Өз ана тілнің қадірі өзге тілдерден  артық болсын

Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып саналады. Қазақ тілі – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі. Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі.

Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі.

«Сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» деген болатын халқымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы. Кез келген халықтың жер бетінде қалуы – ұлттық тілінің сақталып қалуына байланысты.

Осыдан тура 35 жыл бұрын, яғни, 1989 жылы 22 қыркүйекте қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып, «Тіл туралы» заң қабылданды. Кейін егемендік алған соң 1995 жылғы Ата заңымыздың 7 бабына сай, «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» болып қайта айқындалды. Әрі қарай 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заң қабылданып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесі, республика аумағындағы тілдердің қолдануының құқықтық негіздері белгіленген болатын.

Дегенмен де, осы күні егемендік алғанымызға 33 жыл толса да, қазақ тілі кеңес заманынан қалыптасып қалған орыс тілінің көлеңкесінде дамып келе жатқаны ащы шындық. Жасыратыны жоқ, тіліміз өз елінде, өз жерінде тақа қажеттілікке айналмай, атына заты сай болмай, мәртебесі мемлекеттік болғанымен, қоғамның барлық саласында толыққанды қолданылмай келе жатқан  мемлекеттік тіл болып отырғаны ақиқат.

Қазақ тілі – дүниедегі ең шұрайлы, кестелі тілдің бірі деп жатамыз. Иә, қазақ тілі – өте бай тіл. Қазақ тілінде жазылған тамаша шығармалар қаншама, жанымызды жылытатын, жұбататын жырлар да баршылық. Қазақ халқының бойына сіңген ата-бабаларымыздың тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі ана тілінің құдіреті біздің тұлға болып қалыптасуымызға себепкер екендігі анық.  Кезінде кеңес өкіметінің солақай саясаты әсер еткен ғажап тіліміздің дәл қазіргі күні қоғамның барлық саласында осындай мәртебесі жоғары болуы қажет деп санаймын.

Өз сөзімді қорытындылай келе, ақын Қадыр Мырза Әлі айтқанындай, өзге тілдің бәрін білейік, бірақ, өз ана тілімізді құрметтейік дегім келеді. Қазіргі қоғамымыз басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Бірақ, қазақ тілін шын мәнісінде мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеру –  әр қазақтың ардақты борышы. Осыны бір сәт те естен шығармасақ екен.

Нұрлан ТОҚЫШЕВ,
Ақмола облысы бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сот әкімшісінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар