Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қорғалжын ауданында Наурыз мейрамы салтанатына қатысып, марапаттау рәсімін жасады және көпшілікпен бірге, мерекелік шара аясында ұйымдастырылған театрландырылған көрініс, спорттық жарыстар мен концертті тамашалады.
Өңір басшысы жергілікті тұрғындарды көктем мерекесімен құттықтай отырып, Наурыз мейрамы жаңару, бірлік пен берекенің нышаны екенін атап өтті. Ол ауданда ұлттық дәстүрлер ұлықталып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық дамуға да ерекше мән берілетінін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық құрылтай отырысында Ақмола облысының дамуына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Президенттің тапсырмасымен Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Астананы Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен байланыстыратын автожолдың құрылысы басталады.
– Бұл күре жол Жантеке мен Сабынды ауылдарының үстімен өтеді. Бұл өз кезегінде өңірдің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Ауданда маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған, – деп атап өтті облыс әкімі.
Мереке аясында өңір басшысы ауданның 100 жастағы тұрғыны Макен Баспаеваны құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Өз кезегінде ғасыр жасаған кейуана алғысын айтып, батасын берді.
Сондай-ақ, облыс әкімі Марат Ахметжанов ауданның дамуына үлес қосқан азаматтарға Алғыс хат пен аудандық мәдениет бөліміне жаңа автокөліктің кілтін тапсырды. Өңір басшысы мәдениет, тарих және қазақ халқының дәстүрлеріне арналған тоғыз киіз үйді аралады. Мерекелік шара спорттық жарыстармен және концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында өңір басшысы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен де танысты.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қорғалжын ауданы.