Аңыз әулет
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ақмола алыптары» жобасы аясында «Аңыз әулет. Әли атаның ұрпақтары» атты тағылымды шара өтті. Бұл жолы музей ұжымы Көкше жұртына кеңінен танымал, небір жақсы-жайсаңдарды түлеткен Әли әулетінің өмір жолы мен өнегелі істерін көпшілікке паш етті. Шарада осы әулеттен шығып, бүгінде ел-жұртының алдыңғы буын ақылшы ағасына айналған Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев өзі бас болып, жас ұрпаққа өнеге боларлық өмір жолынан тағылымды сыр шертті.
Туған жерін түлетіп, ел еңсесінің тіктелуіне еңбегі сіңген белгілі тұлғалардың есім-сойын ұрпаққа үлгі ету – расында да құптарлық іс. Біз кейде бір адамның әулеті мен оның жеке өмірінің жалпы әлеуметке қатысын ойлай бермейміз. Алайда, қоғамның адам арқылы көркейетінін, сол жолда жансебіл тірлік кешкен азаматтардың өнегелі өмір жолы жатқанын білген абзал болмақ. Бұл ретте, бүгінде аңыз әулет атанып, ұрпағымен халықтың алғысына бөленіп келе жатқан Әли әулетінің қоғамға берері де, ұсынары да мол. Өз кезегімізде Көкшетау өңірінің қалыптасуына, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің көп жылдық еңбек жолында елеулі үлесін қосқан қоғам қайраткері Шияп ағамызбен аз-кем әңгімелескенімізде өзінің арғы атасы Әлидің Орта жүздің Қарауыл руының ішіндегі Шотан баласынан тарап, ел ардақтысына айналғанын айтады.
– Құдайға шүкір, Әли атамыздан төрт ұл, бір қыз болған. Одан өрбіген балалары, немере-шөберелері әртүрлі салада еңбек етіп жүр. Бәрі абыройлы, біреуінің де жамандығын көрген жоқпын. Әли әулетінің жалғасы болғанымызды, өзінің асқақ тұлғасымен ел есінде қалған, ағартушылықпен айналысып, Науан хазірет атанған Наурызбай Таласұлының ұрпағы болғанымызды мақтаныш етеміз, – дейді Шияп Шарапұлы.
Сонымен қатар, бұл шараға Ермек Нұғыманов, Байқал Байәділов, Құдайберлі Мырзабек сынды Шияп Шарапұлының үзеңгілес, жанашыр інілері, көп жыл қызметтес әрі әріптес болып, өмірде бірге келе жатқан бір топ замандастары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Олар бүгінгі шараның мән-маңызына кеңінен тоқталып, Әли әулетіне тән парасат пен дегдарлықты үлгі ете отырып, кез-келгеннің таным көкжиегін кеңейтіп, санасына сәуле түсірерлік ойларын айтып, шараның мазмұнын аша түсуге игі ықпал етті.
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің тарих бөлімінің ғылыми қызметкері Арман Әбілқадыров өз баяндамасында тарих сахнасы мен заман тынысында өзінің қайраткерлік болмысымен танылған атақты Науан хазіреттің парасатты байыпты тұлғасына кеңінен тоқталып өтті.
– Қасиетті Көкше жерінде ел бастаған көсемдер, күміс көмей шешендер, ақын-жыраулар, батыр-билер, ақылгөй-даналар дүниеге келген. Дәл сондай тарихи бірегей тұлғалардың бірі – Наурызбай Таласұлы. Діни оқымысты ғұлама болғандықтан, ол әдебиетте де, халық арасында да Науан хазірет деп аталып кеткен. Науан хазірет – рухы биік, жан-жақты білімдар, ағартушы, халқының қамын жеп, болашағын болжаған, оған мұсылмандықтың шапағатын дарытуға бүкіл өмірін арнаған қайраткер, – деген ой толғамының өзі көп жайды аңғартса керек.
Содан соң, баяндамашы өз сөзінде Арқаның ардақтысы атанып, аспандағы аққудың сұлу болмысы мен қанат қағысын әнге қосқан атақты Ақан сері мен Науан хазіреттің алғаш жолығып, айтысып, сөз қағыстырған сәтін кеңінен айтып өтті.
Ал, тарихи-өлкетану музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек бұл шараны өткізудегі мақсатты алға тарта отырып, Әли әулетінен шыққан, көкшеліктер есім-сойын жақсы білетін белгілі кәсіпкер Асқар Әлиев жайында айтып өтті.
–Бүгінде Көкшетау минералды суын тек еліміз ғана тұтынбайды, ол танымал бренд ретінде шет елге де экспортталып жатыр. Біз жерлестеріміздің осындай табанды еңбегіне, ел экономикасына қосып жатқан сүбелі үлестеріне тек жеміс тілейміз әрі әрдайым тілекшіміз, – дейді музей директоры.
Өскелең ұрпаққа өңірдің маңызды тұлғаларын кеңінен таныстыру арқылы жастарды тарихымыз бен мәдениетімізге қызықтыру, жақсылыққа баулу мақсатында ұйымдастырылған осынау тағылымды шара дәстүрлі әншілердің әні мен жергілікті айтыскер ақындардың өзара әзіл сөз қағысына ұласып, кеш көркі одан сайын ажарлана түсті.
Шараның келесі бөлімдерінде Ақмола облыстық асық ату федерациясы ұйымдастырған «Асық ату» сайысының жеңімпаздары марапатталып, Жылгелді мешітінің макеті таныстырылды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.