Ғұмыры ісімен жалғасып келеді

Есімі ел есінде

Қазақ әдебиеті тарихын зерттеген белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері Нарбай Сафиянұлы Ыбыраевтың 90 жылдығына орай, Көкшетау қаласындағы өзі тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылып, көп жылғы ұстаздық қызметіне құрмет көрсетілді.

Ғылыми-ағартушылық қызметін қазақ әдебиетінің тарихы мен Алаш арыстарының мұраларын зерттеуге арнаған ұлағатты ғалым-ұстазға дәрісхана ашу, мемориалдық тақта орнату идеясы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасындағы әріптестерін көптен бері толғандырып жүрген-ді. «Ғалымның аты, ақынның хаты өшпейді», – деген қағиданың өміршеңдігінің дәлеліндей, Нарбай ағаның ұрпақтары мен туған-туысқандарын шексіз қуанышқа бөлеген осы елдік істің жуырда сәті түсті.

Оқу-ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері, доцент Нарбай Ыбыраевқа мемориалдық тақта орнатуға арналған салтанатты митингіні университеттің белді оқытушыларының бірі, ғалым Қасиет Молгаждаров жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған педагогика институтының директоры, доцент Ақбота Бексейітова әдебиетші ғалымның қасиетті есімін ардақтау жөнінде атқарылып жатқан ізгілікті шараларға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алдымен, университет ректоры Марат Қадырұлы Сырлыбаевқа ризашылығын білдірді. Дәрісхана ашылған жағдайда ғалымның әдеби мұрасы кенінен зерттеліп, мұражайы тың деректермен толықтырылмақ.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бәрия Жахина мен ғалым-әдебиетші Аманжол Есмағұлов ана тіліміздің тағдыры қыл үстінде тұрған шақта Нарбай ағаның қазақ филология факультеті мен қазақ әдебиеті кафедрасын басқарып, қажыр-қайрат таныта білгенін, Алаш арысы, қаламгер Мәжит Дәулетбаевтың шығармашылығын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғағанын ілтипатпен атап көрсетті.

Өмірге құштар зерделі азамат Нарбай Ыбыраевтың ғылымға ерекше ықылас танытуының басты сыры тәлім-тәрбие алған ортасымен де тығыз байланысты деуге болады. Өйткені , университетте оқып жүргенде ол Мұхтар Әуезовтен бастап, көрнекті әдебиеттанушы-ғалымдар Бейсенбай Кенжебаев, Мәлік Ғабдуллин, Темірғали Нұртазин, Белгібай Шалабаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Зейнолла Қабдоловтардан дәріс алып, әдебиеттану әлеміндегі ой-өрісі кеңейіп, қанаттана түседі.

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Қылышбаев, Нарбай Сафиянұлының қос шәкірті «Белсенді ұзақ өмір» орталығы мен әдебиет және өнер мұражайының директорлары Бақыт Смағұл және Нұрбек Нұралы көрнекті ғалымның руханиятқа қосқан үлесі, шәкірттерін ұлағаттылыққа тәрбиелеудегі ағалық қамқорлығы жайлы естеліктерімен бөлісті.

Ыбырай ата ұрпақтарының отбасылық ізгі дәстүрі жайлы ел ағасы Теңбай Сапиоллаұлы өз пікірін былайша білдірді: «Қарлыкөл ауылындағы біздің әулеттің үлкені Сафиян атамыздың үш перзенті Малгаждар, Нарбай, Дәрбаймен ағалы-інідей сыйластығымыз жарасып, бірге өстік.

1935 жылғы 10 мамырда өмірге келген Нарбай да соғыс жылдары үлкендермен бірге, колхоз шаруашылығына қолғабыс жасап, еңбекпен есейіп, ержетті. Көкшетау қаласындағы №3 қазақ орта мектебін тәмамдаған соң, 1958-1963 жылдар аралығында С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқып, оны үздік дипломмен бітіріп шықты. Одан арғы тағдыры Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіндегі ұстаздық қызметімен тығыз байланысты болды.

Өзінің бекзаттық, зиялы болмыс-бітімімен әріптестерін де, туған-туыстарын да баурап алатын Қарлыкөл ауылының перзенті Нарбай Сафиянұлы сабырлы мінезінен бір танған емес. Ол ешуақытта дауыс көтеріп, ешкімді ренжітіп көрмепті. Асыл жары Галина Жанайдарқызы екеуінің ата-аналық рақымына бөленген үш перзенті Мұхтар, Дәурен мен Жанар – бүгінгі таңда бақытты отбасы иелері.

Төңірегіне мейірім шуағын көп шашқан ел ардақтысы, ғалымдардың ғалымы Нарбай Сафиянұлының бойындағы үлгі аларлық тамаша қасиетінің бірі – мәдениеттілігі еді. Ол өмірде кербез, аса талғаммен киінетін жан болатын. Үлкенмен де, кішімен де тез тіл табыса білетін. Әсіресе, қыз баланың тәрбиесіне, қылығына ерекше мән беретін. Әңгімені сөздің майын тамызып, ерекше шабыттанып айтушы еді. Міне, біз білетін зерделі ғалым, елінің ардақтысы Нарбай Ыбыраевтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде және санамызда осындай асыл қасиеттерімен сақталары сөзсіз.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
журналистика ардагері.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

9 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар