындағы инженерлік-техникалық институтында да кеңінен танымал болды. Ол аталмыш оқу орнында ғылым жөніндегі проректор міндетін атқарды. Араға біраз жыл салып, Павлодар мемлекеттік институтының ректоры қызметіне жоғарылатылды. Осы ректор қызметінде жүргенде бірнеше жаңа мамандықтарды оқыту жолға қойылды.
Өмірдің өзі күрес. Кейіпкеріміз бұл күресте батыл қадамдар жасады. Сонымен қатар, ол боз кілемнің үстінде шыңдалған, ірі жарыстарға қатысқан спортшы. Ауыл баласы әуелі бір жылдай еркін күреспен шұғылданса, кейін гимнастика секциясына барған. Спортты кейін Қарағанды қаласында оқып жүрген кезінде самбо күресімен жалғастырды. Спортқа бейім жас өрен бір жылдың ішінде топ жарып, таныла бастады. Әуелі қала біріншілігінде топ жарды, кейін облыстық жарыстарда маңдайы жарқырады. Әдіс-айласы молайып, тәжірибесі толыса келе, республикалық жарыстарда жүлде алды. Халықаралық самбо күресінен өткен дүбірлі додаларда қанжығасы майланып, бірінші орынды шаппай алатын деңгейге жетті. Осылайша, самбодан КСРО спорт шебері атанды.
Ұстаз-ғалым бүгінде туған жеріне оралған. Әуелі өңірдегі Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде қызмет атқарған, кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне жұмысқа орналасып, бүгінде осы білім ордасында табанды қызмет етуде. Білім мен ғылым жолында табан аудармай қырық жылдан аса жемісті еңбек еткен ғалым «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанды. 200-ден аса ғылыми еңбегі жарық көрген. Олардың бірқатары республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда жарияланған. Ғалымның монографиялары мен әдістемелік құралдары ғылыми ортада өз бағасын алған, әлі де сұранысқа ие. Ол жас мамандардың да ғылыми жұмыстарына жетекшілік жасап, бағыт-бағдар беріп жүр. Магистр түлектерінің санының өзі – 21.
Ғалым Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен және өзіндік бастамшыл идеалары негізінде жүргізілген ғылыми жобаларда еңбек етті. Әлі де бар ой-мүддесі өндіріспен бірге. Ол Көкшетау қаласындағы «Тыныс» АҚ құю цехтарында жасалатын бұйымдардың ақауларын азайтып, механикалық қасиеттерін жақсарту мәселелері бойынша басты кеңесшілердің бірі. Кафедрамызда машина жасау өндірісінің технологиялық үдерістері, құю өндірісі негізінде дайындамаларды жобалау және өндіру, материалтану және құрылымдық материалдар технологиясы сияқты маңызды техникалық пәндерден дәріс береді. Жанмырза Омарұлы сонымен бірге, үш бала тәрбиелеп өсірген ардақты әке, 4 немеренің аяулы атасы.
Міне, жоғарыда баяндалғаннан анық байқалатынындай, Жанмырза Омарұлы Нұрмағанбетов – ғылым мен өндірісті тығыз ұштастыра білген, теория мен практиканы қатар алып жүрген, өз саласының майталманы. Ол ашқан жаңалықтар мен енгізген технологиялар бүгінде отандық өндірісте кеңінен қолданылып келеді. Ғалымның ғылыми мектебінен түлеп ұшқан шәкірттері де ұстазының жолын лайықты жалғастыруда. Мерейлі жасқа толған ғалымның әлі де ғылым мен білім саласына қосар үлесі мол екеніне сеніміміз кәміл. Өмірі – елге өнеге, еңбегі қоғамға пайдалы жанға қашан да тілекшіміз!
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің
«Инженерлік технология және көлік» кафедрасының ұжымы.
3 Total Views , 3 Views Today