Адам құқығы
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев өзара кездесіп, тараптар азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжат омбудсмен институты мен өңірлік билік органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған. Меморандум аясында тараптар бірнеше маңызды бағыт бойынша бірлескен жұмыс жүргізуге келісті. Атап айтқанда, азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру, шағымдар бойынша жедел ақпарат алмасу, адам құқықтарына қатысты дөңгелек үстелдер мен білім беру іс-шараларын өткізу көзделген.
Марат Ахметжанов азаматтардың құқықтарының бұзылу мәселелерін тиімді шешуде бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
– Адам құқықтарын қорғау жүйесін дамыту үшін қолайлы жағдай жасау – Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру ісінде ынтымақтастығымыз нәтижелі болады деп сенемін, – деді облыс әкімі.
– Өңірлік билік органдары біздің өкілдігімізбен тығыз ынтымақтасып, ұсыныстарымызға құлақ асып, азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелеріне жедел әрекет етеді. Бұл – өте маңызды қадам. Осындай оң көзқарас әрбір адамның құқықтары құрметтелетін әділ қоғам қалыптастыруға ықпалын тигізетіні сөзсіз, – деп атап өтті Артур Ластаев.
Сондай-ақ, тараптар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықтық ағарту іс-шараларын өткізудің маңыздылығын талқылады. Омбудсмен өз кеңсесінің негізгі міндеттерінің бірі ретінде ағартушылық жұмыстарға ерекше көңіл бөлетінін жеткізді.
Меморандумға қол қою – өңірде адам құқықтарын қорғау тетіктерін нығайту және азаматтар, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдары арасындағы өзара іс-қимыл арналарын қалыптастыру бағытындағы маңызды қадам болды.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.