Елін қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы

7 мамыр – Отан қорғаушы күні

Отан алдындағы аса маңызды міндет – әскери қызметтік борышты атқару. Бұл ел мен жерді қорғайтын Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында жүрген әрбір сарбаздың қасиетті парызы. Біз Отан қорғаушы күніне орай, Ақмола облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Самат Туғанбаевты Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және ел басына күн туғанда бүгінгі жарқын болашақ үшін қан майданда от кешкен аталар мен әкелер рухына кейінгі ұрпақтың адалдығы жөнінде әңгімеге тарттық.

–Ең алдымен сөзімді кешегі Ұлы Отан соғысында шыбын жандарын аянбай, біздің осы бақытты өмірімізді сақтап қалған аға ұрпаққа терең тағзым сезімінен бастағалы отырмын. Ол ұлы ерлік болмаса, бүгінгідей мамыражай тірлік те болмас еді. Сол бір сұрапыл жылдары Отан қорғауға бүкіл елімізбен бірге біздің Ақмола облысынан да мыңдаған адам аттанып, қолына қару алып, зұлым жаумен аянбай шайқасты. Олардың ішінде асқан ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсеткен 47 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры жоғары атағына ие болды. Солардың қатарында даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов бұл жоғары атаққа екі мәрте ие болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың нағыз ержүрек ерлері қатарында академик ғалым Мәлік Ғабдуллин, Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов, Ақан Құрманов, Федор Глинин, Михаил Яглинский, тағы басқаларын атауға болады. Бүгінгі біздің Қарулы Күштеріміз осы атақты жерлестеріміздің ерлігі мен өнегесіне қарап бой түзейді.

1992 жылы 7 мамырда Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Қарулы Күштері құрылды. Бүгінгі таңда осы айтулы датаға байланысты 7 мамыр – Отан қорғаушы күні ретінде аталып өтіледі. Сөйтіп, бұл мерекелік зор мәнге ие маңызды оқиға біздің Қарулы Күштеріміздің әрі мызғымас күшін, әрі Ұлы Жеңістің бай тарихымен бірге өрілген айбынды қасиетін қатар сездіріп тұрады десек артық емес. Оның үстіне біздің бұл мерекеміздің неміс-фашист басқыншылары өз апанында тізе бүккен киелі күнмен қатар келуі де  үлкен мән мен маңызға ие. Ол сардарларымыз бен сарбаздарымызды өз Отанына қалтқысыз қызмет етуге, оның тұтастығы үшін жан аянбай күресуге үндеп тұрғандай, – деп бастады өз әңгімесін Самат Жанайұлы. –Ал, енді бүгінгі әскердің тыныс-тіршілігіне, Ақмола  облысынан міндетті әскери қызметке шақыртудың жай-жапсарына келсек, бұл бағытта атқарылып жатқан белгілі бір жұмыстардың барлығы  да тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігі жолындағы бұлжымас іс-шаралар болып табылады.

Департамент бастығының мәліметінше, сарбаздардың әскери қызметке сапалы әзірлігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдың 10 шілдесі мен 28 тамызы аралығында әскерге шақырылушыларды алдын ала оқыту жүргізілді. Былтыр облыс аумағында 1747 адам әскери қызметке шақыртуға жатқызылған. Есептік кезең ішінде 1899 әскерге шақыртылушылар оқытылыпты.

Олардың ішінен 861-і әскери қызметке іріктеліп алынды. Жалпы, өткен жылдың басынан күні бүгінге дейін облыстық шақырту комиссиясының 22 отырысы өтіп, онда әрбір әскерге шақыртылушы туралы соңғы шешім қабылданғанын атап өткен жөн. Барлық әскери командалар жиын пункттерінен бекітілген тәртіппен жөнелтілді. Жалпы осы кезеңде ғана 22 әскери команда еліміздің Қарулы Күштері мен басқа да әскери құрылымдарына аттанды. Тек биылғы жылдың өзінде ғана міндетті әскери қызметтің барлық талаптарына жауап беретін 559 әскерге шақыртылушы әскери борышын өтеуге жол тартты.

Елдің мызғымас қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының 12-бабы талаптарына сәйкес әскери оқытылған резервті тегін негізде оқыту үшін кандидаттарды іріктеу жүргізіледі. Қорғаныс министрінің «Әскери техникалық және басқа да мамандықтар бойынша әзірлік ережелері» жөніндегі 2017 жылдың 17 шілдесіндегі №350 бұйрығымен әскерге шақыртушылар, әскери міндеттілерді тегін және ақылы негізде оқуға жіберу, мамандандырылған ұйымдарда әскери техникалық және басқа да мамандықтарға оқыту мерзімдері бекітілген. Осыған орай, тегін негізде әскери мамандарды оқыту жыл сайын бекітілген тәртіпте жүзеге асырылып келеді.

Мәселен, әскери оқытылған резервті тегін негізде оқыту бағдарламасының жоспарына сәйкес, Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектебінің Щучинск филиалында өткен жылы 105 сарбаз оқытуға жатқызылса, соның 81-і өткен жылдың маусымында оқуларын ойдағыдай тәмамдады. Өткен жылдың қарашасында аталған әскери оқу орны филиалында 54 әскерге шақыртылушы оқытылып шықты. Әскери резервті оқыту кезінде орынбасарларынан бастап лауазымды тұлғалар сарбаздардың сабаққа қатысуын, орналасуын, тамақтануы мен уақытылы демалуын қадағалайтынын атап өткен жөн.

Мұнымен қоса, елімізде азаматтарды әскери техникалық мамандарды әзірлеудің тегін негіздегі бағдарламасы бойынша даярлаудың да толыққанды жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектептің Қарағанды филиалында 20 сарбаз «В,С1,С» санатындағы жүргізушілер тегін негіздегі оқыту жоспары бойынша оқытылады. Мұнда толық курстан өткен сарбаздар Қарағанды қаласының 31775 және гвардиялық 82796 әскери бөлімдеріне шұғыл әскери қызметке шақыртылған.

Әскери қызметте сонымен қатар, әскери оқу орындарының да маңызы аса зор екені түсінікті. Арнайы оқу орындарына азаматтық жастар қатарынан да үміткерлер іріктеліп алынатыны да аса маңызды. Мәселен, тек 2023-2024 оқу жылында Ақмола облысының әскери басқарудың жергілікті органдарымен тиісті бағдарламаны жүзеге асырушы жоғары әскери оқу орындарына оқуға түсу үшін көбірек үміткерлер тартуға бағытталған кәсіби-бағдарлама жұмыстарын өткізу барысында орта және орта арнаулы оқу орындарында оқып жатқан 16909 жас қамтылған.

Өткен жылы Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарына оқуға түсуге 150 адам іріктелгенін айта кеткен жөн. Оның ішінде Алматы қаласындағы құрлық әскерлері әскери институтына 54 адам қабылданса, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институтына 27, радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына 24, ал, өзіміздің Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге 45 адам қабылданған.

Әскери қызметке келісім-шарт негізінде іріктеп, еліміздің Қарулы Күштер қатарын қалыптастыру да аса жауапты қызметтердің бірі болып отыр. Өткен жылы өңірде келісім-шарт бойынша осыған 155 адам шақыртылды.

Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру да жоғарыдағы заңға сәйкес жүргізіледі. Өткен жылға офицерлерді әскерге шақыру жоспары 20 адамды құрап, толығымен орындалды. Биылғы жылға шұғыл әскери қызметке өңір азаматтарын шақырту да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Елдің ең басты құндылығы қауіпсіздігі мен тыныштығын қалт жібермей қамтамасыз ету әрі мүлтіксіз орындау әрбір сарбаздың қастерлі міндеті. Сондықтан, жастардың жауапкершілік жүгін сезініп, Отан алдындағы міндетін абыроймен атқару қажеттігін түсінгені жөн.

Осыны айта келіп, департамент бастығы өз сөзін бүгінгі Жеңістің осы 80 жылдығын көру бақытына ие болған еліміздегі  санаулы майдангерлерді, бүкіл Қарулы Күштер ардагерлерін, сардарлар мен сарбаздарды осы мерекемен және Отан қорғаушы күнімен құттықтай отырып түйіндеді. Біз мұны әскери ведомство жетекшісінің тағы бір өткенді құрметтеу, Ұлы Жеңіс жолындағы теңдессіз ерлікке бас июі деп түсіндік.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар