Жуырда Степногорск қаласындағы «Мақсат» колледжінің студенті Иван Мизин ерекше ерлік танытып, өрт ішінде қалып қойған балалардың өміріне араша түсіп, оларды құтқарып қалды.
Ол оқудан шығып, үйіне бет алған сәтінде қалалық аурухана маңында орналасқан екі қабатты қараусыз ғимараттан шыққан өртті байқап қалады. Жақындап қараса іште ағаш, диван сияқты ескі заттар мен құрғақ шөп жанып, түтін қоюлана түскен екен. Терезелер темір торлармен бекітіліп ішке кіретін мүмкіндік те болмапты. Тек бір ғана терезеде тор болмаған, бірақ, өрт дәл сол жерден шыққан.
Сол сәтте Иванға балалар жүгіріп келіп, ғимарат ішінде екі досы қалып қойғанын айтып, көмек сұраған. Иван «ұрыста тұрыс жоқ» демекші, бірден балаларға көмек көрсетуге ұмтылыпты. Ол жанып жатқан диванды жылжытып жол ашуға тырысқанымен, ауыр диван орнынан қозғала қоймайды. Сол сәтте жақын маңдағы екі полиция қызметкерін көріп, дереу оларға жүгініп, көмек сұрайды. Полицейлермен бірлескен Иван диванды жылжытып, өрт сөндіру жұмыстарына кірісіп, өрт сөндіру техникасы келгенше балаларды аман алып шықты.
Иван Мизин жеңіл күйік алғанымен, оның өміріне қауіп төнген жоқ. Оның ержүректік және жанқиярлық әрекеті қайғылы жағдайдың алдын алды. Иванның бұл ерлігі батылдық пен адамгершіліктің жарқын үлгісі. Біз осындай жастарды үлгі тұтуымыз қажет.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.