Тұрақты комиссияларда
Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Саят Сыздықовтың төрағалығымен өткен кезекті отырыста депутаттар еліміздің 2023-2029 жылдарға арналған мәдени саясат тұжырымдамасының біздің өңірде іске асырылу барысын талқылады. Комиссия жұмысына облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов қатысты.
Комиссия отырысының күн тәртібіндегі басты мәселе туралы Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова баяндама жасады. Баяндамашы тұжырымдамада қарастырылған мәдени бағыттардың өткен 2024 және биылғы 2025 жылы қалай жүзеге асырылатынына тоқталды. Тұжырымдаманың тарихи мәдени мұра бағыты бойынша берілген ақпаратқа сүйенсек, Ақмола облысының аумағында 1780 тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар. Оның 1239-ы археология, 533-і қала құрылысы және сәулет ескерткіштері болса, 8-і табиғи ландшафт. Осылардың ішінде алтауы республикалық, 1037-сі жергілікті маңызы бар ескерткіштер.
Былтыр «Жошы Ұлысының 800 жылдығы» аясында Зеренді ауданының Алтынтау IX қорымында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде мойынға тағатын аспалы қола айна табылғаны белгілі. Сол сияқты, Сандықтау ауданында қорғау-құтқару жұмыстары кезінде болжам бойынша түркі кезеңіне жататын діни жоралғыларды өткізуге арналған ғибадат орны болып саналатын орында «Тастағы адамның бедерлі бейнесі» анықталды. Ал, Бурабай ауданында сақ кезеңі қорымы «Абақай сақ ғибадатханасы» аумағында қорғау құтқару жұмыстары жүргізілген. Облыстың 400-ден астам тарих және мәдениет ескерткіштері QR-кодтармен жабдықталған. 3D-турлар және 45 қасиетті нысан бойынша бірқатар шолу бейнероликтері әзірленді. Ғылыми-зерттеу қызметі аясында облыстың тарих және мәдениет ескерткіштерінің 3D үлгілерін жасау бойынша Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетімен бірлесіп жұмыстар жүргізілуде.
– Облыс аумағында ЮНЕСКО-ның тізіміне енген 13 элемент және Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының Ұлттық тізіміне енген мұралар бойынша кең көлемді түгендеу жұмыстары қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда оларды кешенді қорғау, сақтау, насихаттау бойынша нақтылы кешенді іс-шаралар жоспары әзірленуде. Бұл бағыттағы жұмыс басқарма тарапынан 2021 жылдан басталған. Ақмола облысының 12 ауданына материалдық емес мәдени мұраларымызды жинау, сақтау, зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде «Ақмола облысының материалдық емес мәдени мұрасы» еңбегі жарыққа шықты. Осы орайда, 2024 жылы өңірімізде мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы айтыс өнерін жан-жақты насихаттап, оның дамуына қолдау көрсету мақсатында шеберлік сабақтары мен семинарлар және халықаралық, республикалық, облыстық, аймақтық деңгейде 5 айтыс өткізілді, – дей келе, басқарма басшысы театр және музыка, музей ісі, бейнелеу өнері, сәулет, дизайн, кітапхана ісі туралы атқарылып жатқан жұмыстар мен қолға алынған жобалар туралы жан-жақты баяндап берді. Баяндамашының айтуынша, биыл облыс аумағында Ақмола облысының атақты тұлғалары Ілияс Есенберлин, Мәлік Ғабдуллин, Жұмабек Тәшеновтің 110 жылдығы, Шығыстың Шолпан жұлдызы атанған Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, Үкілі Ыбырай, Тәттімбет Қазанғапұлы, Абай Құнанбайұлы, Нұрғиса Тілендиев, Еркін Әуелбеков, Шәмші Қалдаяқов секілді қазақ әдебиеті мен өнерінде, тарихында ерекше орны бар атақты тұлғалардың мерейлі даталары, Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдықтары және басқа да көптеген атаулы даталар аталып өтіледі. Осы орайда облыста ауқымды жобалар жоспарланыпты. Атап айтсақ, мерейтойлық даталар аясында 1 халықаралық, 1 республикалық, 4 облыстық, 4 аудандық деңгейде, барлығы 10 ақындар айтысы, 2 халықаралық театр фестивалі, 12 дәстүрлі әншілер мен жыршы-термешілер, әндер фестиваль-байқаулары, 5 ғылыми-практикалық конференция, республикамыздың басқа облыстарына 10 жылжымалы көрме, 20-дан астам әдеби кештер, 100-ден астам кітап көрмелері мен телекөпірлер жоспарланыпты.
Баяндамадан кейін депутаттар қауымы өңірдегі мәдениет ошақтарының қызметіне байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Атап айтқанда, белгілі бір күндері немесе мерекелік даталарда музейлердің жұмыс уақытын ұзарту, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік қеңесіне ұлт мүддесі үшін қызмет етіп жүрген мәдениет, білім саласының білгірлері мен қоғам қайраткерлерін енгізу, театр мамандарын өңірде ұстап қалуға жағдай жасау, кинотеатрларда қазақ фильмдерін бір апта ғана емес, ұзағырақ көрсету, ойын-суық орталықтарында қосымша кинозалдар ашу, Қосшы қаласының аумағында орналасқан 20-ға жуық мәдени ескерткіштерді пайдаланып, ол жақта туристерге мәдени мұра маршрутын ұйымдастыру, мәдениет, әсіресе, филармония саласының мамандарын шетелдерге, әсіресе, Еуропа елдеріне тәжірибелік оқытуға жіберу жағын қарастыру секілді ұсыныстарын жеткізді. Сонымен бірге, Астананың іргесіндегі Қосшы қаласындағы жаңа мәдениет үйі құрылысының жайы да сұралды.
– Мені Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының репертуары қатты толғандырады. Облыстық орыс драма театры қазіргі уақытта өте мықты даму үстінде, халықаралық театрларға еркін барады, қай репертуары болмасын өзекті тақырыптарды қозғайды. Ал, қазақ драма театрының репертуары баяулап қалды. Театр – сакральді өнер. Біз кейде өнерді мәдениетке ауыстырып, шатастырып аламыз. Біздің қазақ театрымыз «Тамаша» болып кетті немесе «Наурызды» тойлауға орталық алаңға шығарумен айналысып кеттік. Осыған басқарма назар аударуы қажет. Театрға қазір адамдар көп барады. Қоғамның санасы өзгеріп келеді. Сол үшін театр қоғамдық шараларға емес, өз репертуарына мән беруі тиіс. Театрдың көркемдік кеңесі мықты болуы тиіс. Кеңес құрамында филологтар ғана емес, пікірін ашық жеткізе алатын, білімді, театрдан, сыннан хабары бар азаматтар отыру керек. Кезінде осы қазақ театрының қаншама қойылымына қарсы болдым. Әкім айтты, министр айтты деген жалтақтықты қою керек. Белгілі даталарға байланысты мерекелік қойылымдар да керек шығар, театр ақша табуы үшін, ал халықты тәрбиелейтін драмаларды да ұмытпауымыз керек. Өткенде «Тартюф» қойылды, Қайрат Мырзаболатов шедевр жасап, алып шықты, – деп өзінің азаматтық ой-пікірін ашық жеткізді Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Нұртас Ахат. Сонымен бірге, ол музей жұмыстарын да қазіргі заманға сай ету керектігі, біздің музейлердің регламентін шетелдегі сияқты қай кезде барса да ашық болатындай етіп өзгерту қажеттігін айтты.
Осыдан біраз жыл бұрын облыс орталығында Өнер академиясын ашу жөнінде сөз болып, жобасы әзірленген еді. «Сал-серілердің алтын ордасы – Көкшетауда қайткен күнде де бір өнер академиясын ашу керек немесе Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде бір музыкалық факультет болуы қажет. Өйткені, Арқаның ән өнері мектебі кейін кетіп барады. Сол сияқты, Әбіш, Қадыр, Шерхан, Қалихан орталықтары, Абай елі бар. Көкше жерінде де осындай бір орталық, мәселен Сәкен орталығын ашу керек. Щучинск қаласында да қазақ театрын ашатын уақыт келді. Президент Бурабай үлкен брендке айналуы керек деген болатын. Сол брендтің бірі ретінде қазақ театры ашылса, нұр үстіне, нұр болар еді», – деді Нұртас Ахат тағы бір сөзінде.
Щучинскіде жастар театрын ашу мәселесі бұған дейін мәдениет басқармасында да қаралған болатын, алдағы уақытта оның жобасы әзірленбекші. Қосшыдағы мәдениет үйінің құрылысына қаржы бөлуді қарастыру мәселесі бойынша министрлікке хат жолданыпты, қалған ұсыныстар да басқарма басшысының қаперінде ұсталмақшы.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Н.БЕКТҰРҒАНОВ.
7 Total Views , 1 Views Today