Саперлар батальонының сарбазы

Тұтқиылдан лап қойған зұлым жау, ойда-жоқта тұтанған соғыс өрті ешкімді ештеңеге қаратқан жоқ. Қан майданға ата-анасының көзінің ағы мен қарасындай жалғыз бала да, бір үйден бес ағайынды да кетті.

Әке мен бала да осы Жеңіс үшін шыбын жандарын шүберекке түйіп, қанды қасапқа бірдей аттанды. Жасын асырып көрсетіп, бозбала мен бойжеткен де майдан даласынан табылды. Бәрі де бәрі, Отаным, елім деп осы  ұлы аттаныс жолында өздерін құрбандыққа шалуға дайын еді. Солардың ішінде  Көкшетау ауданына қарасты Молотов атындағы колхоздың тумасы, қазіргі Ақан ауылында дүниеге келген Қабылқай Сейпиұлы да бар еді. Бұл оның жиырмаға жаңа толған  қылшылдап тұрған жас кезі. Сол жалын жастығы соғыс өртін сөндіргенше тыным таппады. Майданға аман келсем деп емес, жауды жеңсем деп аттанды. Өзі де қарапайым колхозшының отбасынан шыққанымен, Қарауыл ішіндегі Шұңғыршаға жататын Науан хазірет Таласұлымен аталас еді. Қанды қырғынға сол атақты атасының аруағына да сыйынып кеткені анық. Сол мінәжаты қорғады, қолдады.

Алдымен, өзі саперлар батальонына түсті. Саперлар батальоны дегеніңіз, үнемі алғы шепте. Өйткені, шабуылға шығатын қаруластарының жолын минадан аршып, тазартып, олардың жау шебін алуына жағдай жасауы керек. Мұндағы ұрыс даласында өткізген әр минут, әр сағатың нағыз қауіп-қатердің өзі. Өмір мен өлімнің нақ ортасында деп осыны айтады. Оңыңда да, солыңда да, алдыңда да мина. Тек артыңда ғана өзің тазалап өткендіктен, ол жоқ. Міне, осының өзінен-ақ Қабылқай ағамыздың өмірі талай рет қыл үстінде тұрды деп айтуға болатындай.

Кейбір тарихи  деректердің шынайы тұстарына үңілсек, Орта Азия, Кавказ халықтарының ішінен көбіне-көп саперлар батальондарында біздің қазақтар болған. Жалпы, майданның қай шебінде де қазақ алдыңғы лектен табылған ғой. Өйткені, біздің халықтағыдай, сол кездегі коммунистік  саясатқа, Отанға жан-тәнімен берілу, қалтқысыз қызмет ету көп халықта кездесе бермейді. Бұл анық шындық. Ал, енді Қабылқай ағамыз сияқты белгілі бір дәрежеде білімі бар жігіттердің осы мина аршуға түсуі көбіне-көп олардың орыс тілін жетік білуінен, айтқанды тез ұғып, тез орындаудан болған. Олай болатын жөні де бар. Басқа халықтарға қарағанда, орыс алфавиті бізге ертерек келген. Майданға шақырылған ер-азаматтардың біраз  бөлігі орысша еркін сөйлейтін, олай болмаған  күннің өзінде осы тілді түсінетін болған. Бір байқаусыз қимыл сені ажалға ұрындыратын саперлар батальонында қызмет етудің де бір ерекшелігі міне, осы. Сол сынды біздің Қабылқай Сейпиұлы да қайыспай көтерген.

Ал, енді ол кезде соғысқа барған адам жағдайдың түрлі-түрлі болуымен, жалғыз бір ғана өз міндетімен шектеліп қалмайды. Командирлердің бұйрығы, соғыс жағдайының өзгеруіне байланысты өзіне жүктелген басқа әскери міндеттерді де атқаруына тура келеді. Мысалы, Қабылқай ағамыз сол батальонда иығында автомат, қолында мина тазартқыш болуымен қатар, қажет болса, пантон көпірлерді де құрастырып, байланысшы қызметін де атқарған.

–Жаңбыр жауып тұрғанда суда қалмауға, үсті-басыңның суланбауына бола ма? – деп сұрайды екен үй ішінде жағалай дастархан басында отырғандардан. Әрине, Болат ағай бастаған балалары:

–Жоқ, болмайды, – деп шу ете қалады.

–Міне, көрдіңдер ме?! Мен де сондай оқтың астында болдым, – деп жауап береді екен сонда Қабылқай ағай.

Сол соғыстың ауыртпалығын, мыңдаған, миллиондаған адамдардың қалай шейіт болғанын бір ғана сөзбен астарлап жеткізіп тұрған жоқ па, қайран жауынгер.

Майданда тап болған жері де соғыстың аса ауыр шайқастары өткен Сталинград майданы. 1942 жылдың тамызынан келесі жылдың көктеміне дейін 6-ыншы Армияның 71-інші дивизиясының құрамында Сталин атындағы қаланы жаудан қорғауға қатысып, кескілескен ұрыстардың куәсі болады. Алдымен, жау қолында қалмауына көп күш салынған қаланы «Красный Октябрь» зауытының аумағында қорғайды. Бұл неміс фашистері қаланың ішіне кіріп, шеткі аудандарын ала бастаған тұс еді. Сондағы кейде күннің көзі көрінбей, тұтасып кеткен түтіннен, от пен оқтан, жалыннан аман алып қалғаны алдағы көрер жарығы, балаларының келешегі болса керек. Броньді техника мен адам күшінің алға баспауы үшін негізгі жолдарға да, қалтарыстарға да көп қойылған минаның аршылуының өзі кейде бірнеше күнге ұласатын. Қабылқай аға қызмет еткен саперлар взводының құрамы да біраз жайды аңғартатын. Көбі әскери  шендері барлар болып келетін де, Қабылқай Сейпиұлымен бірге тағы бір солдатта ғана  ондай шен жоқ болатын. Соның өзінде қолынан өзі жас баланы аялап, әлпештегендей, аса сақ жағдайда топырақтан аршып, тазартып алған талай мина өтті. Бұл да болса, қазақ ұлты жігіттерінің өз ісіне беріктігінің, берілген бұйрықты сенімге сай, тапжылмай орындауының бір көрінісі еді. Сталинград шайқасынан аман шығып, Қабылқай ағалар енді оңтүстік Украина майданында Харьков қаласы үшін кескілескен ұрыстарға қатысады. Бұл соғыс орталап қалған 1943 жылдың көктемі болатын.

Тағы да бір Екінші дүниежүзілік соғыс жылнамасына тоқтала кетсек, оның аяғына қарай Сталиннің біздің жақтан соғысқа қатыспаған бөлімдер болмасын, бәрі де қатыссын деген тұрғыдағы бұйрығы болған. Сөйтіп, кей бөлімдер майданға жеткенше, соғыс аяқталып қалған оқиғалар да кездескен.

–Соғыста неге аз болдыңыз? – деп сұрайтын кейде естияр Болаты.

–Өй, балам-ау, онда бір оқ қана сенің тағдырыңды шешеді. Менімен десолай болды. Егер жараланбасам, фашистерді ілгері қуа берер едім. Бірақ, майданда көп болмасам да, оның нағыз қайнап жатқан өтінде, нақты өзінде болдым, – дейтін.

Сосын неге екенін орден-медалін тағуды ұнатпайтын. Сол тұйықтығы, қарапайымдылығымен көп әңгіме ішінде кетті.

–Укранинаның Изюм деген қаласын жаудан үш рет алып, екі рет бердік. Әр адым жер үшін солай тірестік.

Соғыс  туралы балаларына аузынан көп шыға бермейтін сараң сөзінің  тағы бірі осы ғана.  Расында, қан майданда он алты ай болған, содан кейін ауыр жараланып, Пенза қаласында госпитальда жарты жыл өз-өзіне келгеннен кейін екінші топтағы соғыс мүгедегі ретінде елге жөнелтілген ағаның майдан жолы нағыз от-жалынға, оның күткен-күтпеген небір ауыртпалықтарына толы еді. Майдан адамды қалайсың ба, қаламайсың ба, әр түрлі жағдайларға  салатын нағыз өмір мен өлім тіресінің өзі екені ақиқат. Осы бір жыл төрт айда Қабылқай ағай талай сынды басынан кешіп, 1944 жылдың тура 1 қаңтарында, Жаңа жылда туған жерге, үйіне оралады. Бертін өзінің қысқаша өмірбаянын жазып жүретін тор көз көне дәптерінде 1943 жылдың 10 шілдесінде «Ерлігі үшін» медалін не үшін алғанын да өз қолымен қағазға түсірген. «Оңтүстік Украина фронтында 246-ыншы атқыштар полкында түнде болған ұрыста жау самолеттері бомбылап, үзіп кеткен байланысты жалғағаным үшін наградталдым» дейді осы жазбасында.

Ол кезде ағамыздың болашақ жары Асылтас апай да інісі Тәшкенбай Қосқин   екеуі Щучье ауданының бұрынғы «Қарасу» колхозы, қазіргі Жасыл станциясында колхоздың маңдайына біткен екі тракторды еншілеп, далада жер жырту, егін салумен болған еді. «Соғыс аяқталды деген хабар келгенде  біз далада трактормен тұқым  себуге жер жыртып жүр едік» деп еске алады екен сол бір сұрапыл жылдар елесін. Ол кезде ауылда қалған тракторшыларға бронь беріледі. Әйтпесе, бұл кісілер де адам жетпей жатқан трудармияға алынуы әбден мүмкін еді.

Осылай Ұлы Жеңіске екеулеп үлес қосқан Қабылқай Сейпиұлы және Асылтас Қосмағамбетқызы бейбіт заманда тағы да екеулеп, бар ғұмырларын білім беру жүйесіне арнады. Қабылқай ағамыздың өзі кезінде Ақмола қазақ педагогикалық училищесін бітіргендігіне қоса, Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтын да тәмамдап, қазіргі Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласында қазақ-орыс орта мектебінде ұстаздық етеді. Асылтас апай да сол училищені бітіріп, үлкен мұғалімдік жолдан өтеді. Үйде де, еңбекте де жұптары жазылмаған қос ұстаз кейін жастары ұлғайған шақтарында ағаның кіндік қаны тамған Ақан ауылына қоныс аударып, сонда үйреншікті қызметтерін одан әрі жалғастырады. Шәкірт тәрбиелеумен бірге, бес ұл-қыз өсіріп, оларға да орта арнаулы және жоғары білім әпереді.

Міне, бүгінгі бейбіт өмірді ғана білетін мына біздердің келешегіміз үшін шыбын жанын аянбай, сол сұрапыл соғыстың ең ауыр алғы шебінде болған Қабылқай Сейпиұлының да өнегелі өмір жолы ерлікті мұрат тұтқан халқымыздың бір мықтылығындай көрініп тұрары анық.

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар