Әлеуметтің жағдайы алатын көмек,  қамтылатын жұмыспен жақсарады

Әлеуметтік қорғау

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің 2025 жылғы 28-қаңтардағы кеңейтілген отырысында, сөйлеген сөзінде әлеуметтік тұрғыдан осы азаматтарға қолдау көрсету өте маңызды міндет екендігін тағы бір атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысының бұл айтқаны жергілікті жерлердегі осы сала қызметкерлері үшін бұлжымас бағыт-бағдар.

Ақмола облысында жұмыспен қамту саласы бойынша 2024 жылы өңірлік жұмыспен қамту Картасы шеңберінде 34 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, оның 28397-сі тұрақты жұмыс орны болып сақталып қалды. Сондай-ақ, өткен жылы «Халықтың әрбір 10 мың адамына кемінде 100 жаңа жұмыс орнын құру» индикаторы бойынша тұрғындарды белсенді жұмыспен қамту және гранттармен қамтамасыз ету есебінен бос орындарға жұмысқа орналастыру жүргізілді. Соның арқасында тұрақты жұмыспен қамту облыс бойынша 81,6 пайызды құрап, 29 981 адамның міндетті зейнетақы жарналары рәсімделіп, 24 580 адамның электрондық еңбек шарттары пайда болды.

Ал, 2025 жылы жұмыспен қамтудың өңірлік Картасын іске асыру шеңберінде 32 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.  Осы жаңадан ашылатын жұмыс орындарының 2592-ін тұрақты сақтап қалу жоспарлануда.

Өңірде атаулы әлеуметтік көмекті беру және тағайындау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері осы атаулы әлеуметтік көмекті 1,8 мың отбасы алды. Мемлекеттің мұқтаж азаматтарға бұл көмекті тағайындаудағы басты мақсаты – олардың ішіндегі еңбекке қабілеттілерін жұмыспен қамту шараларына тарту мен оларды еңбекке ынталандыру арқылы кедейлік шеңберінен шығару екендігі белгілі. Әлеуметтік келісім-шартты енгізудің арқасында 255 еңбекке қабілетті адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Бұл ретте, жұмыспен қамту шаралары негізінен, азаматтарға тұрақты жұмыс беру екенін атап өткен жөн. Мәселен, есепті кезеңде жыл басынан бері 189 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылса, 44 адам уақытша жұмысқа тұрып, 8 адамның  кәсіпкерлік бастамасына көмек көрсетілді, ал, 14 адам біліктілікті арттыру, қайта даярлау және қайта оқыту курстарына жіберілді.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап  атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау  халықтың орташа табысының 35 пайызы деңгейінде, бірақ қолданыстағы деңгейден төмен емес, яғни, өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы деңгейінде айқындалады. Учаскелік комиссиялар үшін тексеріс жүргізу кезінде формальды тәсілді автоматтандыру және болдырмау мақсатында FSM social мобильдік қосымшасы әзірленді. Бұл мобильді қосымшаны пайдалану кезінде учаскелік комиссияның мүшесі отбасының материалдық жағдайы бойынша барлық деректерді соған енгізеді, алдын ала қорытынды шығарады және учаскелік комиссияның басқа мүшелеріне қол қоюға жібереді.

2024 жылы шамамен 68 мың мұқтаж азаматқа төрт бағыт бойынша 2,2 миллиард теңгеден астам сомаға әлеуметтік көмек көрсетілді. Оның ішінде табиғи апаттан зардап шеккен 1797 отбасын 369 200 теңге біржолғы әлеуметтік көмек берілсе, 821 отбасының әрқайсысына 553800 теңгеден аспайтын мүлікке келтірілген залалды өтеу бойынша төлем төленді.

Өткен жылы Ұлы Отан соғысының 5 ардагеріне  9 мамыр Жеңіс күніне орай, барлығы 15 миллион теңге берілді. Ал, 15 ақпанда 703 ауған соғысы ардагерінің әрқайсысына 184 600 теңге мөлшерінде бір реттік көмек қаражаты берілді. Қарттар күніне орай, зейнетақысы 8 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын қарттардың әрқайсысына 7384 теңгеден берілді. Сондай-ақ, барлық топтағы мүгедектігі бар 25 663 адамға 2 айлық есептік көрсеткіш сомасын барлығы 291 миллион теңгеден астам бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар, онкологиялық, туберкулез, АИТВ, қант диабеті, миокард, инфаркт сияқты аурулары бар  8282 азаматқа барлығы 549,3 миллион теңге сомасында қаражат төленді.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап облыс әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша Көкшетау қаласында алғаш рет барлық санаттағы зейнеткерлерге қоғамдық көлікте тегін жол жүру жеңілдігі қарастырылды. Бұл шараны іске асыруға 376 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Сондай-ақ, барлық зейнеткерлердің санаты бойынша екі жылда бір рет 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде санаториялық курорттық емдеуі өтеледі. Осыны іске асыруға биыл облыстық бюджеттен 1 миллиард 126 миллион теңге сомасында қаражат бөлінді.

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы екендігі баршамызға мәлім. Бүгінгі таңда облыста үш соғыс ардагері тұрады, сәуірдің бірінші онкүндігінде Жеңіс күніне орай олардың әрқайсысына 5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы төлем төлеу жоспарланған. Сонымен қатар, Ленинградтағы блокада кезеңінде жұмыс істеген 3 адам, концлагерьдің кәмелетке толмаған 13 тұтқыны, Чернобыль АЭС-і апатының 354 қатысушысы мен мүгедекгіне бір жолғы әлеуметтік көмек қаражаты беріледі. Сонымен қатар, басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс- қимылдардың ардагерлері, атап айтқанда, тәжік-ауған шекарасында, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясында, таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуде әскери борыштарын орындаған әскери қызметшілер 98300 теңгеден алады.

Ал, өңірімізде тұрып жатқан 1689 тыл еңбеккері, 61 Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері,  114 қаза тапқан әскери қызметшілердің  отбасылары, 44 Ұлы Отан соғысында қайтыс болған мүгедектердің жұбайлары, 21 бейбіт уақытта әскери қызметін өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларының мүшесі, Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жою кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларынан 1 адам және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген 35 адам мерекеге орай 13-тен 20 айлық есептік көрсеткішке дейін қаражат алады.

2023 жылы отбасының цифрлық Картасы іске қосылды, ол 84 параметр бойынша отбасыларды әл-ауқат деңгейін бөліп қарастырады.

Бұл цифрлық платформа әлеуметтік қолдауға мұқтаж адамдардың мемлекеттік қызметтерге қажеттілігін және отбасылардың әл-ауқатының деңгейін бес санат бойынша анықтауға мүмкіндік береді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы сарапшыларымен бірлесіп әзірленген әдістеме көмегімен отбасының әлеуметтік әл-ауқатын айқындай отырып, азаматтарға әлеуметтік мәртебе тағайындалады. Бұл тағайындаулар мемлекеттік органдардың 77 ақпараттық базасының деректері негізінде автоматты түрде іске асырылады. Қазіргі уақытта Ақмола облысы бойынша отбасының цифрлық Картасында шамамен 768 мың адам бар, олар 269 мың отбасына топтастырылған.

2024 жылдың қортындысы бойынша Ақмола облысында D және Е санатындағы отбасылардың үлесі 55517 отбасы, яғни, 117811 адамды құрайды. Ал, биыл «дағдарысты» және «шұғыл» отбасылардың саны едәуір азайды.      2020 жылы Ақмола облысы бойынша «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша және Жол картасын іске асыру шеңберінде Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жанынан  Отбасын қолдаудың  жеті орталығы  құрылды. Бұл жұмыс одан әрі жалғасып, 2022 жылдан бастап Қосшы, Степногорск қалаларында, Астрахан, Атбасар, Бурабай, Зеренді, Шортанды аудандарында осындай қолдау орталықтары пайда болды.

Ол орталықтар мемлекеттік отбасылық саясат шараларын, оның ішінде неке мен отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу жөніндегі шараларды іске асырумен айналысады. Сонымен қатар, мемлекеттік органдармен өз құзыреті шегінде қолдау, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды,отбасыларды,  оның ішінде интеграцияланған модель арқылы қолдаумен қамту жөніндегі жұмыстарды үйлестіреді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсетуге жәрдемдесу де осы орталықтардың жұмысы болып саналады. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұру мүмкіндігімен қолдау көрсету, мемлекеттік отбасы саясатының бағыттары мен шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу, жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, еріктілермен, консультативтік-кеңесші органдармен мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау, мемлекеттік отбасы саясатының үрдістерін мониторингтен өткізу және талдау сияқты шаруаларды атқарады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның үйлестіруімен өз құзыреті шегінде білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының қатысуымен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және оларға қолдау көрсетуді ұйымдастыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі өзге де шараларды іске асыру осы орталықтарға тиесілі жұмыстар болып саналады. Мәселен, 2024 жылы осы орталықтарға жүгінген 2494 азаматқа 3107 қызмет көрсетілді.

Бұл орталықтардың жұмыс нәтижелерін талдау барысында 2025 жылы Бұланды және Целиноград аудандарында да осындай отбасын қолдау орталықтарын ашу жөнінде шешім шығарылды.

2024 жылдың қорытындысы бойынша облыста 15 535 адам оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етілді немесе осы жөніндегі жоспар 85 пайызға орындалды. Мәселен, протездік-ортопедиялық көмекпен 1864 адам, сурдологиялық көмекпен 392 адам, тифлотехникалық құралдармен 991 адам, кресло-арбалармен 635 адам, санаториялық курорттық емдеумен 2809 адам, жеке көмекшінің қызметімен 87 адам қамтылды. Сондай-ақ, ымдау тілі маманының қызметіне 251 адам жүгініп, міндетті гигиеналық құралдармен 8506 адам қамтамасыз етілді.

2024 жылы көру, есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар және кресло-арбамен қозғалатын тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін 191 нысанды қосымша бейімдеу жоспарланып, бұл жұмыс толық көлемде атқарылды.

2025 жылы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған тағы да 192 нысанды қосымша бейімдеу жоспарланып отыр. Бұл жұмыс жыл аяғына дейін аяқталады. Осылайша халықты әлеуметтік жағынан қорғау мен қолдауда ел Президенті, облыс әкімі алға қойған міндеттерге баса көңіл бөліне береді.

Шолпан РАХМАТУЛЛИНА,
Ақмола облысы жұмыспен қамтуды және әлеуметтік
бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар