Ел бірлігі мен тұтастығы жолындағы 30 жыл

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшелерімен және аталмыш ұйымның құрамындағы этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық құрылымдардың өкілдерімен кездесіп, мерейлі жыл аясында олардың бірқатарына мерейтойлық медальдар табыс етті. Облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде ұйымдастырылған шарада Досұлан Ерланұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін сақтап, тұтастығын нығайту, тәуелсіздік тұғырының беки түсуі жолында рөлі зор  екендігін және бүгінгі шара алдағы 34-ші сессия қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті.

– Биыл әлемде теңдесі жоқ институт саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Соның аясында еліміз бойынша түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Олардың бірқатары Ақмола ассамблеясында өтуде. Бұл ұйымның біздің көпұлтты өңір тұрғындары үшін де маңызы зор екенін жақсы түсінеміз. Облыс аумағында тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің қай салада болмасын ел дамуына қосып жатқан үлестері зор. Жақында Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойға байланысты 34-ші сессиясы өтеді. Біздің облыстан баратын делегаттар қазір осы шараға дайындалып жатыр. Сол мерейтойлық сессияға облыс делегаттарының мерейі үстем болып баруы үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медальдарын табыстағалы отырмыз, – деп облыс әкімінің орынбасары Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы мүшелерінің жұмысына табыс тілеп, алғысын білдірді.

Марапатталғандар қатарында Ақмола облысының татар-башқұрт қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рафаил Сулькарнаев, облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Дуанбай Ыбырай, Атбасар және Сандықтау аудандарының «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Дин-Магомед Асаев, «Манас» қырғыз этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Гүлбара Нұрқанова және тағы да басқа қоғамдық бірлестіктер мен құрылымдардың өкілдері бар.

«Қоғамдық келісім» мекемесі мамандарының айтуынша, мерейтойлық жыл аясында облыста 13 жоба, 50-ден астам іс-шара, түрлі ғылыми-практикалық конференциялар, этномәдени фестивальдар және қоғамдық құрылымдардың бірқатар бағдарламалары кіретін іс-шаралар циклы жоспарланып, жыл басынан бері бірқатары өткізіліп те үлгеріліпті.

– 1997 жылы Атбасар және Сандықтау аудандарында тұратын шешен-ингуш ұлттарының басын біріктіріп, аудандық «Вайнах» этномәдени орталығын құрдық. Содан бері осы орталыққа жетекшілік етіп келемін. Қоғамдық бірлестік жастарды өздерінің тілін, ділін ұмытпау, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау жолында жұмыс істеп келеді. Аудандық іс-шараларға белсене қатысып, қайырымдылық істермен де айналысып келеміз. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының  30 жылдық мерекелік медалімен марапатталдым. Бұл менің осы уақыт ішінде осындай төртінші мерейтойлық медальға ие болуым, – дейді бүгінгі шараға қатысып, марапатталғандардың бірі Дин-Магомед Асаев.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар